Облыс орталығындағы Интернационал көшесінің бойында орналасқан “Сударушка” дүкені өзге сауда орындарына қарағанда ерекше. Мұнда өңірлік суретшілер, қолөнершілер, ісмерлер өздерінің қолдарымен жасаған өнімдерін сатылымға қойып, еңбектерінің жемісін көре алады. Бұл дүкеннің иесі Татьяна Мозгель суретшілер арасында кәсіпкерден бұрын, өнердің жанашыры ретінде танымал.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мұнда қолөнер бұйымдарының түр-түрі қойылған. Аядай ғана бөлмеде көптеген картиналардан басқа, әртүрлі бұйымдар да сығылысып, өз орындарын тапқан. Ең бастысы, бұл жерде өңірлік суретшілер өздерінің туындыларын жарнамалауға, оны сатуларына мүмкіндіктері бар. Суретшілер нарықтық заманның ерекшеліктеріне икемделіп, шығармашылықтарын одан әрі дамытуда. Қылқалам шеберлерінің бірақ қалауы бар. Ол – галерея. Көрме залы болған жағдайда олар өз туындыларын халық назарына ұсынып, қоғаммен байланысын орнатар еді. Галерея – көпір іспетті. Қазіргі таңда өңіріміздің суретшілері мен тұрғындары арасында көпірдің рөлін облыстық бейнелеу өнері мұражайы мен “Сударушка” көркемөнер салоны атқарып келеді. Сондықтан да “Сударушка” көптеген суретшілер мен қолөнершілер үшін құтқарушының қайығындай.
Бұл салон 1997 жылдың сәуірінен бері жұмыс істеп келеді. Мұнда суретшілерден Анатолий Бургаев, Валерий Крестников, Любовь Сметанина, Александр Шимов, Сергей Устинов, Валерий Савельев, қолөнершілерден Козловтар отбасы, Станислав Ливицкий, ағайынды Қалдыровтар және өзге де өңірлік ісмерлердің туындылары сатылымға қойылды. Және қойылып та келеді. Дүкеннің басты қағидасы – тек авторлық жұмыстарды саудаға қою. Көркемөнер салонының иесі Татьяна Петровнаның ойынша суретшілер өнімді жасай алады, бірақ оны сатудың мәнін түсінбейді.
– Қалаға келетін меймандар еліміздің тарихы мен дәстүрі жайында титтей болса да мәлімет алып кетуі үшін естелік ретінде түрлі техникада орындалған қолөнер бұйымдарының болғаны жақсы. Осы бағытта көптеген жылдар бойы жұмыс істедім. Келген суретшілерге қаламыздың айшықты орындары бейнеленген суреттерді салуды сұрадым. Ісмерлерге де сол өтінішімді айта жүрдім. Сұраныс болған соң біздің он саусағынан өнер тамған небір дарынды шеберлер кәдесыйларға көңіл аударды. Бұл – жақсы бизнес. Әрі елімізді шетелдіктерге жарнамалаудың бір тәсілі, – деп Татьяна Петровна дүкенінде ілулі тұрған әр бұйымның авторы мен оның жасалу техникасы жайында айта бастады.
Тұтынушылардың көбісі экологиялық таза материалдардан жасалған тұрмысқа қажетті заттарды сатып алуға ниет білдіреді екен. Қабырғаға ілінетін сағат, үй жиһаздарына сәйкес келетін мүсіндер, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, айналар мен тарақтар, жұмыс үстеліне қойылатын қалбырлар халық арасында танымал.
Татьяна Петровнамен әңгіме барысында солтүстікқазақстандық суретшілердің мұң-мұқтажына да тоқталдық. 15 жылдың ішінде суретшілерді бес саусағындай танып алған ол әрбіреуінің туған күнінен бастап, қандай іспен айналысып жүргенінен хабардар. Мамандығы бойынша өнермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Татьяна осы жылдар ішінде көркемөнердің қыр-сырын меңгеріп алған. Және қандай туындының қаншаға сатылуы қажет екендігін де біледі.
– Авторлар өз жұмыстарының бағасын өздері белгілейді. Мен оларға еш араласпаймын. Егер де жұмыс белгілі бір уақыт өткен соң сол бағаға сатылмаса, онда мен автормен келіссөз жүргіземін. Тиімді бағаны белгілеуге тырысамын. Шеберлердің еңбектерінің зая кетпегенін қалаймын, – деді ол.
Қолөнер – қай уақытта болсын бағалы. Оның құны жұмсалған материалмен емес, адамның еңбегімен бағаланады. Олай болуы заңды да. Себебі, туындыны жасарда шебер күші мен өнерін сарп етеді. Сондықтан да “Сударушка” көркемөнер салонында тек сапалы өнімдерді кездестіресің.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.