«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚ ҚОЛӨНЕРШІЛЕР бір шаңырақ астында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ағаштан бұйым жасау – ертеден келе жатқан қолөнер. Қазақтың киіз үйінен бастап, тұрмыстық заттарына дейін ағаштан жасалғантын. Сондағы қас шеберлердің саусақтары тиген талай сапалы бұйымдар бүгінде жәдігерге айналып, көпшілікті таңғалдырады…

Әз-Наурыз мерекесі. Облыс орталығының бас көшесі – Қазақстан Конституциясының бойында ығы-жығы адам. Алаңның шеткері тұсында тұрған ағаш сандық көзге оттай басылады. Биіктігі 70-80 сантиметр, ені бір метрлік ою-өрнекті бұйымның білікті шебердің қолынан шыққандығы аңғарылып-ақ тұр. Одан әрі ертегі әлемінің кейіп-керлері, кішкентай арба мен есектің мүсіні жақындай кеткен адамды өзіне тарта түседі. Осындай көріністен, әсіресе, балалардың жүзі бал-бұл жанады. Шуылдаған жұрт ағаш мүсіндердің қасына тұра қалып, суретке түсіп әуре. Олардың жанында жанармайдың қуатына гүрілдеген қол арамен оқтын-оқтын алдындағы бөренені жоңқалап тұрған шебердің іс-қимылы өзіне көңіл аударады. Жұртшылыққа бұл көрініс таңсық, бәрі де шебердің іс-қимылына қызыға қарайды. Оның ағаштан түрлі мүсіндер мен кескіндер жасайтын өңіріміздің белгілі мүсіншісі Константин Чайка екендігін мен жазбай таныдым.

 

Қолөнершінің бұған дейінгі еңбек жолы мен шығармашылық ізденісімен жақсы таныс болғандықтан, бұл кездесуден кейін оның кәсібі жаңа арнаға бұрылғанын жорамалдап үлгердім. Шындығында, солай болып шықты. Өңіріміздің бірнеше ағаш шеберлері мен темір ұсташылары бір шаңырақтың астына тоғыстырылыпты. “Мазеев” аталған жеке кәсіпкерліктің ісін дөңгелетіп жатқанына биыл үшінші жыл. Оны ұйымдастырған – Сергей Шушаков пен Виталий Мазеев деген жерлестеріміз. Жас мамандар бастапқыда жиһаз шығаратын кәсіпорындарда еңбек етіп, тәжірибе жинап, күндердің-күнінде өз кәсіпкерліктерімен айналысудың мезгілі жеткендігін түсініпті. Әрине, бойларында қуаты тасыған жастардың тың кәсіпкерлікке иек артуы орынды еді. Елімізде, тіпті, өңірімізде жоңқалы ағаш тақта (ДСП) және талшықты ағаш тақта (ДВП) материалдарын пайдаланып, түрлі жиһаздар мен бұйымдар жасайтын цехтардың саны қыруар. Ал олардың көпшілігі бүгінгі нарық бәсекелестігінде өздерін нығыз сезінеді. Сондықтан жас шеберлер ағаш және темір өңдеудің басқа бағытын кәсіп етуді жөн көреді. Осылайша олар өндірісі қымбат әрі үлкен шеберлік пен ізденісті талап ететін қолөнерге ден қояды. Ұйымдастырушылық қабілеті мол жігіттер бармақтарынан бал тамған он шеберді тауып алып, олардың біліктіліктерін өз кәсіптеріне пайдалануды қолға алады.

– Біз шынайы және мөлдір бәсекелестікті жақтаймыз. Кәсіпкерлік – табыс көзі, алайда бастапқы күннен-ақ біздің басты мақсатымыз осы бағыттағы өз жолымызды айқындап алу болды. Ол үшін бізге жақсы жарнама қажет еді. Жарнаманың түр-түрін пайдаландық. Жұрт жасаған заттарымызды көзбе-көз көргенде үлкен әсерде қалатындығын аңғардық. Осыдан кейін Интернетте өз сайтымызды аштық. Бүгінде оған өндірісімізде жасалатын бұйымдардың суреттері орналастырылған. Біз өзіміздің сауда орталығымызды “Артель” қызықты заттар дүкені” деп атадық. Соңғы жылдары жұртшылықты жоңқалы ағаш тақтадан, хромнан, пластиктен жасалған заттар жалықтыра бастаған сыңайлы. Бүгінгі сұраныс табиғи заттардан жасалған бұйымдарға ауған, – дейді “Артель” сауда орталығының директоры Лилия Кравченко.

Шағын шеберханасында ағаш мүсіндер жасап, қаланы көріктендіру шаралары бойынша жергілікті әкімдіктің тапсырмаларын орындап қана жүрген Константин Чайканың шығармашылық белесінде самғау да, шыңырауға құлдырау да болды. Алайда, ол осыдан екі жыл бұрын өзінің еңбек жолы Сергей Шушаковпен тоғысқанына қуанышты екендігін айтады, өйткені бұл бағыт оған жаңа шығармашылық талпыныс тудырған.

– Өмір бір орнында тұрмайтын сияқты, шығармашылық та ұдайы жаңалығымен қызғылықты. Кеше мен жеке-дара ізденсем, бүгін ұжымның ой-қиялымен санасамын. Мұндағы цехта ағаш пен темір ұсталары бірге шешім қабылдап, бәрімізге ортақ іс тындырып жатырмыз. Қолөнер – мен үшін әу бастан табыс көзі. Алайда, соңғы кездері өзіңе керекті шикізатты тауып алудың, одан сұранысқа сай бұйым жасаудың жолдары шырмалып кетті. Енді, міне, кәсіпкерлікпен айналысуды білетін ортаға түскеннен бері мен тек шығармашылық ізденіспен өмір сүремін. Күнделікті жұмыс орныма келіп, өзімнің көңіліме жағатын іспен айналысамын. Менің мақсатым – тұтынушыларды разы ететіндей бұйымдар жасау, – дейді шебер К. Чайка.

– “Өндірісте ағаш оюмен – Константин Чайка, темір пісірумен Сергей Бухонин айналысады. Ағаш өңдеу жұмыстарының басын мен қайырамын. Осылайша әркім өз жұмысын істеп, таза ағаштан немесе темір мен ағаш араласқан жиһаздың әр бөлшегіне шеберліктерін қосады. Біздегі қолөнершілердің барлығы талантты, еңбекқор. Қайсысы болсын – өз ісінің білікті маманы. Оның үстіне әкімшілік ағаш өңдеуге қажетті құрал-жабдықтар мен станоктарды жылдан-жылға жаңарту үстінде. Бұл да жұмысымызға жаңа ізденістер мен жеңілдіктер әкеледі, – дейді ағаш ұстазы Дмитрий Бондарь.

Бұл жеке кәсіпкерлік – табиғи шикізаттан жиһаз жасайтын өндіріс орны. Бастапқыда ондағы жасалатын тауарлардың түрі санаулы болған, ал кейін тапсырыс ұлғайған сайын ондағы бұйым түрлері де көбейе түскен. Арнайы тапсырыс болса, олар тауарды дара етіп те жасап береді. Тек оған тиісті шикізат табылып тұрса болғаны…

Діңі жуан ағаш көп іске жарамды. Алайда, олардың бірі қатты болса, бірін жонуға оңай. Ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын қасиетке ие, тағы бірі иілгіш, жеңіл, су сіңбейтін, бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай сапасы әртүрлі ағаш пайдаланылады. Қай ағаштың қандай екендігін шебердің қолы ғана біледі. Біздің өлке ақ қайың мен терекке бай. Алайда, аталмыш өндіруші өз кәсібінде қылқан жапырақты ағаштарды жиі қолданады. Облыс аумағында бұл ағаштың түрі сиреп бара жатқандықтан, оларды кесуге тыйым салынған. Сондықтан “Мазеев” ЖК өндіріске қажетті шикізатты Ресейдің аумағынан алдырады. Жиһаз жасаушылардың айтуынша, біздің өңірде ағаш кептіру технологиясы да онша жақсы дамымаған.

– Жақсы ағаш кез келген ортада өседі. Ал оның қандай бұйымға немесе мүсінге лайық екендігін шебердің жан дүниесі ғана біледі. Ағашты өңдеу немесе өрнектеу кезінде қашауыңды дұрыс бағыттамасаң, бүлінген ағашты қалпына келтіру оңай шаруа болмайды. Сондықтан бұйымның әр бөлшегі үлкен сүйіспеншілікпен жасалуы тиіс. Мен бір майқарағай ағашының қанша жыл өмір сүргенін білу үшін діңдегі сақиналарды санадым. 120 болды. Одан кейін оны өткен күндерге куәгер деп көз алдыма елестеттім. Егер ол қалада өсіп тұрса, талай қалалықтың жүзін таныған шығар, ал орманда өссе, орман тіршілігін білетін болар, деп қиялдаймын. Осындай ойдың жетегінде отырып сол ағашқа лайық кескін табылады. Ағаш – жанды материал. Оны сипап, түйсіне білсең, ол да сенің еңбегіңді еш етпейді, – деді К. Чайка.

Шағын цехта еңбек ететін адамдардың шығармашыл болуы, олардың жасаған бұйымдары әсемдігімен кез келген тұтынушының қызығушылығын оятуы әу бастан жоспарлаған. Сондықтан қожайындар қоластындағылардың еңбегіне толық еркіндік берген. Өндірісте жоспар бар, бірақ ол үшін уақытпен санасу басты талап емес. Өйткені, мұндағы жұмыстың басты көрсеткіші – сапа мен үлгі.

Үш жылдың ішінде тауар айналымын кеңейтіп алған кәсіпкерлік әкімшілігі Астанадан жиі тапсырыс болатынын, сондай-ақ Омбы қаласында өздерінің тауарларын сататын сауда орталықтарымен жұмыс істейтінін айтады. Сондай-ақ өңіріміздегі жұртшылық көп шоғырланатын жерлер мен қызмет көрсету орындарындағы жиһаздар мен жарнамалық мүсіндердің басым бөлігі өз шеберлерінің қолынан шыққандығын да мақтанышпен жеткізді. Әрине, бұл кәсіпкерлік басында тұрғандардың ізденісінің, олардың жұмыстарын заман талабына сай ұйымдастыра білуінің және жаңа технология мен өндірістегі құрал-жабдықтарды жаңғыртуға деген оң көзқарастарының, сондай-ақ өндірістегі еңбек адамына деген құрметтерінің арқасы екендігі сөзсіз. Осылайша кәсіпкерлік күннен күнге өркендеп келеді. Ал осы жылдың наурыз айының басында олар өздерінің арнайы дүкенін ашты.

– Ең көп сұраныс тұрғын үй аулаларын көркейтуге қатысты орындалады. Жаппалар, есіктер, қоршаулар, т.б. Қыстыгүні баспалдақтар көп жасалады. Жалпы қыста біз шикізат пен қор дайындап алуға тырысамыз. Тұтынушылар алдын ала тапсырыс беруге үйренбеген, сондықтан көктем-жазда келушілердің саны артып кетеді. Соңғы екі-үш ай бойы сандықтарға тапсырыс көп орындалып жатыр. Тұтынушының көңіліне жағатын затты жасау – мақсатымыз. Ол үшін тапсырыс иесінің ойын тыңдап, оған өзіміздің қиялымызды қосып, содан кейін бұйымның сұлбасын жасаймыз. Оған еңбеккерлер өз шеберліктерін қосады. Біз шығармашыл топ болғандықтан, басқалардан көп ерекшелігіміз бар, – деді Лилия Кравченко.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp