Алма АХМЕТОВА,
Бескөл орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі
мен әдебиеті пәндерінің
мұғалімі.
Аудан орталығында орналасқан 100 жылдық тарихы бар Бескөл орта мектеп-гимназиясы алғашында бастауыш мектеп, одан беріде негізгі, орта мектеп болған. Аталмыш білім ошағы жүз жыл ішінде қаншама шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берді десеңші! Бүгінде өзіндік қалыптасқан әдет-ғұрпы, тұрақты педагогикалық ұжымы бар.
Осы мектептің түлегі, қазіргі мектеп директоры Нина Маслова білім ошағының дамуына, жылдан-жылға көркейіп өсуіне өз үлесін аямай қосуда. Биылғы оқу жылында ауданда бірінші болып мектеп формасы енгізілді. Мектебіміз заманауи техникалармен жабдықталған. Білім ошағы Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының озық тәжірибесін жалпы білім беретін мектептердің оқу үдерісіне енгізу және оны тарату орталығы ретінде жұмыс іс-тейді. Алдағы оқу жылында оқушылардың білімін сыни тұрғыда бағалаудың жаңа жолына және Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін оқу үдерісіне енгізу мақсатында сынып жетекшілерінің орнына босатылған куратор немесе босатылған жетекшілікке көшпекпіз.
Оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеруге ынтасын арттыру, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауда да білімді жастарды тәрбиелеу мақсатында мектебіміздің ұстаздары өз шеберліктерін көрсетуде. “Білім негізі бастауышта қаланады” демекші, бастауыш сынып ұстазы Шынар Арыстанқызы еңбек, сурет сабақтарына арналған қазақша сөздер жинағын және осы пәндерге арналған күнтізбелік-тақырыптық жоспарын жазып, өз әріптестеріне көмек көрсетуде. Мемлекеттік тілді үйренуде жақсы жетістіктерге жету үшін мұғалім қазіргі таңдағы ғылым негіздерімен қарулануы қажет. Бұл мақсатта ұстаздарымыздың көпшілігі еңбек етуде. Бастауыш сынып мұғалімі Наталья Геншель үш жыл қатарынан өзі орыс-қазақ тілінде жазған “Бұл қиын сөздер” атты әдістемелік оқулығын тәжірибеде қолданып келеді. Нәтижесінде төртінші сыныптар арасында оның оқушыларының білім сапасы жоғары көрсеткіштерге ие болды.
Әдістемелік оқулық пен бағдарлама авторлары Зураш Мұсайымқызы мен Ғалия Шоқайқызы бірнеше жыл қатарынан қазақ және орыс тілдері пәндері бойынша кіріктірілген сабақтарын, екі пәнді салыстыра отырып өткізуде. Бүгінде билингвалды білім беру дұрыс жолға қойылып, өз нәтижесін беруде. Өзге ұлт өкілдері ұстаздарының арасында мемлекеттік тіл бойынша интеллектуалдық турнир өткізу біздің өңірімізде дәстүрге айналды. Осы турнирдің үлкен дәрежеде өтуіне мектеп ұжымы ұстаздарының қосып жүрген үлестері аз емес. Екі жыл қатарынан аудандық, облыстық сайыстарда ұстаздарымыз І, ІІ орындарға ие болды. Мұғалімдер арасында өтетін барлық сайыстарға Н.Маслова, Л.Овчинникова, К.Мартынова, А.Павлик, Т.Бадер, В.Ширяева сияқты ұстаздарымыз қатысып жүлделі орындар алып жүр. Биыл республикалық “Үздік ұстаз” атанған Ғалия Бабышева – да осы мектептің түлегі.
Аудандық, облыстық “Қазақ тілінің үздік ұстазы”, “Жүзден жүйрік”, Оралхан Бөкей оқуының жүлдегерлерін де (А.Ахметова, А.Жаңабеков, М.К.Клюкова, Н.Мәжікеева, Г.Нұрғалиева) мектебімізден табуға болады.
Елбасы тілдің үштұғырлылығы жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынған болатын. Осыған орай мектебімізде қазақ, ағылшын, орыс тілдері тең дәрежеде оқытылады. Оқушыларымыз осы пәндерден облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, өз білімдерін ҰБТ-да да дәлелдеп жүр. “Алтын белгі” және үздік аттестат алған Ғ.Құсайынов, Е.Нетесова, И.Веретельникова, Д.Мельникова сынды шәкірттеріміз де бар. Биылғы оқу жылында П.Бабышев, К.Веретельников, Қ.Жақыповтан үлкен үміт күтіп отырмыз. Республикалық, халықаралық сайыстарға қатысып, ғылыми жобалар қорғап жүлделі орындарға ие болған Л.Овчиникова, А.Ахметова, А.Хұсайынова, Г.Біләлова, П.Бабышев, М.Казарян, т.б. оқушыларымыз мектебіміздің абыройын көтеріп жүр. Бұлар – ұстаздар сенімін ақтап қана қоймай, аудан, облыс намысын қорғай алатын дарынды, шығармашылықпен жұмыс істейтін шәкірттер. Осындай жастардың талабына қарап, әрбір ұстаз өз еңбегіне деген сенімі мен мүмкіндігін сезіне түсері сөзсіз.
Бүгінгі таңда елдегі білім жүйесіндегі өзгерістердің нәтижесінде балалардың сана-сезімі де жаңғыру үстінде. Мектеп бітіріп шығатын бүгінгі түлек ертеңгі қоғамдық өмірдегі әртүрлі жағдайларда өзін еркін, берік ұстайтынына, әрі мемлекеттік тілде ауызша ой жинақтап, сөйлей алатын дәрежеде болатынына ешқандай күмән жоқ.
Қызылжар ауданы.