«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШАҢЫРАҚ” ШАЙҚАЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де студенттердің “Шаңырақ” атты театры барын біреу білсе, біреу біле бермес. Он жылдан астам тарихы бар театрдың былтыр жетекшісі ауысқан болатын. Өткен аптада жаңа режиссер Шолпан Айтибаеваның дебюты болды. Олар “115 бөлме немесе “Смайликтер” атты қойылымның премьерасын жасады.

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш театрға он жыл өмірі мен еңбегін арнаған Қажыбай Айтибаев өткен жылы Мамлют аудандық Мәдениет үйіне директор болып ауысқан болатын. Оның орнына зайыбы Шолпан Айтибаева келді. Осыдан кейін жұртшылықтың көкейінде 10 жыл бойы өзінің арнасынан ауытқымай, бір бағытта дамып келе жатқан студенттер театрының ендігі болашағы қалай болар екен деген сұрақ туындады.  

Театрдың тізгінін ала салысымен Шолпан Айтибаева әртістер құрамын жаңартты. Ылғи 1-курс студенттерін жинады. Оның бұл әрекеті театрдың тағдырына алаңдағандардың күдігіне күдік қосты. Алайда, жаңа жетекшінің дебюті сәтті болды. Қойылым көрермен көңілінен шықты.

 

Енді аздап қойылымға тоқталып өтсек, сценарийінің авторы – Шолпан Айтибаева. Ә дегеннен-ақ жаңа жетекші өзін жан-жақты қырынан таныта білді. “115 бөлме немесе “Смайликтер” деген атауынан-ақ қойылым жатақханада тұратын студенттер туралы екенін аңғарылып тұр. Үлкен өмірге қадам басып, білім қуып келген ауыл балаларының достығы, бірлігі насихатталады. Жатақханадағы өмірді көрсетеді. Қала балаларының түнгі клубта тайраңдап, орысша сөйлейтіндіктерін сынға алады. Жастық жалын, ұшқыр қиял, үзілмес ұмтылыстарға толы адам басында кездесетін ең керемет кезеңнің бірі – студенттік кез. Осы сәтті босқа өткізбеуге, уақытты тиімді пайдалануға үгіттейді.

Режиссердің тағы бір ұтқан жері – студенттердің сахнада да өздерін ойнатуы. Яғни, қойылымды таңдауда қателеспеді. Болашақ журналистер, филологтар мен музыканттар өз рөлдерін жақсы ойнап шықты. Премьераны тамашалауға келген С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері Мақсат Ақжолов, Асылхан Рәзиев сияқты майталмандар да осындай шешімге келіп, студенттерді сахнадағы ойыны туралы өз пікірлерін айтты. Болашақтарына ақ жол тіледі.

Тынымсыз дайындықтың арқасында премьераны сәтті өткізген студент-әртістердің қуанышында шек жоқ. Ал Шолпан Жолдыбайқызы болса, өнерсүйер қауымға бекер “Мәдениет қайраткері” атанып жүрмегінін тағы бір дәлелдеп берді.

Суретті түсірген автор.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp