“Динамо” стадионында өткен солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының жазғы киімге көшу салтанатында ішкі істер органына жаңадан қабылданған онға жуық қызметкер ант берді.
Жиынға Ішкі істер департаментінің кезекшіліктен бос тәртіп сақшылары және Жол полициясы басқармасы мен мамандандырылған арнайы күзет қызметінің жеке құрамы қатысты. Сондай-ақ салтанатты шара ішкі істер органдары ардагерлерінің қатысуымен өтті. Саптық қарауды облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы, полиция полковнигі Мұрат Ұрұмхановтың өзі жүргізді. Онда қызметкерлердің жарғыны білуі мен киім үлгісіне баса назар аударылды. Мұрат Ұрұмханов сап түзеген тәртіп сақшыларының қызметтік құжаттары мен киім киісін тексерді. Ал ант беру шарасына онға жуық жол полицейі, патрульдік полиция сержанттары мен офицерлері қатысты. Олардың барлығы өз елі мен халқы алдында адал еңбек етуге ант етті. Солардың бірі – Петропавл қалалық ІІБ батальонды патрульдік полиция қызметкері Ризабек Сағынаев. Ризабек полицияда еңбек етуді жастайынан армандаған. Қоғамдық тәртіптің қатаң сақталуы мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бар күш-жігерімді аямай, адал қызмет етуге ант беремін, деді ол.
Шара соңында полицейлер әскери оркестрдің сүйемелдеуімен сапта жүріп өтті.
СҚО ІІД-нің
баспасөз қызметі.