Облыс орталығында “СҚО белсенді жастары” ЖҚБ-ы “Сорос-Қазақстан” қорының қолдауымен “Жастардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы” тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Шараға өңірімізден 15 жас қатысты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мемлекеттік деңгейде шешім қабылдау үдерістеріне өңір жастарын қатыстыру тетіктерін қарастырып, жастарды жан-жақты дамытуға қолдау көрсетуді мақсат еткен семинар-тренингті ұйымдастырған “СҚО белсенді жастары” ЖҚБ төрағасы Сергей Беловтың пікірінше, бүгінгі жастардың басым бөлігі жауапты шешімді қабылдау үдерісіне жеткілікті түрде қатыспайды екен. Сондықтан шара барысында өңірлік жастар ұйымдарының 15 мүшесі мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауға, жастар саясатына байланысты бекітілген бюджеттік бағдарламаларға түзетулер енгізе білуге үйретілді.
Шара барысында өздерінің кәсіби деңгейін кеңейтуге мүмкіндік алған жастар кейін мемлекеттік органдар жанында жұмыс топтары мен комиссияларын құрып, ел жастарына арналған бағдарламаларды алға бастыру және бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау жұмысына қатысатын болады.