«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әскери жұмылдыру резервін дайындау – уақыт талабы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Амангелді ДҮЙСЕКИН,

облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары.

Сарбаздар мен командалық буынға мамандар әзірлеумен қатар, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтудегі басты міндеттердің бірі – әскери өмірді көрген резервті дайындау және жинақтау. Мұны жұмылдыру резерві деп атайды. Бұл – кез келген уақытта Отанымызды қорғау үшін сапқа тұрар үлкен күш.

Қорғаныс басқармалары мен аймақтық бөлімдері былтырғы жылы шыққан ҚР “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” №561-IV Заңына орай Қазақстан әскерінің жұмылдыру резервін үйрету мақсатында жыл сайын әскери оқу-жаттығу жиындарын жүргізеді.

Бүгінгі күнге дейін Қарулы Күштер қатарына мерзімді қызметке негізінен 18 бен 23 жас аралығындағы азаматтар шақырылатын. Енді оқу-жаттығу жиындарына Үкімет қаулысымен бекітілген құжатқа сай денсаулығына, оқуына, отбасы жағдайына, мамандығына байланысты мерзімін ұзартып, әскери есепте тұрғандар бір айлық жас жауынгер курсынан өтіп, сарбаз өмірінің қыр-сырымен танысу мүмкіндігіне ие болып отыр.

 

Түрлі себептермен әскер қатарына ілікпей, сарбаз атануды сарғая күткен азаматтар алдын ала медициналық сараптамадан өткеннен соң, өздеріне арналған бір айлық жас жауынгер курсында заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеріп, әскери білімі мен дайындық деңгейін көтеріп қайтатын болады.

Әскери жиынның көздеген мақсаты – бейбiт уақытта қысқартылған санда ұсталынатын әскери бөлiмдердiң жауынгерлiк және жұмылдыру даярлықтарын арттыру, соғыс уақытында жасақтау аудандарында жұмылдыру және жасақтау кезiнде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын өрiстетуге қажеттi әскери-оқытылған ресурстарды даярлау және запаста жауынгерлерді жинақтау.

Мұндай әскери міндеттілер үшін елімізде 9 оқу орталығы ашылды. Үстіміздегі жылдан бастап солтүстікқазақстандықтар Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында дайындықтан өтуде. Отыз күн ішінде әскери борышын өтеуге шақырылғандардың алды – 32, ал кішісі – 27 жаста. Бір ай ішінде жауынгерлер теориялық білім алумен қатар, әскери өмірдің ыстығы мен суығын көреді. Оқу-жаттығу орталығына келген азаматтардың бұрынғы жұмыс орны, бір айлық жалақысы сақталады.

Сәуірдің 5-і күні Петропавл темір жол сапаржайында Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығының базасында әскери жиынды өткен бір топ солтүстікқазақстандықтарды ата-аналары мен облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мамандары салтанатты түрде қарсы алды.

Жиын барысында әскери бөлімшелердің білікті офицерлерінің, мамандары мен командирлерінің жетекшілігімен әскери мамандықтарды игеріп, ату қаруын, әскери техни-калар мен байланыс құралдарын пайдалануды үйренген резервтегілер республикамыздың қорғаныс қабілетінің нығаюына өздерінің лайықты үлестерін қосатын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp