Жыл басынан бері облыста 216 өрт болып, одан 100 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 28 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның бесеуі – бала. Он үш адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Өткен аптада адам өмірін жалмаған өрт оқиғалары орын алды.
Петропавл қаласының Михеев көшесінде орналасқан тұрғын үйде өрт шығып, 59 жастағы баспана иесі қаза тапты. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда.
Тілсіз жау Айыртау ауданының Құспек ауылының 75 жастағы тұрғынының өмірін қиды. Өрт пеш жағу барысында қауіпсіздік ережесін сақтамаудан орын алған. Белгілі болғаны – пештің жанында тұрған кір жуу машинасы қызудан тұтанып, өрт құшағына оранған. Иіс тиіп, уланған жалғызбасты әжей көз жұмды.
Пештің кінәсінен облыс орталығының Лазутин көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Пешті салу кезінде ақауға жол берілгендіктен, зейнеткер үйінің қабырғалары мен шатыры, үй жиһаздары зақымданды.
Өрт сөндіру жасағы Петропавл қаласының Перминовых қысқа көшесінде орналасқан тұрғын үйді аман сақтап қалды. Тергеушілердің айтуынша, өрт оқиғасы тоңазытқыш электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алған. Баспананың қабырғасын зақымдап үлгерген өрт облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру күшінің көмегімен ауыздықталған.
Мас күйде шылым шегу облыс орталығының Красин қысқа көшесіндегі тұрғын үйде өрт шығуына әкеліп соқты. Өртті ауыздықтау барысында өрт жасақтары 2 адамды қауіпсіз жерге жеткізді. Жалын баспананың шатырын зақымдады.
Таңғы сағат 5 шамасында Петропавл қаласының Астана көшесінде орналасқан бутиктерді жалын шарпыды. Ерте басталған өрт салдарынан халықтық тұтыну тауарлары бар №3, 4, 5, 6 бутиктері түгі қалмай жанып кетті, 5 бутикке де біршама зиян келген. “Страна товаров” сауда үйі жағындағы тағы 5 бутик зақымданды. Бір бутиктің аумағы – 9 шаршы метр. Жалпы 270 шаршы метр аумақ отқа оранды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда.
Сәуірдің шуақты күні қора сыртында қоқыс пен қау шөпті күйдірген Аққайың ауданының Смирново ауылының тұрғыны отқа ие бола алмай қалған. От көршінің асүйіне айтарлықтай зақым келтірген.
Облыстық ТЖ департаменті облыс тұрғындарын желді күні қоқыс жандырмауды ескертеді. Төтенше жағдай бола қалған кезде “112” телефонына хабарлаңыз.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.