Бұрнағы күні Петропавлда “Жайдарман ойындары” өтті. Облыстық балалар және жасөспірімдер орталығында қалалық ашық мектеп лигасының финалистері, Қызылжар облыстық ашық лигасының жартылай финалына жолдама алған командалар анықталды.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Ғажайыптар” маусымындағы қалалық ашық мектеп лигасының жартылай финалына 8 құрама өткен болатын. Атап айтқанда, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептен “Жасstar” мен “Күлкі шпиондары”, №2 орта мектептен “Нонсенс” келсе, №20 орта мектептің намысын “Ғажайып” командасы қорғады. Бұл қалалық командалардың ішінде тек бастауышта оқитын балалардан құралған “Нонсенстің” ғана жолы болмады.
Сырттан келген құрамалардың ішінде айыртаулықтардың асығы алшысынан түсті. Олардың “Жарқын болашақ”, “Қарасай қырандары” мен “Оппа, Сырым смайл!” деп аталатын үш командасы да финалға жолдама алды. Ал тағы бір қонақ команда – “Интернат жастары” (Мамлют ауданы) чемпиондық атаққа деген жорығын тоқтатты.
Облыстық Қызылжар ашық лигасының ¼ финалы тартысты өтті. Сонау Екібастұздан келген “Біз – қазақпыз!” құрамасы чемпион атануға деген ниеттерін анық аңғартты. Теміртаулық “Тәуекел” командасының да талпынысы жаман емес.
¼ финалда төрт бірдей команда лигамен қош айтысты. Яғни, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің екі бірдей құрамасы – “Соль мажор” мен “Онлайн.kz” және М.Жұмабаев атындағы ПГК-нің “Таза қазақтары” ойыннан шығып қалды. Елордалық “Астана жастары” да келесі айналымға өте алмады.
Жалпы биылғы “Ғажайыптар” маусымында кім чемпион болады? Әзірше бұл туралы болжаудың өзі қиын. Өйткені, жергілікті командаларда тұрақтылық байқалмай отыр.
¼ финалдағы ойыннан кейін чемпиондық атаққа лайық командалар ретінде тек өнер колледжінің “Өнерлі жігіттерін”, “ХД” еркін командасын және “Манаш шәкірттерін” (СҚМУ) атап өтуге болады. Ал жартылай финалға өткен “Жан достар” (СҚМУ), Қызылжар мектеп құрамасы мен “Статус.kz” (Кәсіби колледж) командаларына әлі де ысылу керек екендігі көрініп тұр.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.