Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында қайырымдылық концерт өтті.
“Улыбка” балалар қайырымдылық қорының бастамасымен наурыздың 22-сінде басталған “Жомарт көктем” жобасы аясында “Түрлі түсті өмір” атты балалар суретінің байқауы жарияланған болатын. Байқау балалар шығармашылығын дамыту әрі қоғамды балалар мәселелеріне көңіл аударту мақсатында ұйымдастырылды. Сайыстың қорытындысы бойынша бір емес, бірнеше жеңімпаз марапатталды. Аталымдар бойынша 1-ші, 2-ші, 3-ші орын алғандар – Яна Соболевская, Диана Жалбакова, Ульяна Терлецкая, Иван Ермаков, Валерия Мыскина, Дарья Путикова, Андрей Яковлев, София Ильина, Марина Пауль және тағы басқалары. Оларға “Нептун” аквапарк ойын-сауық кешеніне, боулинг пен бильярдқа, 7D киноға тегін билет пен балаларға арналған косметика сыйға тартылды.
Аталмыш қайырымдылық қоры “Аялы алақан” акциясын да ұйымдастырды. Бұл акцияның аясында сәуір бойы “Корона” сауда үйі мен Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында аз қамтылған отбасыларға арнап киім-кешек пен ойыншықтар жиналды. Жиналған заттар қайырымдылық концертте мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған отбасыларға табысталды. Қайырымдылық қоры науқас бүлдіршіндерді де сырт айналып өтпеді. Осы мақсатта концерт бойы қаражат жиналды. Іс-шара соңында күрделі отаға зәру 5 жасар Марат Сыздықовқа ақшалай көмек көрсетілді. Концертте облыс орталығының бүлдіршін әншілері мен бишілері өнер көрсетті.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.