«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУЫРШАҚТАР ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қуыршақ театрында мемлекеттік тілдегі қойылым көрермендерге жол тартты.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл – 23 жылдық тарихы бар театр қабырғасында қазақ тілінде сахналанған екінші қойылым. Алғашқы қойылым 2006 жылы С. Мақұлбековтың “Қаңбақ шал” пьесасы бойынша сахналанды. Араға жеті жыл салып, қызылжарлықтарға ана тілімізде Шыңғыс Айтматовтың “Ақ кеме” повесіне негізделген “Армысың, ақ кеме, бұл мен ғой!” ертегі-тәмсілі ұсынылды.  

Шымылдық ашылғанда сахнаға қуыршақ театрының актері Сапар Мәпенов шығып, қойылымның кіріспесін: “Оның екі ертегісі бар еді. Біреуі – өзінен басқа тірі жанға белгісіз – сәби қиялынан туған, екіншісін атасы айтып берген. Кейін екеуі де ғайып болды…” деп бастап кетті.

 

Кенеттен сахна сыртынан көліктің гүрілдеген дауысы естілді. Бала “Дүкен-машина келді!!!” деп айғай салды. Қойылымның суретшісі Кира Петрова (Ресей, Санк-Петербург қ.) декорацияларды талғампаздықпен жасағандығын айта кеткен жөн. Ыстықкөл жағасы, аспанмен таласқан асқар таулар көз алдыңа бірден елестейді. Актер Сапар Мәпеновтың қолындағы Бала-қуыршақ дүкен-машинаның даусымен бірге көңілденді. Дүкен десе қуанбайтын бала жоқ шығар, сірә. Қойылымдағы Баланың да дауысы кәдімгі баланікіндей қуаныштан жарқын шықты. Жансыз қуыршақ бір мезетте шынайы баладай күліп, қуанып, секіріп, жан досы – дүрбіге қарай жүгіре жөнеледі.

Повестегі Баланың жан дүниесі тау суындай мөлдір, ақжарқын, жат қылықты бойына жолатпайтынын қоюшы-режиссер тапжылмай суреттей алған. Ата-анасының махаббатын сезінбеген Бала жансыз дүниеден де жылулықты іздейді. Оның достары – дүрбі мен атасы әперген портфелі. Бала олармен адамша сөйлесіп, ойнап, ішкі сырларын бөліседі.

Бала “сенімді достарын” қолына алып, Ыстықкөл жағасындағы ақ кемені көруге барады. Ақ кемемен жолығуды қалаған Бала балыққа айналғысы келеді. Осы кезде тау-жоталы декорацияны суасты әлемі алмастырады. Бала-балық суда жүзіп келе жатып, ақ кемедегі әкесімен кездескендей болып, онымен қиялындағыдай әңгімелеседі. “Армысың, ақ кеме, саған ылғи да дүрбімен қарайтын бала мен ғой”, “Сәлеметсің бе, әке! Мен сенің балаңмын. Мен саған жүзіп келдім. Мені ақ кемеңе алшы, мен сонда кәдімгі балаң болып шыға келемін” деген Баланың сөздері кім-кімнің болсын көңілін қозғайды. Балаға деген іштей аяныш сезімі пайда болады. Көзіңнен ыршып шыққан жас театр есігінің сыртында қалған мәселелеріңе басқа көзқараспен қарауға ұмтылдырады. Сол кезде Баланың балыққа айналуы тек әкесін ғана іздеуден туған әрекет емес, періште – Баланың сәби жүрегін жаралап, ауыр қайғы, азапқа түсірген өмірдегі талай жағдай итермелегенін көресің. Біріншіден, сәби – Баланы әкесі де, шешесі де тастап кеткен. Ал ата-ана мейіріміне шомылып, құшағында өспеген, туа сала өксік жұтып, түрткіге ұшыраған бөбек жағдайын көз алдымызға елестетейікші. Осы елесті қойылым режиссері Болат Әбдірахманов кенеп бетіне майлы бояумен салған кескіндемешідей ішкі сезімнің реңкті бояуларымен бере білді.

Қойылымды ішінара үш оқиғаға бөліп қарастыруға болады. Бірі – қойылымның “Портфель” экспозициясы, екіншісі – Баланың ішкі жан дүниесі суреттелетін “Ақ кеме”, ал үшіншісі “Мүйізді Бұғы – ана” оқиғасы. Қоюшы-режиссер қырғыз халқының пайда болу тарихын баяндайтын белгілі аңызды қойылымда Баланың қиялынан туған суреттер арқылы ұтымды суреттеген. Ол үшін бейнероликтің көмегін пайдаланған. Бейнероликке суреттерді салған С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының қоюшы-суретшісі Ғалия Қожахметова аңызды бала қиялындағыдай етіп шынайы бейнелеген. Қойылымдағы бұл көріністі ұйқыға кеткен баланың түсіндей етіп жасаған қоюшы-режиссер аңыз арқылы жалпыадамзаттық мәселелерге көңіл бөлген. Осы көріністен кейін балаларға арналған ертегі ересектерге арналған ертегі-тәмсілге айналып кетеді.

Қойылымға арнайы музыка жазған облыстық филармонияның музыканты, “Қызылжар” халық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі Виталий Смотровтың еңбегін атап өтпеске болмас. Кейіпкерлердің ішкі толғанысын, қойылымның иірімдерін Виталий Смотров таба білген.

Қойылым облыстық қуыршақ театрында 15 жыл бойы аянбай тер төккен Сапар Мәпеновтың бенефисіне арналған болатын. Пьесадағы әңгімелеуші, Бала, Момын атай, Кемпір, Оразқұл, Хан, Ақсақ Шұбар кемпір, Матрос әке кейіпкерлерін сомдаған дәл осы актер. Мемлекеттік тілде қойылымды тамашалау көрерменді ерекше әсерге бөлейтіндігін атап өтпеугеболмайды .

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp