Облыстық филармония жанындағы “Әлқисса” фольклорлық ансамблі 19-20 сәуір аралығында Ақтөбеде өткен халықаралық конкурста екінші орынға ие болып қайтты.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
2009 жылы құрылған аталмыш ансамбльдің құрамында ұлттық музыканы жаңғыртып жүрген 14 өнерпаз жұмыс істейді. Жерлестеріміз бұл байқауда 15 өнер ұжымымен қатар додаға түскен. Олардың орындауындағы Ақан серінің “Балқадиша” әні жергілікті тыңдармандармен бірге ақтөбеліктердің де көңілінен шыққан. Қазылар алқасы “Әлқисса” ансамблінің өнерін жоғары бағалап, жүлделі орындардың біріне лайық деп бірауыздан шешкен. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Сайран Сәбитовтің айтуынша, сәуірдің 29-ы күні Қызылжарда аталмыш ансамбль облыстық филармония жанындағы “Азия sound” вокалдық-аспапты топпен бірігіп, концерт бермек. “Азия sound” тобы былтыр күзде “Хабар” телеарнасындағы “Аймақтар аламаны” атты жобаға қатысып, облыс намысын жоғары деңгейде қорғап қайтты. Электрогитара, бас гитара, домбыра мен скрипканың сүйемелдеуімен шырқалатын қазақ әндері бұл топтың орындауында өзге қырынан танылып жүр. Әндерді облысқа танымал өнерпаздар Мұхит Ахметов, Лаура Күрлеуітова мен Нұрлан Двесов шырқайды.
СУРЕТТЕРДЕ: “Әлқисса” фольклорлық ансамблі мен “Азия sound” вокалдық-аспапты тобы.