«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА КӨРКІ облыс орталығы мәртебесіне сай болуға тиісті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен Петропавл қаласын абаттандыру жұмысына қатысты кеңес өтті. Онда облыс орталығында тазалықты сақтап, оның ажарын ашар жұмысты атқарудағы олқы тұстар талқыланды.

 

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс орталығында 10 сәуірден 10 шілдеге дейін үшайлық өткізу жоспарланып, соның аясында екі сенбілік ұйымдастырылған. Алда тағы екі сенбілік өтпек. Сондай-ақ “Тазалық” акциясы ұйымдастырылып, мекемелер мен кәсіпорындарға қаланың 38 көшесі мен 48 саябақ пен саяжолдары бекітілген. Қала әкімінің міндетін атқарушы Қайролла Ғалиевтің айтуынша, өткен сенбіліктерде орталық көтерме сауда, “Алтын арман”, “Шелковый путь”, “Ассорти” сияқты базарлар мен “Страна товаров”, “Рахат” сынды сауда үйлері онша белсенділік көрсетпеген. “Троллейбус паркі” ЖШС өзіне тиесілі жерді қоқыстан толық тазартуға құлық танытпай отырған көрінеді.

 

Үстіміздегі жылы 8 миллион теңгеге 300 контейнер сатып алынбақ. Сондай-ақ қаланың 40 көшесіндегі ой-шұңқырлар жабылса, кейбір көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 21 ауланы абаттандыру жұмыстарымен қамту көзделіп отырса, көгалдандыру үшін 30 мың түп гүл мен 580 түп ағаш егу көзделіп отыр. Осы орайда облыс әкімі Самат Ескендіров тұрмыстық қалдықтарды шығару, жолдағы ой-шұңқырларды жабу, көгалдандыру сияқты үш мәселені жан-жақты талдады. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Қайырғали Исенеевтің айтуынша, көң-қоқыс шығару жұмысында 12 заңды тұлғаның жұмысы қанағаттанғысыз деп танылған. Мәселен, “Жолаушы СК” ЖШС-іне 120 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Жеке секторлардың тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметімен қамтылмай отырғандығы сөз болды. Бұған ДСР, Жұмысшы кенті, Бензострой, Ойқала сияқты ықшамаудандардың тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастауы себеп болып отыр. Қолданыстағы контейнерлер маңында санитарлық-гигиеналық талап сақталмаған. Қалдықтарды шығару бойынша өз қызметін ұсынып жүрген кәсіпорындар контейнерлердің жан-жағын 3 метрге дейін тазалауға және ауыр қалдықтарды шығаруға құлықсыз. Оның үстіне екі сенбілік өткенімен, қала тұрғындарының көмегімен жиналған қоң-қоқыс уақытында шығарылмай отыр. Самат Ескендіров Қайырғали Исенеевке қаланы аралап, облыс орталығындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға сараптама жасауды тапсырғаннан кейін облыс орталығының тазалығын сақтауы қажет 6 кәсіпорынның басшыларымен тілдесті. Бұл кәсіпорындардың екеуі – толық, біреуі – жартылай мемлекет меншігінде. 49 пайыз үлесі мемлекет меншігіндегі “Петропавл коммуналдық шаруашылық” ЖШС-нің атқарып отырған жұмысы сынға алынды. Бүгінде саябақтар мен саяжолдарды, жекеменшік секторларды қалдықтан тазарту бойынша қызмет көрсетіп жүрген ЖШС сенбіліктен жиналған қоқысты қала сыртына шығарып үлгере алмай жатыр. Ендеше қала тұрғындарының еңбегі зая кетті деген Самат Ескендіров 286 адам жұмыс істейтін ЖШС-тің бұл әрекетіне көңілі толмады. ЖШС директоры Мұрат Қалиевке жұмысты сапалы ұйымдастырып, дұрыс жолға қоюды қатаң түрде тапсырды. Өңір басшысы өзге де кәсіпорындардың бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарын сұрап, мойындарына алған міндетті дұрыс жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Қаланың 40 көшесінің ой-шұңқырын жабуға 80 миллион теңге бөлінген. Ал орташа жөндеуге бөлінген қаржы 50 миллион теңгедей. Өңір басшысы Самат Ескендіров Абай көшесінің жағдайына баса назар аударып, сапасын жақсарту қажеттігін айтты. Көшелердің ой-шұңқырын жабу жұмыстарын 30 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған болса, өңір басшысы оны 1 маусымға дейін аяқтауды тапсырды. Бұрынғы жоспар бойынша күніне көшенің 500 емес, енді 1000 шаршы метрін жөндеу көзделіп отыр. Басты мәселелер талқыланғаннан кейін Самат Ескендіров қаладағы 48 қоғамдық орынның тазалығын сақтау 65 мемлекеттік мекеме мен кәсіпорынға бекітілгендігін айтып, әр басқарма басшысына өздеріне тиесілі ауданның тазалығын сақтау үшін тұрғындармен тікелей жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар, кеңес барысында су тарату, жылу жүйелері секілді мекемелерге күз мезгілі мен қыс бойы жүргізген қазу жұмыстарының салдарын тез арада жою міндеттелді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp