Айнұр ЕҢСЕГЕНОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасының консультант-инспекторы.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары еліміздің егемендігі мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтатын ауқымды өзгерістер жүргізілді. Айтарлықтай экономикалық ресурс жинақталып, қолайлы іскер және инвестициялық ахуал қалыптасты. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметті реформалауды серпінді жаңғырту үшін барлық жағдай жасалған.
Елімізде басталған әкімшілік реформаның табыстылығы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілік деңгейіне байланысты болмақ.
Тәртіптік кеңестің отырыстарында көпшілік жағдайда лауазымды тұлғалардың пайдакүнемдік ниеттен емес, заңдарды, нормативтік құжаттарды білместігі тәртіптік жауапкершілікке себеп болып жатады. Мемлекеттік қызметшілердің білімсіздігі іске зиян келтіріп қана қоймайды, сонымен қатар қазақстандықтардың алдында биліктің беделін түсіреді.
Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігі әлі де болса жақсартуды қажет ететінін атап көрсету керек. Басқарма мамандарының 2013 жылдың басынан бергі жүргізген тексерулері барысында мемлекеттік қызмет саласында 84 құқық бұзушылық анықталды. Осы тексерулердің нәтижелері бойынша құқық бұзушылыққа кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында кадрлардың біліктіліктерін үнемі арттыру және жетілдіру қажеттігін ерекше атап көрсетеді. Қазіргі уақытта Президент жанында Мемлекеттік басқару академиясы жұмыс істейді, оның жанынан Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі құрылған. Мұндай мектеп болашақ көшбасшыларды даярлау және іріктеу жүйесінде маңызды буын болуға, сонымен қатар кәсіби мемлекеттік қызметтің беткеұстар жаңа ұрпағын даярлауда және дамытуда шешуші рөл атқаруға тиіс.
Білім мен тәжірибе жинақтаған кадрлар ғана Елбасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған міндеттерін орындауға қабілетті болып табылатын алдыңғы топқа шығады.
Қазақстан студенттерін шетелдерде оқыту бойынша ұзақмерзімдік мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға және “Болашақ” бағдарламасының дәлелденген табысы негізінде елімізге шетелдердің үздік мамандарын тартуға баса назар аудару қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебіне мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқуға жіберген мемлекеттік орган сол мемлекеттік қызметші оқуды аяқтаған күннен бастап үш ай уақыт өткенге дейін мемлекеттік органдағы бос тұрған мемлекеттік жоғары лауазымға оны тағайындау жөнінде шара қолданады.