«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЖАТТАР КӨРМЕСІ аңызға айналған тарихи тұлға хақында сыр шертеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда облыстық мұрағаттың оқу залында ұлы бабамыз, қазақ хандығын биікке көтерген Абылайдың 300 жасқа толуына арналған “Тәуелсіздік туын көтер-ген Абылай хан” құжаттар көрмесінің тұсаукесері өтті.

Сәуле МӘЛІКОВА,  

облыстық мұрағаттың директоры, тарих ғылымының кандидаты.

Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – Абылай ханның өнегесінде тәуелсіз Қазақ елінің келешек ұрпағын ойландырарлық тәжірибе мол екенін жеткізіп, сан ғасыр армандаған тәуелсіздігімізді баянды ету үшін береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға, жаһан және өз тарихымыздың сабақтарын үнемі ескеріп отыру қажеттігін баяндау.

Абылай хан туралы ел жадында сақталған әртүрлі мағлұмат көп. Екі ғасыр бойы халқымыз Абылайға байланысты көптеген аңыз-әфсаналар тудырды, әр кезеңде ақындар жыр-дастандар арнады. Қазақ халқының басынан өткен қилы-қилы оқиғалар мен құбылыстар туралы сөз болғанда, XVIII ғасырдағы ауыз әдебиетінің асқақ кейіпкері, халықтың шексіз сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Абылайдың ғажайып кісілік тұлғасын көреміз. Ауыздан-ауызға жетіп, уақыт көші ілгерілеген сайын, жаңғыра жаңарып келе жатқан халық мұрасында Абылайдың адал ұл, ер-жүрек батыр, көреген қолбасшы, ұлттың кемеңгер көсемі екендігі паш етіледі.

 

Кезінде орыс тіліне аударылған құжат мәтіндерінің Қазақстан тарихы бойынша арнайы дайындалған ғылыми жинақтарға енгендері бар. Бірақ, бұл материалдар, мысалы, “Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках” кеңес заманында, басым насихат уағызының мүддесіне лайықталып, сұрыпталып, кейде едәуір ықшамдалып қана басылып шықты, оның өзінде қалыптасқан идеология шеңберіне қарай бұрмаланды.

Көрмеге Абылай тарихына байланысты мұрағат деректері мен XVIII ғасырдан сақталған басқа да құжаттық материалдар дайындалды.

Ресей империясының сыртқы саясат мұрағаты, Ресейдің көне құжаттар мұрағаты, (Мәскеу қ.), Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты (Санкт-Петербург қ.), Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, Омбы облыстық тарихи мұрағаты, Орынбор облыстық мұрағаты қорларынан кейінде табылған 84 құжат тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіліп, деректерден құжаттар беріліп отыр.

Көрмеге ІІ Екатеринаның Абылай сұлтанды Орта жүз ханы етіп бекіту патенті, Абылай резиденциясының жоспары, Орынбор кеңсесінің Пугачев көтерілісіне қатысушыларды тұтқындап, Орынборға жіберу жөнінде Абылайға хаты, т.б. құжаттар қойылды.

Облыс мұрағатшылары өлке тарихындағы Абылайдың ақ үйі жөніндегі аңыз ақиқат екенін мұрағат деректерімен дәлелдеді. Сөйтіп, 2008 жылы Елбасының қатысуымен Петропавлда “Абылай хан резиденциясы” кешені ашылып, алдына ескерткіші орнатылды.

Осылайша, XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының сипатын, сол арқылы Абылай сынды тұлғаның бейнесін неғұрлым шындық тұрғысында ашып, оның тарихымыздағы орны туралы нақты ғылыми тұжырым жасауға болады деп ойлаймыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp