Өткен жексенбіде Петропавлда “Домбыра Party” өтті. Домбыраның қоңыр үнін сағынып, қазақ әндеріне шөлдегендер С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың алдындағы саябақта түскі төрт кезінде жиналды.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шартты түрде “Домбыра Party” деп аталатын қозғалыс былтыр Астана қаласында басталған болатын. Кейін ол Интернет арқылы танымалдылыққа ие болып, басқа қалалар да өткізе бастады. Тіпті, Facebook.com әлеуметтік желісінде өзінің жеке парақшасы ашылды.
Бұл шараның ұйымдастырушылары жоқ. Тек бір-екі домбырапатишы күнін, уақытын және өтетін жерін өзара келіседі де, әлеуметтік желілер арқылы осы ақпаратты таратып жібереді. Оны естіген адамдар болса домбыра тартып, болмаса басқалардың орындауында күй тыңдап, жұртпен бірге ән шырқап қайту үшін өз қалауымен келеді. Флеш-моб стиліндегі аталмыш жиынның ең басты мақсаты – ұлттық аспаптарды (бұл жерде тек домбыра ғана емес, басқа да ұлттық аспаптарды әкелуге болады) насихаттау.
Биыл ең алғаш болып “Домбыра Party” өскемендіктер өткізді. Іле Шымкент, Алматы, Түркістан жалғастырды. Енді, міне, бұл игі бастама Мағжан еліне де жетті.
Патиге жиналғандардың қатары қалың болды. Өнер колледжі мен СҚМУ-дің саз факультетінің студенттері күйден бастап, халық әндері, термелер, тіпті, қазіргі эстрадалық әндерді де домбыраның сүйемелдеуімен кезек-кезек шырқады. Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында 23 сәуірде өтетін қазақша КВН ойындарына қатысу үшін Айыртаудан арнайы келіп отырған өнерпаздардан да “қонақкәде” сұралды.
Домбыраның қоңыр үні көктегі бұлтты сейілтіп жібергендей күн кенеттен жайнап сала берді. “Құлақтан кіріп, бойды алатын” әсем ән мен күмбірлеген күйдің арқасында Қызылжар жастарының да рухы бір көтеріліп қалғандай болды.
Ешкімге міндет артпайтын, домбырапатишілердің негізгі ұстанымда-рының бірі – домбыра тартатындар барын көрсету және жұрттың ұлттық аспапты үйренуге деген қызығу-шылығын ояту. Бұл мақсаттың қаншалықты орын-далғанын кейін көретін боламыз. Ал ендігі “Домбыра Party” алдағы жексенбі күні дәл сол жерде, дәл сол уақытта өтеді деп жоспарланып отыр.
Суретті түсірген автор.