«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛҚАДИША” АНСАМБЛІНЕ – 10 ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында онжылдық мерейтойына орай “Балқадиша” вокалды-фольклорлық халық ансамблінің шығармашылық есеп беру кеші болып өтті. 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бүгінде облысымыздың мақтанышына айналып үлгерген беткеұстар ұжымдардың бірі – “Балқадиша” ансамблінің құрамында кіл зейнет жасындағы адамдар өнер көрсетіп келеді. Бос уақытты үйдегі бала-шаға, немере-шөбере тәрбиесінен бөлек шығармашылыққа да арнауды жөн көрген әжелер әдеттегідей осы кешінде де өскелең ұрпаққа үлгі болып, ұлттық құндылықтарды дәріптеді.  

Ансамбль облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметінің орталығы жанынан 2003 жылы ақпан айында құрылған. Қызылжарда бұрын-соңды болмаған әжелер ансамблінің негізгі мақсаты – қазақ халқының мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау, бұқара арасында насихаттау. Қанша жылдан бері ән салып, халық туындыларын айтуда шебер өнерпаздарға айналған апалар бұл жолы да сахнаның сәнін келтірді. Олар көпке танымал “Балқадиша”, “Қараторғай”, “Бегі-майдың жыры”, “Шай ішіп кетсең қайтеді”, “Мен саған өкпелемеймін” туындыларын және Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен құрылған попуриді тамылжыта орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Кеш жүргізушілері Таңат Бейсенбаев пен Жарқын Жұпархан әжелердің өнер жолындағы жетістіктерін сөз етіп, тыңдармандарды түрлі әзіл-қалжыңдарымен қуантып отырды.

Жас әнші Ғалымжан Нүрпейісов халық әндерін орындап, тыңдармандардың делебесін қоздырды. Ұлттық нақыштағы кештерге сусындап қалған жұртшылық концерттің әр нөмірін тағатсыздана күтіп, кеш иелеріне деген қошеметтерін аяған жоқ.

Сөйтіп, мамандықтары мен өмірлік ұстанымдары әртүрлі болғанымен, өнер жолында біріккен зейнет жасындағы әжелер концерт бойы жарасымды ән салып, баршамызды сезімге баурап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp