Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Құс шаруашылығы – ел экономикасын өркендетуге, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отырған сала. Бұл агроқұрылымның өнімдеріне деген сұраныс жылдан-жылға арта түсуде. Егер медициналық сараптамаларға жүгінсек, адам ағзасы жылына 72 кило етті қажет етеді екен, оның 14 килосы – құс еті. Ендеше республикамыздың 17 миллионға жуық халқына жыл сайын 160 мың тонна құс еті мен 2,8 млрд. дана жұмыртқа өндірілуі тиіс. Бұл сұранысты орындау үшін еліміздің аймақтарында құстардың санын көбейту, құс еттері өнімділігін арттыру, сондай-ақ құстарды құнарлы жемазықпен қамтамасыз ету мәселелері туындайды.
Біздің өңірде құс шаруашылығының тізгінін ұстаған санаулы кәсіпорындар болса, солардың бірі – “Петропавл бройлер фабрикасы” ЖШС-і. Тауықтарды еті үшін өсіріп, нарықта өзінің беделін қалыптастырған серіктестіктің өндіріс алаңына барып, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан едік.
Бүгінде өңірдің іргелі кәсіпорны болып саналатын аталмыш серіктестіктің іргетасының қаланғанына биыл бесінші жыл. Экономикалық құлдырау жылдарында қаңырап қалған шаруашылықтардың қораларын күрделі жөндеуден өткізіп, ішін шетелдік құрал-жабдықтармен жаңғыртқан кәсіпорын үшін алғашқы жылдар қалыптасу кезеңі саналады. Осы мезгілде қаншама қиындықтарды еңсерген серіктестік былтырғы жылдан бастап қана еңсесін тіктей бастаған.
– Алғашқы жыл өте ауыр болды. Құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтарды сатып алу үшін алған қомақты несиенің өтемінің өзі біраз ауыртпалық тудырды. Бастапқыда балапандарды қайдан сатып аларымызды да білмей сандалдық. Бүгін бір инкубатормен жұмыс істесек, ертең басқасына қарай жол тартушы едік. Ал өзімізде жұмыртқа бастырумен айналысу тиімсізтін. Сондай-ақ нарық бәсекелестігінде тұтынушыларды қалыптастырудың өзі оңай шаруа емес. Бірақ тауардың сапасы мен бағасы тұтынушының көңілінен шықса, өндірістің болашағы жақсы жағына қарай айқындала берері анық. Серіктестік үшін өткен төрт жыл қалыптасу кезеңі болды да, бүгінде біз дамудың тура жолына түскен шаруашылықпыз деп айта аламын, – дейді “Петропавл бройлер фабрикасы” ЖШС-нің директоры Рамазан Малғаждаров.
Фабриканың бүгінгі ахуалын баяндап өткен басшының айтуынша, құс шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың маңызы зор. Былтырғы жыл кәсіпорын үшін табысты аяқталған: олар 2011 жылы 1078957 кило тауық еті өнімдерін өндірсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 1508173 килоға жеткен. Сөйтіп, оның нарықтағы тауар айналымы 30 тоннаға артқан. Серіктестік осыдан төрт жыл бұрын бұл межеге жетуді алдарына мақсат етіп қойған болатын. Ендеше алғашқы асу алынды. Ал биылғы жоспар 1600 тонна құс еті өнімдерін сату болып отыр.
Фабрикада тауардың сапасын арттыру үшін жоспарланған жұмыс жалғасын табуда. Ол үшін өндіріске заманауи тоңазытқыштар сатып алынып, сою цехының ішінде жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Кәсіпорын осыдан екі ай бұрын жаңа азық дайындау цехын іске қосты. Құстарға арнайы жасалатын жемазықтың құрамына 17 рацион енгізіледі. Жемазық құрамындағы соя, жүгері, арпа, тұз, бұршақ тұқымдастар, бидай, май сияқты жоғары сортты өнімдер пайдаланылады. Соның арқасында тауықтар өсімтал болып, ал олардың еті дәмді бола түседі. Экологиялық таза, сіңімді азықпен қоректенетін тауық еттерінің адам ағзасы үшін пайдасы мол екендігі де сөзсіз.
– Мал шаруашылығының ішінде құс өсіру өте қиын. Егер күнделікті жұмысыңда бір қателік жіберсең, кейін үлкен өкініште қалуың мүмкін. Сондықтан біздің жұмыстағы басты талап – мамандардың біліктілігі. Сондай-ақ бұл салаға қажетті кадрларды даярлайтын арнайы оқу орындары жоқтың қасы. Ендеше еңбеккерлердің біліктілігін өзіміз жетілдіріп аламыз. Бүгінде әбден қалыптасқан ұжымның арқасында шаруашылық қиындыққа мойымай, еңсесін тіктеді, – дейді басшы.
Ұжымның құрамы жылдан-жылға жасарып келеді. Бұрынғы агроном әрі мал дәрігері Рамазан Қайдарұлы серіктестіктегі технологті, мал дәрігерін, бригадирді, құсшылардың барлығын өзі үйретіп алған. Сондай-ақ басшы техниканы жақсы меңгерген жастар компьютерден өздеріне керекті ақпаратты оқып-біліп, оны өндіріске енгізіп жататынын, жастар өндіріс орнының бір қабырғасын тіреп тұрғандығын айтады. Сонымен қатар фабрикада отбасымен еңбек ететіндер де баршылық. Әкімшілік мұндай тәсілмен еңбеккерлердің жұмысқа деген жауапкершіліктерін арттыруды көздейді. Ал ең бастысы өндірістегі өнімділік пен сапаны жоғарылатудың негізі – еңбеккерлерді жақсы еңбекақымен ынталандыру. Төрт жылғы қалыптасу кезеңінен кейінгі серіктестіктің ендігі мақсаты – жұмысшылардың жалақысын көтеру. Әзірге олардың орташа айлығы 50 мың теңгені құрап отыр. Әр айдың табыстылығына қарай жұмысшыларға сыйақы беріледі. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдердің де берілу тәртібі сақталған. Ұжымда 70-ке жуық адам еңбек етеді.
Серіктестіктің құс еті өнімдері “Айна” деген маркамен шығарылады. ПБФ бүгінде Астана, Көкшетау, Щучье, Қарағанды сияқты қалалардың нарығын бағындыра бастаған. Олар өз тауарларын Ресей нарығына шығарып көрмек болған екен, бірақ олардан баға жағынан ұтылып қалатындықтарын байқап, әзірге бұл әрекеттерін тежеп отыр. Өйткені, ресейліктердің бұл саланы жақсы игеріп алғандығы белгілі.
– Біз өзіміздің даму жолымызды таптық. Балапандар Астана мен Жезқазған қалаларынан жеткізіледі. Олардың балапандары 98 пайызға өсімтал болып келеді. Сондай-ақ тұтынушылар ортасында өзіміздің жақсы беделімізді қалыптастырдық. Біздің мақсатымыз – бір күндік емес, тұрақты тұтынушылармен жұмыс істеу. Ал оның кепілі, әрине, жақсы сапа көрсеткіші. Тауықтарымыздың еті басқа бәсекелестермен салыстырғанда дәмді де арзан, – деді өндіріс директоры.
Балапандар фабрикаға әкелінгенде бір-екі тәуліктік қана болады да, 42 күн болғанда сойылады. Осындай үдеріс жылына 28 рет қайталанады. Бір қорада 30 мың бас балапан өсіріледі. Қоралардағы белгіленген санитарлық және техникалық нормалар сақталған. Өйтпейінше тағы болмайды. Құс өсіру – қиын шаруа. Біреуі ауырса, артынан ол барлығын әкетеді. Құс өсімтал, одан пайда да тез түседі, бірақ оны өсіру үшін үлкен еңбек пен біліктілік қажет…
Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына (БСҰ) Қазақстан мемлекеті мүше болып кіргенде әлемдік нарық бәсекелестігіне төтеп бере алатын өнімнің бірі елімізде өндірілетін құс еті болуы мүмкін. Жалпы ауыл шаруашылығының ішінде құс шаруашылығы – жақсы жолға қойылған, ғылым жетістіктері кеңінен қолданылатын пайдасы мол сала. Соңғы жылдары өндірістің даму қарқыны жоғарылағаны байқалады. Сондықтан ел экономикасының дамуына “Петропавл бройлер фабрикасы” ЖШС-нің қосып отырған үлесі елеулі.
СУРЕТТЕРДЕ: өнім ораушы Б. Шөкетаев; мал дәрігері Е. Мұқанова және құс өсіруші И.Сорокина (солдан оңға қарай), құс өсіруші М. Лаврова; бригадир А. Мамбетов; цехтан көрініс.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.