«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІН және ЖАСТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайрат Лама ШАРИФ,

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы.

Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті.  

Діни бірлестіктерді қайта тіркеудің нәтижесінде өткен жылы еліміздегі конфессиялардың нақты саны белгіленді. Сонымен қайта тіркеу қорытындысы бойынша республикамызда қазіргі кезде 17 конфессия өкілдерінен құралған 3088 діни бірлестік жұмыс істейді, олар қолданыстағы заңның талаптарына сәйкес құқықтық рәсімделуден өтті. 3088 діни бірлестіктің басым көпшілігін мұсылмандық бірлестіктер (2229) құрайды, бұл – халқымыздың тарихи дамуымен байланысты заңды құбылыс. Республикамызда 3226 ғибадат үйі жұмыс істейді, олардың 70%-ы (2269) – мешіттер.

 

Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұсылмандар, христиандар және басқа діни сенім өкілдері біздің көп-конфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатыр. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Жалпы, дін қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және сөзсіз жағымды факторына айнала бастады.

Дей тұрғанмен, дінмен байланыстының бәрі бірдей оң сипатқа ие бола бермейді. Сондықтан біз діннің жағымды жақтарын айтып қана қоймай, әрбір жағдай мен үдеріске әділ көзбен, шыншылдықпен қарап, тиісті бағасын беруіміз керек.

Өкінішке қарай, дін рөлінің арта түсуі барысында халықтың діни өмірінің кейбір келеңсіз көріністері ашыла бастағанын айта кеткім келеді. Аталмыш мәселені зерделеу көрсетіп отырғандай, елімізде қалыптасқан қағидаларға мойынсынбайтын азаматтар да жоқ емес; кейбір дінге сенушілердің қоғам алдындағы конституциялық, азаматтық борышын атқарудан бас тарту оқиғалары көрініс алуда.

Бәрімізге белгілі, Конституцияға сәйкес азаматтар тарихи және мәдени мұралардың сақталуына, балаларға қамқорлық жасауға міндетті. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi болып табылады. Бұл ретте кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар да еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi. Біздің елімізде орта білім алу міндетті болып саналады. Азаматтардың денсаулығы тек медициналық мекемелер арқылы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың өз тарапынан қамтамасыз етілуі қажет. Қазақстан Республикасын қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті болып табылады.

Бүгінде жекелеген діни конфессиялардың кейбір өкілдері ойдан шығарылған діни шектеулердің салдарынан қоғамдық тұрмыстың осы бір маңызды компоненттерін жиі елемей жүргендіктен, осы аспектіге жіті назар аудару маңызды болып отыр.

Жекелеген субъектілердің дінді саясиландыруға талпынып жүргені де жасырын емес. Бұған Конституция және елдегі заңнама арқылы тыйым салынғанын ерекше атап өтеміз. Елімізге айқын немесе жасырын теріс пиғылды ниеті бар жат діни идеологияның енгені байқалуда. Осының салдарынан дінге сенуші тұрғындардың кейбір бөлігінің қоғамдық қатынастардың қалыптасқан жүйесін қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып, өктемдік пен радикализмнің шектен шыққан түріне бой алдыруы аса қауіпті болып отыр.

Діни экстремизм мен терроризм радикализмнің кең тараған түрлері болып табылады. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары атап көрсетіп отырғандай, мұндай қылмыс түрлері де елімізде етек алуда. Осы жағдайлар көрсетіп отырғандай, түрлі қағидалармен және нұсқаулармен қоса берілген діни идея, басқаша айтқанда, “Дініңді ұстай алсаң – қасиетіңе, ұстай алмасаң – қасіретіңе” айналдыратын емшінің өткір пышағы іспеттес.

Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды.

Бүгінде Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың үлес салмағы халықтың жалпы санының 27,8%-ын, яғни 4,5 миллионнан астам адамды құрайды. Олардың 700 мыңнан астамы – студенттер. Бұл ретте ауылдық жерлердегі 46%-ды құрайтын жастарға қарағанда 56%-ды құрайтын қала жастарының саны көптеу.

Кейбір деректерге сүйенсек, дүниежүзі бойынша жастар халықтың шамамен 18%-ын құрайды, соның ішінде ғаламшардағы жастардың 85%-ы дамушы елдерде тұрады екен. БҰҰ берген деректер бойынша келесі ғасырдың аяғына қарай 30 жасқа дейінгі жастар жер шары тұрғындарының жартысын не одан көбін құрайтын болады деген болжам бар.

Әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан есею шағында жастар көбіне біз үшін жат ықпалды күштердің алдында әлсіздік танытады. Әсіресе жастар діни экстремизм мен терроризм субъектілері тарапынан жасалған идеологиялық шабуылдардың алдында қорғансыз болып келеді.

Жастар әділдік пен жақсылық үшін күресте барлық іс-әрекетке, соның ішінде шектен шығушылыққа да бой ұрады. Мәселен, “Хизбут-Тахрир”, “Орталық Азиядағы моджахедтер жамағаты”, “Жунд әл-Халифат”, “Таблиғи жамағат” сынды экстремистік және террористік ұйымдардың, негізінен, ылғи жастардан құралғаны алаңдатады.

“Жунд әл-Халифат” ұйымы тарапынан жасалып жатқан қауіп-қатерлердің алдын алып, радикализмнің әртүрлі көріністеріне ымырасыз жол бермеуге бағытталған біз таңдаған жолдың дұрыстығын әрі уақтылы болғанын айта кеткен жөн.

“Таблиғи жамағатқа” қатысты айтар болсақ, бұл пәкістандық миссионерлік қозғалыстың еліміздің тәуелсіздік жылдарында жекелеген отандастарымызды өз қатарына қосқанын айта кету керек. Аталған ұйым идеологтары түрлі айлашарғыны қолдана отырып, адамдарды өз қатарына шақырады және өз ұстанушыларына діни дүниетаным шеңберінен тыс өмірге назар аударуға мүмкіндік бермейді. Олардың қағидаларында исламды ұстанғаны үшін азаматтардың артықшылықтары насихатталады, сондай-ақ “Таблиғи жамағат” ұстанушыларына одан да ықпалдырақ радикалдық топтарға өтуіне жағдайлар жасайды. Жастардың үлкен топтары салафи ағымының басты көзқарастарына негізделген түрлі радикалдық такфиршіл, жихадшыл жамағаттар қатарынан көрініп отыр.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі”, деп ұлағатты сөз айтты. Бұл жағдаят адам, қоғам, мемлекет дамуының маңызды қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан, мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды.

Бұған қоса, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысы бар азаматтық қоғам институттарының барлығы біздің болашағымыз алдындағы жауапкершілігін түсінуі қажет. Бірінші кезекте бұл, әрине, ата-аналар мен жақын туыстарға қатысты, өйткені, тәрбиелеу ісі адамның дүниеге келген сәтінен бастау алатыны айтпаса да түсінікті.

Дүниетаным негізі, адамның ақиқатқа деген көзқарасы балалық, жасөспірім және жастық шағында қалыптасады. Қазақ жастары үшін аға буын өкілдері – аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың ғибратты сөздері, мінез-құлқы мен даналығы тәрбиелік жағынан үлкен әсер еткен. Сондықтан отбасылық тәрбие институттарын барынша қолдау қажет. Әрине, жалпы білім беретін, орта арнайы және жоғары оқу орындарындағы, жалпы білім саласындағы тәрбие үдерісі өте маңызды болып табылады.

Имамдар, дін қызметкерлері және жалпы дін саласындағы беделді азаматтар жастарды рухани-адамгершіліктік тұрғыдан тәрбиелеуде елеулі рөл атқарады. Алайда, қазіргі уақытта діни білім беру жүйесі бүгінгі күннің талаптарына және жастардың рухани сұраныстарына толық сәйкес келеді деп айта алмаймыз. Кейбір имамдардың ой-пікірлерінің тайыздығын, жастарға үлгі болатын мінез-құлықтарының жоқтығын көріп қынжыламыз. Зәру сұрақтарға жауапты діннен іздеген жастар оларды мешіттерден, дін қызметкерлерінен әрдайым таба бермейді. Кейде жастардың мешітке кіргенде діни қауымның кейбір өкілдерінің пайдакүнем, тәкаппар мінездерін көретіні жасырын емес. Сондай сәттерде, әрине, жастар діни экстремизм идеологтарының қолына оңай түсуі мүмкін, мұндай жағдайлар бұған дейін де орын алған.

Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастарды биік өнегелік мұраттар рухында тәрбиелей отырып, жоғары құндылықтарға сәйкес болуы қажет екеніне назар аударамыз. Бұл үшін оған әрдайым өзін-өзі жетілдіру қажет. Бұл бағытта біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірігіп, имамдардың біліктілігін арттырудың және жалпы мұсылман қауымның діни қызметін жетілдірудің ықтимал тиімді жолдарын талқылап, пысықтаудамыз.

Жастарымыздың шет мемлекеттерге теологиялық білім алу үшін шығу үдерісіне мемлекет пен ҚМДБ біртіндеп бақылау жүргізуде. Кейбір мұсылман елдеріндегі діни оқу орындарын тамамдаған отандастарымыз елге оралған соң исламдағы ханбалит мазһабы іліміне негізделген мәдениетті уағыздауда, бұл жағдай біздің дәстүрлі рухани құндылықтарымызға сәйкес келмейді.

Бұл өз кезегінде дінге сенушілер арасындағы алауыздыққа әкеп соқтырады, өйткені қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған діни дәстүрлеріне қайшы келеді, соның салдарынан қоғамдық және діни қауіпсіздікке айтарлықтай зиянын тигізеді. Арабтардың салт-дәстүрлерін дәріптейтіндер қазақ әйелдерінің хиджаб киюі міндетті екендігін даурығып дәлелдеуге тырысуда. Ат төбеліндей дүмшелер дүниеден өткен марқұмдарға Құран бағыштау салтын теріске шығарып, құлпытастарды қиратушыларды ақтап алуға тырысуда. Сондай-ақ олар адасып жүрген бауырларымыздың тарапынан жасалып жатқан мән-мағынасыз лаңкестік әрекеттерді де ақтап алмақшы.

Сондықтан біз өз елімізде діни білім беру жүйесін дамытуға тиіспіз. Қазір елімізде Алматы қаласындағы “Нұр” Қазақ-Египет ислам университеті, ҚМДБ-ның Имамдардың білімін жетілдіру институты және 9 медресе мұсылмандық білім беруде. Діни оқу орындары сауатты, жан-жақты дамыған имамдар корпусын қалыптастыру бағытындағы қоғам талаптарын қанағаттандыруы және қазіргі заманға сай болуы керек. Олар жасөспірімдер мен жастардың түсінуіне жеңіл, қабылдауына қолайлы “зияткерлік ислам” ретіндегі исламның жаңа имиджін құруға атсалысатын, өз бойына ғылыми және дінтанулық білім жинақтау арқылы тартымдылығы арта түскен тұлғалар болуға тиіс. Әсіресе, бұл жерлестерімізді ортағасырлық қараңғылыққа және фундаментализмге тартуға талпынған радикалдық күштер белсенділігі сақталып отырған қазіргі кезең үшін көкейкесті болып отыр.

Бұл орайда қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен бір мезгілде ақпараттық-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу, әртүрлі діндер өкілдері арасында сұхбат орнату қажет. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін біз қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлерін, қазіргі жастардың еліктеуіне лайықты қаһарман тұлғаларды белсендірек насихаттауға тиіспіз.

Жастарымыздың басым бөлігінің дұрыс тәрбие алғаны және алып жатқандығы белгілі; олар – отансүйгіш патриот, рухани және психологиялық тұрғыдан мықты және салауатты жандар. Елімізде жастардың ізденгіш, арманшыл болмысын өмір шындығымен ұштастыру және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Біздің жастар – алғыр, барлық заманауи технологиялық құралдарды меңгеруде, кез келген басқа елдің жастарымен зияткерлік деңгейі жағынан терезелері тең. Біздің жастарымызға биік рухани-өнегелік қасиеттер тән.

Өмір сабақтары көрсеткендей, бүгінде рухани тұлға болу тұрақты түрде машықтануды талап етеді. Жаппай технологиялану және ғаламторға жылдам қосылу мүмкіндігі жасалған ғасырда, кең ақпараттық мүмкіндіктер жағдайында жастарға кейде діни немесе басқа қажетті идеяны дұрыс таңдау қиынға соғады. Сондықтан теориялық ережелерден, жалықтырып жіберетін философиялық немесе ортағасырлыққа тартатын керітартпа ұғымдардан гөрі жастар айтулы тұлғалардың нақты тәжірибесінен сабақ ала отырып, имандылықтың шынайы мәнін танып-түсінуі қажет.

Сонымен қатар, жастардың санасына діни қайраткерлерден басқа адамдар да рухани бай бола алатынын сіңіру керек. Елімізде үлгі-өнеге алуға лайықты қаншама иманжүзді ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар, өнер қайраткерлері, әскери қызметкерлер, саясаткерлер бар. Оларды құрметтей және оларға еліктей отырып, жастарымыз көптеген өмірлік сауалдарына жауап тапқан болар еді.

Діни ұрандарды жамылып, қолынан кінәсіз жандардың қаны тамған лаңкестер шын мәнінде қаһарман емес. Бетперденің және “мужахид” имиджінің артында адамдарға билік жасауды көксеген, баюдың ең арсыз мүдделерін көздеген, махаббат пен имандылықтан жұрдай жүрексіз, кейде, тіпті, психикасы бұзылған субъект жасырынып тұрады.

Кез келген дін, соның ішінде ислам да адамның білім алуына шектеу қоймайды. Қазіргі заманда сауаты бар адам ешқашан көш соңында қалып қоймайды. Сондықтан жастар Алла тағала берген жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс.

Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал. Біздің қазақи көшпенді мәдениетіміз басқа мәдениеттерден көп қырлылығымен және біртұтастығымен ерекшеленеді. Бұл дегеніміз, біздің ата-бабаларымыздың дін мәселелерінде аққараны айыра білсе де, дінді арнайы салаға немесе өмірдің міндетті бөлігіне айналдырмағанын аңғартады.

Ислам діні ешқашан басқа сенімдерге немесе қоғамның құндылықтары мен дәстүрлеріне қарсы шыққан емес. Қазақтар дінді сыртқы атрибутика ережелері мен шартты жоралар жиынтығы ретінде емес, этникалық мәдениет пен халықтың философиясымен табиғи байланысы бар әмбебап діни ілім ретінде қабылдады.

Мұның бәрі біздің бабаларымыз ұстанған және қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде насихаттайтын исламдағы ханафи мазһабы ілімінің арқасында мүмкін болып отыр.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздегі жастарды діни ұстазды таңдауда барынша сақ болуға шақырар едім. Жалған уағызшылардың шақыруын ойланбай қабылдап, жетегінде кетпей, әрбір іс-әрекеттеріңіз бен қадамдарыңызды ақылға салып, оларды қоғамда белгіленген жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалары тұрғысынан пайымдауға тырысқандарыңыз жөн.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек”, – деп атап көрсетті. Сонымен қатар Ұлт көшбасшысы өз Жолдауында: “…біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс”, – деп ерекше айтып өтті.

Біз тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ еліне айтқан осы дана сөзін әрбір өскелең жас ұрпаққа аманат етіп жеткізуіміз керек. Өйткені, жалпыұлттық ойлаудың басты парадигмасына және Қазақстанның тиімді мемлекеттік дамуының ұйымдастырушы күшіне айналған бұл алғышарттар еліміздің, еңбексүйгіш Қазақстан халқының болашағы жарқын болатынына сенім ұялатады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp