«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАЛАР ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ҰБТ-дан қандай жағдайда босатылады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен ауылдық мектептің 10-сыныбында оқимын. Қазіргі кезде мені қандай мамандық таңдау толғандырып жүр. Сабақ үлгерімім жақсы. Басылым беттерінен халықаралық олимпиадаларға қатысып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылған оқушылар туралы оқимын. Ауыл мектептерінде оқып жүрген үздік оқушылар халықаралық олимпиадаларға қалай қатыса алады? Қатысу тәртібі туралы түсіндірсеңіздер екен.
Арман.

 

Хатқа орай облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Күлпаш Қалғожинадан осы және басқа да сауалдарымызға жауап беруін өтінген едік.

– Халықаралық олимпиадаға қатысуға ниет еткен бала әр оқу жылының басында мектепте, аудандық білім бөлімінде, содан кейін облыстық Білім басқармасында тіркеуден өтеді. Онда оқушының ғылыми жобасының тақырыбы, бағыты, пәні, секциясы, тағы басқалары көрсетілуі керек. Аудандар және Петропавл қаласының білім бөлімдерінен сайысқа қатысуға тілек білдірген оқушылардың тізімі және олардың облыстық, республикалық зияткерлік сайыстардағы жетістіктері туралы ақпарат Білім басқармасына жолданады. Ол жетістіктердің нәтижелері іріктеліп, сол бойынша балалардың арасынан лайықтылары таңдалады да, оқушылардың көрсеткіштері республикалық сараптамаға жолданады. Онда сараптамадан өткендерден облыс командасы құрылады. Оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысуын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырады.

 

– Халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін таңдауды қалай және кім жүргізуі керек?

– Халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығымен бекітілген жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық 20 олимпиада және 9 ғылыми сайыстардың тізімі бар. Ол тізімдер облыстың білім беру мекемелеріне таратылған. Қандай жағдайда да оқушы немесе ата-ана баласының қатысқысы келген сайыс түрін өз бетімен таңдамай, ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен олимпиадалар тізбесі бар бұйрықты басшылыққа алғаны жөн.

– Қандай халықаралық олимпиадаға қатысқан оқушы ҰБТ-дан босатылады? ҰБТ-дан босату қандай құжат негізінде жүзеге асады? Босатылу үшін оқушы тарапынан қандай әрекет жасау қажет?

– ҰБТ-дан босату үшін міндетті түрде халықаралық сайысқа қатысқан сертификаты немесе жүлделі орынға ие болған дипломы, оқу үлгерімі туралы табелі қажет. Түлектер мектепте дәстүрлі емтихан тапсырады. Түлекке емтихандар мен табельдеріндегі бағаға сәйкес балл қойылған сертификат беріледі. Ол осы құжат негізінде жоғары оқу орнына түсуге ниет білдіреді. Ал олимпиада мен сайыста жүлделі орынға ие болған түлектер қатысқан пәні таңдаған мамандығына сәйкес болса, конкурстан тыс жоғары оқу орнына қабылданады. Жоғарыда аталған Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген олимпиада мен сайыстарға қатысқан мектеп түлектері Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша ҰБТ-дан босатылады.

Үстіміздегі жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар мен халықаралық ғылыми жобаларға қатысушы шет мемлекетте шетелмен алмасу желісі бойынша оқитын оқушылар, республикалық музыкалық мектеп-интернаттарын бітірушілер ҰБТ-ға қатысқысы келмесе, пәндер бойынша қорытынды аттестаттауды білім мекемелерінде қорытынды емтихан ретінде тапсырады. Бұл балалар табельдерін, дипломдарын, сертификаттарын ар­найы республикалық комиссияға жібереді де, соның негізінде ҰБТ-дан босатылады.

– Қандай оқушылар білім гранттарын алуға құқылы? Халықаралық олимпиадалар жеңімпаздары қандай жоғары оқу орындарына білім гранттарын ала алады?

– Кейбір түлектер белгілі бір олимпиадаға қатысуы мүмкін, же­ңімпаз атанса, оған диплом беріледі. Оның ешқандай күші жоқ, өйткені ол олимпиада Білім және ғылым министрлігінің тізбесінде болмаса, ондай дипломы бар оқушы грантқа да ілінбейді, оны ҰБТ-дан босатуға да еш мүмкіндік жоқ. Білім гранты ҰБТ сертификатының балл қорытындысына конкурс жүргізу арқылы белгіленеді. Халықаралық олимпиадалар жеңімпаздарын іріктеу арқылы жоғары оқу орындары білім гранттарын өздері береді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp