Түркияда сәуірдің 23-і Балаларды қорғау күні атап өтіледі. Аталған мерекеге орай Петропавлдағы “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі жылдағы дәстүр бойынша бүлдіршіндерді жинап, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мектеп-интернатының бүлдіршіндеріне арнайы кеш өткізді. Шараға жалпы 60-тан астам бала қатысса, солардың 25-і – балалар үйінің тәрбиеленушілері.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Балаларды мерекемен құттықтаған “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Идрис Картал тағдырдың жазуымен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әр уақытта аялап, оларға көмек қолын созу Қазақстанның әрбір саналы азаматының міндеті екендігін тілге тиек етіп, бүлдіршіндерге күндерін көңілді өткізуге бар жағдай жасауға тырысқандығын атап өтті.
Бұл күні ең әдемі киімдерін киіп, жүздері бал-бұл жайнаған балалар отырысты барынша көңілді өткізуге тырысты. Бұған өңіріміздегі өздері қатарлас өнер ұжымдары да зор үлес қосты деуге болады. Концертте қазақ-түрік лицейінің оқушылары қазақ, түрік билерін билеп, ұлттық аспаптарда өнер туындыларын орындады. Бірнеше сағатқа созылған шара барысында 9-12 жас аралығындағы балдырғандар әртүрлі ойындар ойнап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Шара соңында бүлдіршіндер сыйлықтарға да ие болды.
Ұйымдастырушының айтуына қарағанда, осымен алтыншы жыл қатарынан өткізіліп отырған шараны алдағы уақытта да атап өту жоспар да бар .
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.