«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘНШІ ЖҰПТАРҒА КӨҢІЛ ТОЛМАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Союз родных сердец” облыстық байқауы өтті. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Шығармашыл отбасыларды анықтап, олардың одан әрі дамуына септігін тигізу мақсатында ұйымдастырылған сайыс сахнаға 15 жұпты топтастырды. Байқауға Тимирязев ауданынан – екі, өзге аудандардан бір жұптан қатысты. Шымылдық ашылғанда сахнаға бірінші болып Пресновка Мәдениет үйінің қызметкерлері Жақсылық Наршабаев пен Ақтұрған Сәдуова шықты. Олар “Мерей” халық ансамблінің сүйемелдеуімен “Асыл елім” әнін орындады. Бірақ қазылар алқасының көңілінен шыға алмады. Аққайың ауданынан келген “Арай” триосы да жамбылдықтардың ізін басты.
Қызылжар ауданынан келген апалы-інілі Мөлдір мен кішкентай Досымжан Тілейхандар қарсыластарына қарағанда оқ бойы озық тұрды. Өзге де облыстық байқауларға қатысып жүрген бұл отбасы көрермендерді өнерімен тәнтті етті. Жасы кіші болса да, Досымжан домбыра және баян аспаптарын еркін меңгергенін, ал оның әпкесі Мөлдір болса домбырада тамаша ойнайтынын айтып өтпеске болмас. Сахна мәдениеті, келісті киген киімдері мен өз жастары мен дауыс ырғағына сай таңдаған әндері әрі туындыны орындау мәнері олардың бас жүлдеге лайық болғанының дәлелі бола алады. Десе де, сайыстың қорытындысы бойынша олар I орынға лайық деп танылды да, бас жүлдені Тимирязев ауданының намысын қорғап келген Андрей мен Ирина Меркель алды. Олар авторлық әндерін орындады. Екінші орынға шалақындық Сыздықовтар жайғасты. Мамлюттік Дүйсембиндер болса үшінші орынды місе тұтты. Оларға теледидар, кіржуғыш машина сынды тұрмыстық техника табысталды. “Көрермен көзайымы” аталымын тайыншалық Павел Мовчан мен Александра Косолапова жеңіп алды. “Жеңіске деген ынтасы үшін” аталымына Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Стародубовтар отбасы лайық деп танылды. Олар да сыйлықсыз қалмады. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға ыдыс-аяқ жиынтығын сыйға тартты.
2 жылда бір мәрте өтетін дәстүрлі байқау осылай өз мәресіне жетті.

СУРЕТТЕ: Тілейхан отбасы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp