«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әйгілі әнші әжелер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа жауған ұлпа қардай ақ жаулық салып, қамзолдарын киіп, сахнада қаз-қатар тізілген “Балқадиша” вокалды-фольклорлық ансамблі әжелерінің салған әндері әрқайсымыздың жүрегімізді тебірентіп, құлақ құрышымызды қандырады. Бүгінде “Балқадишадағы” ақ жаулықтылар туған мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртып, сахнада өнер көрсетуде кейінгі ұрпақтан қалыспай келе жатқан өнерпаздарға айналды. Аталмыш ансамбльдің жетекшісі Мәшуда Ыбыраева өнер ұжымы жайында әңгіме өрбітті.

 

“Балқадиша” вокалды-фольклорлық ансамблінің сахнада өнер көрсетіп жүргеніне биыл – 10 жыл. Бұл көп уақыт болмаса да, осы аралықта өнер әлемінде шыңдалып, кәсіби деңгейде ән салуға машықтандық. Ұжымымыздағы 12 әженің біразының арнайы музыкалық білімі болмаса да, қатарымызға өзгелердей ән айтуды ұнатып қосылғандар. Ансамбліміз 2003 жылы сол кездегі облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Амангелді Балмұқановтың мұрындық болуымен құрылған болатын. Алдымен хабарландыру жариялап, ынта білдірген ақ жаулықтылардың ән айту, есту қабілетін, сахнада өзін-өзі ұстау, командада жұмыс істеу ерекшеліктеріне назар аударып, ең жақсыларын іріктедік. Алғашында қатарластарымыздың арасында оқыған әжелер де, үйде отырып, немере-шөбере баққандары да болды. Бәріміз бірге ән айтып көрейік деп ең бірінші баршаға жақсы таныс Ақан серінің “Балқадишасын” айта жөнелдік. Бұдан кейін Абайдың “Желсіз түнде жарық ай” әнін нақышына сала орындадық. Екі дауыста айттық. Кейін Шәмші Қалдаяқовтың туындыларына көштік.


Сөйтіп, өнер жолымызды бастап кеттік. Өзім Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында оқып, музыка пәнінің мұғалімі мамандығын игердім. Әрі Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде 35 жыл бойы вокалдан сабақ бердім. Ансамбль жетекшісі етіп тағайындаған соң біз орындайтын халық әндерінің бәрін нотаға түсірдім. Сырнайшы Александр Капустин екеуміз туындыларды өңдеп, бір ізге келтірдік. Осылайша жұмысымыз басталып кетті. Алғашқыда келген әжелердің, Аллаға шүкір, бүгінге дейін жұбы жазылған жоқ. Осы күнге дейін жұрт естімеген әндерді айтуға тырысамыз. Елді мекендерге бара қалсам, халық композиторларының нотаға түсірілмеген туындыларының сөздерін қағазға жазып алып, музыкалық тұрғыда өңдеуге асығамын. Репертуарымызға олардың бірталайы енгізілді. Соғыс уақытында балаларынан айрылғандардың әндері, түрлі қиындықтан туындаған, сүйіктісімен қосыла алмай, махаббат тақырыбында жазылған шығармаларды репертуарымызға кіргізуді жоспарлаудамыз.

 

– Бүгінде репертуарларыңызға қандай әндер енген?

– Қазір репертуарымызда елу шақты ән бар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап шығарылған қазақ және орыс тілдеріндегі туындыларды шырқағанда өзімізбен жасты тыңдармандарымыз бір марқайып қалады. Кенен Әзірбаевтің, Нұрғиса Тілендиевтің, Өмірбек Байділдаевтың және халық әндерін үзбей шырқап келеміз. Осы заманға бейімделіп, туған қаламыз Қызылжар туралы әнге бейнебаян да түсіріп үлгердік. Біздің орындауымыздағы “Сары жез құмған-ай”, “Әгугай, домбыра”, “Қараторғай”, “Дедімай-ау” туындылары тыңдармандарымыз жиі сұрайтын шығармаларға айналды. Ансамбліміз – бірнеше жүлде иегері. 2007 жылы облыс әкімінің ақшалай сыйлығына ие болдық. “Достық көпірі” атты фестиваль құрамында Ресейде өнер көрсеттік. Қала әкімдігінің дипломымен марапатталдық. 2010 жылы ансамблімізге “Халықтық” атағы берілді. 12 әнді жанды дауыспен орындап, министрліктен келген арнайы өкілдің жоғары бағасына ие болдық. Үш жылдан соң, яғни биыл сыннан сүрінбей өтіп, осы атағымызды қайта бекіттік.

– Ансамбль құрамындағы әжелерге тоқталып өтсеңіз.

– Олардың барлығы да белсенді. Егде жасқа келсе де, әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарға жиі араласып жүр. Үйде немере-шөбере бағуға да, сахнаға шығып, ән айтуға да үлгереді. Түрлі қызметтерді атқарып, зейнеткерлік жасқа шықса да, кейбіреуі осы күнге дейін еңбектеніп жүр. Сапура Заикина – тәрбиеші, жеке дауыста ән шырқайтын әжеміз Роза Кәрімова – мектеп директоры, Шәрбан Камалиева – мектепте әдіскер, Рахима Шаймолдина – партияда басшылық қызметте болған жан. Ансамбльге мүше әжелердің ең үлкені Күлән Рамазанова (76 жаста) да өмір бойы ұстаздық еткен. Айман Құрманғалиева – медицина саласында, Шәрбан Жақсылықова – радиода, Зияда Ақтанова – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында, Шолпан Балмұқанова мен Жамал Текебаева – есеп-қисап саласында талай жылдар еңбектеніп, зейнеткерлік жасқа жеткен аналар. Фарида Әбілғазина – әлі күнге дейін қызметте жүрген әже. Ол облыстық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығында режиссер болып қызмет етеді. Сондай-ақ Роза Кәрімова Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта сабақ береді, ал Шәрбан Жақсылықова әже ретіндегі міндетімен бірге жеке кәсіпкерлік қызметін қатар алып келеді. Өзімнің де екі баламнан туған немерелерім бар. Қария шағына жетсем де, күнделікті ансамбльдің тыныс-тірлігін күйттеп, содан ләззат алып келемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp