«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕП – ДАРЫНДЫЛАР ОРДАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлпеш ЖОЛАМАНОВА,

А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебі директорының орынбасары.

Мектеп – келешек ел басқаратын, жер-суына иелiк ететiн, ел-халқын гүлдендiріп, мерейiн өсiретін, мәртебесiн биiктететiн жасампаз жандарды шыңдар киелi ұя. №3 Явленка орта мектебі үшін өткен 2012 жыл қай жағынан болса да табысты болды.

Жаңа жылды тың ойлармен, жаңа жоспарлармен қарсы алған мектебіміздің педагогикалық ұжымы шығармашылық белсенділігімен ерекшеленді. Бүгінде мектепте оқушылардың білім алуына, сыныптан және сабақтан тыс уақытта дамытушылық әрекеттермен шұғылдануына, мәдени дем алуына бар жағдай жасалған. Қазір түлектерімізді Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлаудамыз. Оқу ордамыздың маңызды ерекшелігінің бірі – дарынды және қабілетті балалармен жұмыс істеу. Аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі ғылыми жобалар сайыстарына, түрлі олимпиадалар мен жарыстарға қатысып жүрген Мәдина Әбікеева, Медет Ибадуллаев, Медет Әбуов, Данияр Пішәнов, Ақберді Мырзабаев, Айнаш Шәкенова, Әйгерім Қуат және тағы басқа оқушыларымыз біздің мақтанышымызға айналып, мектебіміздің беделін асқақтатып жүр.

 

Сондай-ақ қазақ тілі пәні бойынша өткен аудандық “Жарқын болашақ” олимпиадасына оқушыларымыз қатысып, олжалы оралды. “Жас ғалымдар” аталымы бойынша І орынды иеленген 9-сынып оқушысы Наталья Пулатова облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Жаңалыққа жаны құмар жас жеткіншек соңғы 2 жылдан бері ғылыми жоба жазумен айналысып жүр. Былтырғы оқу жылында жерлес ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың өңірлік оқуында сыныптасы Нұрсұлтан Пархатов екеуі “Толқынмен толқын сырласып” атты ғылыми жоба байқауында жүлделі ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Олар бұл жетістіктерімен шектеліп қана қоймай, үстіміздегі оқу жылында ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңіне қатысып, бұл жолы да ІІІ орынды иеленді.

Өнер мен білімді қатар алып жүрген өнерпаздарымыз ұстаздары мен достарының сыйқұрметіне бөленіп жүр. Республикалық ән байқауының жүлдегері 7-сынып оқушысы Алпамыс Жәдігерұлы осы жолы да “Әнші бұлбұлдар” аталымында ешкімге есесін жібермей, бірінші орынды еншіледі. “Тілші-әдебиетшілер” бағыты бойынша 9-сынып оқушысы Орынбасар Қазжанова да І орынды қоржынға салды. Ал “Жазушылар” аталымында ІІІ орын алған 9-сынып оқушысы Айымгүл Кенбаева мектепті тамамдаған соң журналист мамандығын игеруді армандайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы білім беру қызметінің жоғары сапасын қамтамасыз етуге мол мүмкіндік беріп отыр. Аталмыш бағдарламаны өз жұмысында басшылыққа ала жұмыс істейтін білім ордамыздың ұстаздар қауымы баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесiн санасына сiңiрiп, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамытуға, бойындағы таланттарын шыңдауға аса мән беруде. Қызығы мен қиындығы қатар жүрген ұстаздық қызметте олардың еңбегі еленіп жатса, нұр үстіне нұр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp