Жуырда Шымкентте алғаш рет бокстан Азия чемпионаты жалауын көтерген болатын. Жеңіл атлетика манежінде орнатылған ринг төрінде 13 мемлекеттің 120-ға жуық жас былғары қолғап шеберлері Азия құрлығының чемпионы атану үшін шаршы алаңға шыққан еді. Аталмыш бәсекелі додаға қатысқан кілең мықтылар арасында 60 кило салмақта екінші орын алған солтүстікқазақстандық былғары қолғап шебері Азат Елубаевты жерлестері облыс орталығының сапаржайында қарсы алды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Байрақты бәсекеде біздің балғын боксшылар 7 алтын, 3 күміс және бір қола медаль иеленіп, командалық есепте бірінші орынға ие болды. Екінші орынды төрт алтын медаль, бес күміс, бір қоламен Өзбекстан құрамасы еншілесе, ал, үшінші орынға көтерілген Үндістан бір алтын және үш қола медальға ие болды.
Азат бұған дейін екі қарсыласын басымдықпен жеңгенімен, финалда үндістандық қарсыласына есесін жіберіп алды.
Енді жасөспірімдер ұлттық құрамасы тамызда Украина астанасы Киевте өтетін әлем чемпионатына дайындалады. Осыдан екі жыл бұрын Астанадағы әлемдік додада жалғыз алтын алған балғын былғары қолғап шеберлеріне Украинада кемі екі алтын алу жүктеліп отыр.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ