«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көктем ғып жібердің күзімді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сергеевка қаласында тұратын Самат Ғабдуллин ауыл шаруашылығы маманы болғанымен, атақты Шал ақын әулетінен тараған ұрпақтардың бірі болғандықтан шығар, сөз өнерінен де кенде емес. Өлең жазуды кәсіп қылмаса да, рухани серігі етіп, өмір бойы қаламын қолынан түсірмей келеді. Сол жырларын енді Пайғамбар жасына жақындаған шағында жеке жинақ етіп шығармақшы. Жуыр арада баспа жүзін көретін сол кітабының алғысөзін жазған белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжанов: “Саматтың өлеңдерінде ой-сезімнің кестесі тіл кестесімен түрлене тоғысып, араларына жік түспей-тіндей тұтас өріліп, әдемі дүниеге айналып кететіндіктен, риза болдым… Бұл орайда оның ізденісінің мол, жазу мәнеріне машығы көп екенін таныдым. Осыдан соң жанартаудың жылдар бойы бұғып жатпай, жарқ етіп жарылғанына балап, қуанып та қалдым”, – деп оң пікір білдірген екен.
Самат Ғабдуллиннің бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынуды ұйғардық.

 

Самат ҒАБДУЛЛИН.

ТУFАН OЛКЕ

(Әні бар)
Туған өлке, ыстықсың, қызықтысың,
Көңілге күй жарқын жаз, алты ай қысың.
Талай ел, талай жерді шарласам да,
Өлке жоқ сенен артық бір мен үшін.

Көкорай, байтақ жерім,
Көрікті туған елім.
Баурайыңда астығың –
Берекең ғой ол сенің.

Сән берген табиғатқа сансыз қайың,
Жайқалған көк кілемдей ну тоғайың.
Шалғайдан сағынышпен келгенімде
Көркіңе көзім тоймас көрген сайын.

Орман, тоғай, кең далам,
Көк кілемдей жайқалған.
Сенен артық табиғат
Бар деп тіпті айта алман.

Дария боп Есілім де жатыр ағып,
Ағады әсем күлкі, әнге салып.
Күн шыжып, нұр сәулесін төккен кезде,
Шомылып жатушы едік рахаттанып.

Күміс сулы, Есілім,
Ұмытылмас есімің.
Толқыныңда жасымнан
Тербетілген бесігім.
Есіле бер, Есілім!

 

 

 

ЖҰЛДЫЗЫМ

(Әні бар)

Ең алғаш көргеннен жүзіңді,
Көктем ғып жібердің күзімді.
Еш теңеу таппадым өзіңе,
Әйтеуір, көңілім бұзылды.

Күлімдеген күнбісің?
Ай сәулелі нұрмысың?
Бар жұлдыздан ерекше
Жымың қағып тұрмысың?
Сол жұлдызда сенің атың,
Заты да сенің затың.
Мүмкін, сен найзағай оғысың,
Әлдебір мартеннің шоғысың.
Әйтеуір, жанымды тебіренттің,
Өзгерттің жүректің соғысын.

Іңкәрлік сеземін бойымнан,
Еш уақыт кетпейсің ойымнан.
Әйтеуір, кездесе қалғанда,
Ішімде орнайды той-думан.

 

 

ИДЕАЛ АДАМ

Айналып кетсе болмай ма,
Ақылы таудай адамнан?!
Қоғамды алға бастырар
Қозғаушы күш бәз заманнан.

Мұндайлар құштар білімге,
Сөйлесер көптің тілінде.
Ізденістен жалықпас,
Тең қарар әрбір ілімге.

Жай ғана біліп қоймайды,
Тәжірибеге бойлайды.
Әр шаруаға епті-ақ,
Білмейтіні болмайды.

Арқалай білер ел қамын,
Көтере білер мұң-зарын.
Қол ұшын берер әркімге,
Мырзалығы тым қалың.

Өнерден емес бейхабар,
Әр салаға жол табар.
Октаэдр теңеуі,
Идеал адам сол болар.

Атылған оқ – айтқаны,
Сөзінің жоқ қайтқаны.
Аз айтып, семіз шығарар,
Джентельменнің жайсаңы.

 

ЖАЛҚАУЛЫҚ

Бір қасиеті адамның, ол – жалқаулық,
Қимылдағың келмейді денең ауырып.
Көрінер бәрі дұрыс секілді боп,
Албастыдай басады керенаулық.

Көбіне бұл қасиет маңдайына
Жазылыпты қазақ деген ағайынға.
Құдай-ау, бермедің бе басқа ұлтқа,
Қарамапсың қазақтың жағдайына.

Мың өліп, мың тірілген қазақ байғұс,
Саспайды болса дағы өмір жайсыз.
Қыс ортасы отынымыз біте қалса,
Ағашты сүйреп әкеп аралаймыз.

Ғадет қой шөп пен сабан жетпейтіні,
Ондайда қыстың да тез кетпейтіні.
Айтып-айтпай не керек, жалқаулардың
Кейбір төлі “марафоннан” өтпейтіні.

Терезенің алдында да гүл шықпайды,
Огородтан көресің көп қурайды.
Қоралар да қаңыраған ашық-тесік,
Ауланы да бір мезет сыпырмайды.

 

 

КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚ

Көреалмаушылық – бір нәубет,
Ол бар жерде жоқ сәулет.
Індеп кірсе бойыңа,
Үндесе алмас бақ, дәулет.

Біздің ұлтқа бұл-дағы
Қанға сіңген қасірет.
Біреу еңсе көтерсе,
Жабылып бәрі шөктіред.

Өзіміздің қазекең
Бетке ұстап мансапты,
Репрессия кезінде
Ең көп шеккен зардапты.

Екі адам қосылып,
Үшіншісін зарлатты.
Болмағанды болды деп,
Бірін-бірі жалмапты.

Сол бір ғадет әлі бар,
Нақақтан айып тағылар.
Жоқ болсаң – бере алмайтын,
Бар болсаң – көре алмайтын,
Ағайын да табылар.
Осы міннен түзеліп,
Күн болар ма арылар?!

 

 

МАҚТАНШАҚТЫҚ

Мақтаншақтық – біле ме, білмей ме жұрт,
Екенін ішке кірген жегідей құрт.
Маңдайға бере қалса бұл ғадетті,
Абыройың болды дей бер тесік шұрқ-шұрқ.
Демей ме екен өлімнің аз-ақ алды,
Көпіріп өзін-өзі мақтағанды.
Иланса ашықауыз, небір топас,
Сендіремін деп ойлай ма екен барлық жанды?

Түйедей қып түймедей жақсылығын,
Жарқ етіп бір көріну таппай тыным.
Артынан не боларын ойласашы,
Байқамайды бықсып жатқан көк түтінін.

Дұрыс қой шындық жаққа бетті бұру,
Арзан сөз, бөспеліктен аулақ жүру.
Қолынан келмесе де келеді деп,
Көпшіліктің алдында мақтан құру.

Айтпай ма екен осындай бір адамзатты,
Мақтан қағаз, медаль, орден сұрап апты.
Жалған жолмен алған атақ не үшін керек,
Бағаңды береді ғой жұрт әр жақты.

 

КӨРСЕҚЫЗАРЛЫҚ

Бір ауру бар, аты оның – көрсеқызар,
Күші сондай, дендеп кетсе қамал бұзар.
Ішкен асың батпайды, шай сіңбейді,
Тұла бойың бірде ыстық, бірде ызғар.

Қабақ қатып, күндіз күлкі тыйылады,
Маза кетіп, түнде ұйқы бұзылады.
Қалайша жұрттан қалып қойғанмын деп
Көңілің әрнемеге ұрынады.

Бұл ауру тым жұқпалы әйелдерге,
Ауырады бұл аурумен кейбір ер де.
Дейді ғой бақсы, балгер емдей алмас,
Емдей алмас тәжірибелі дәрігер де.

Қозады ауру көршілерің жиһаз алса,
Құрбыларың қымбат жүзік, моншақ салса.
Киім-дағы көздің құртын алады екен,
Басылады қолың жетіп, бағың жанса.

Қандай жақсы осы “дертпен” білім қуса,
Адамдыққа мақсат қойып, белін буса,
Қандай жақсы өнегелі бола білсең,
Маған ұқса деген жоқ па Жаяу Мұса?..

 

 

ЗАЛЫМДЫҚ

Ертегіден білуші ек
Залымдығын түлкінің,
Аңды аңға жамандап,
Таппайтұғын бір тыным.
Бүкіл хайуан әлемін
Орға итерген шіркінің.
Заманы сол, орта сол,
Санасы оның сол болса,
Кешірген жөн бұл мінін.
Қиын екен бірақ та,
Жаныңда жүрсе жылмаңдап
Екі аяқты сұмдығың.

Осы күнгі адамдар
Асып кеткен түлкіден.
Біреулердің басына
Қара түнек күн туса,
Өте шығар жаныңнан
Кекесінмен, күлкімен.
Іші толған жауыздық,
Қарсы келсең байқаусыз,
Шайнап тастар сағыз қып.
Шоқ ала шықса артыңнан,
Нақақтан-нақақ пәле артып,
Лауларсың болып тамыздық.

Мұндай адам өмірде,
Обалын бастың арқалап,
Мұратына жете ме?
Өзі қазған орына
Түсемін деп ойламай,
Өмірден жайдақ өте ме?!

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp