«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАРДЫ ЖАҢҒЫРТУҒА ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ БӨЛІНУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімдігі жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында солтүстікқазақстандық бірнеше кәсіпкер “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттің демеуқаржысына ие болды. Онда облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өңірлік кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына келіп түскен 18 өтініш қаралып, нәтижесінде барлығына қолдау көрсетілетін болды. Ондағы 13 кәсіпкер бағдарламаның “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” бағыты бойынша алған несиелерінің жылдық сыйақы мөлшерлемесіне демеуқаржы алуға құжаттарын өткізген, ал 5 өтініште өздерінің өндіріс алаңдарындағы инфрақұрылымдарды жаңартуға мемлекеттің көмегін сұраған. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша республикалық бюджеттен солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге 601,3 миллион теңгенің демеуқаржысы бөлініп, ал инфрақұрылымдық салаға 430 миллион теңге бағытталатын болды.

 

Үйлестіру кеңесінен мемлекеттің қолдауын сұрағандардың басым бөлігі – жолаушылар және жүк тасымалдары қызметтерін көрсететін кәсіпкерлер. Олардың қатарында петропавлдық А. Бондаренконың, Г.Мәлкенованың, С.Ахметовтің жеке кәсіпкерліктері және “Ситек-СК” мен “MALIMM-Trans” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері болды. Олардың қайсыбірі – көлік қызметін көрсетуді енді қолға алғандар, сондай-ақ кәсіпкерлігін бірнеше жыл қатарынан жүргізіп келе жатқандар. Жұртшылыққа қызмет көрсетудің бұл түрі қоғамда үлкен сұранысқа ие болғандықтан, онымен айналысып жүрген кәсіпкерлердің өтініштері бірауыздан қанағаттандырылды. Ал шалақындық “ЦТО Альфа” ЖШС-і автокөлікке техникалық бақылау жасау нысанын алу үшін “Дельта банк” қаржы институтынан жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12 пайызбен 5 миллион теңгенің несиесін құжаттаған. Орталықта 6 қосымша жұмыс орны ашылмақ. Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін бұл жобаға мемлекеттің көмегі 0,6 миллион теңгені құрады.

Ал М. Жұмабаев ауданының Ұзынкөл елді мекеніндегі “Үлгілі” ЖШС-і мал қораларына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін “БанкЦентрКредит” қаржы орталығынан 33 миллион теңгенің несиесін алған. Жоба бойынша онда 13 жұмыс орны ашылмақ. Бұл шаруашылыққа да мемлекеттің көмегі көрсетіліп, оның банкке төлейтін жылдық 13 пайыз сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекет өтейтін болды. Сондай-ақ “Зенченко және К” КС-і “БТА банк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы 752 миллион теңгенің несие қаржысын алып, оған 17 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын және екі жел қуатын өндіру қондырғысын, сондай-ақ 600 бас ірі қара сатып алған. Мемлекет бұл іргелі шаруашылыққа 50,1 миллион теңге көлемінде демеуқаржы бермек. Ал серіктестік банктен алған несиесінің жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 1 пайызын ғана өзі өтейді.

Отырыста әлеуметтік салаларда еңбек етуді көздеген екі кәсіпкердің өтініші құпталды. Жеке кәсіпкер Б. Шаймерденов спорт нысанын сатып алып, онда жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып, спорт орталығын ашуды мақсат етіп отыр. Ол үшін кәсіпкер банктен 45 миллион теңге несие алған. Ал Ж. Гладкова – облыс орталығында медициналық сауықтыру орталығын ашып, жұмысын дөңгелете бастаған кәсіпкер. Жақында ол өз ісін кеңейту үшін қаржы институтынан несие алып, оған жылжымайтын жер телімін сатып алған. Бұл кәсіпкердің де несиесіне демеуқаржы берілетін болды.

Сондай-ақ үйлестіру кеңесінің бұл жолғы отырысында екінші рет өтініш білдіріп тұрған кәсіпкерлердің бұйымтайлары ескерілді. Алдыңғы отырыста олардың құжаттары толық болмай, өтініштері қанағаттандырылмаған еді. Петропавлдағы пластик қаптамаларын шығаратын “Serpak”, ауызсу өндірумен айналысуды көздеген мамлюттік “Acionna” және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда құтыланған су шығаратын “Аква-Л” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бұл жолы олжалы кетті.

Отырыс инфрақұрылымдарын жаңғыртқысы келген кәсіпкерлердің өтінішімен жалғасты. Бірінші өтінім Қызылжар ауданының Малое Белое ауылында орналасқан “Адель құс” ЖШС-нен түскен. Тауар өндіруші кәсіпорынның тілегі елеусіз қалмады, серіктестік орналасқан жердегі жолдарды жөндеу үшін мемлекет бюджетінен 53 миллион теңге бөлінетін болды. Петропавлдық төрт кәсіпкердің мақсаты өз аумақтарына электр қуатының толассыз жеткізіліп тұруы болса, ал “Береке” ықшамауданындағы кәсіпкерлер өздерінің өндіріс алаңдарына дейінгі жол тораптарының жөнге келтірілуін өтінді. М. Жұмабаев ауданындағы “Нұрсен Агро” ЖШС-і мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Жаңа” шаруа қожалығы электр желісі мен суға зәру екен. Өздерінің осындай бұйымтайларын айта келген шаруашылықтардың инфрақұрылымдық жұмыстарына өңірлік үйлестіру кеңесі республикалық бюджеттен бөлінетін 430 миллион теңгені бағыттамақ.

Жиын соңында үйлестіру кеңесінің төрағасы Қайрат Бекенов өңірде инфрақұрылымдық жаңғыртуды қажет ететін шаруашылықтар көп екенін, бірақ құжаттарын өткізіп, мемлекеттің көмегін алу мүмкіндіктерін пайдалана алмай отырғандықтарын тілге тиек етті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp