«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІҢ БАС ЭКОЛОГЫ – ҚЫЗЫЛЖАРДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше өңірімізге Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров жұмыс сапарымен келді. Оның барысында елдің бас экологы бірқатар нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен, облыс активімен кездесті.

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров алдымен Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылына барды. Онда еліміздің бас экологы “Молсервис” ЖШС-де болып, сүт өңдейтін кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.

“Молсервис” ЖШС күніне 18 тоннадан астам сүт өндіруге қауқарлы. Серіктестік 2011 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында несиеге шетелден арнайы қондырғылар сатып алған. Бүгінгі күні соның жемісін көруде. Зауыт сүт өнімдерінің 17 түрін шығарады. Тауар Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарына да жөнелтіледі. 1991 жылы құрылған мекемеде қазір 120-дан астам адам еңбек етеді. Ал шикізатты негізінен фермерлерден сатып алып, зертханада тексеріп, сұрыптайды. Тағамдардың құрамы денсаулыққа пайдалы қосындылар – лактулоза, йодпен байытылған. Аталмыш ЖШС-тің жұмысымен танысқан министр ұжыммен де кездесті.

 

– Серіктестік алға басып келе жатқан кәсіпорындардың қатарында екен. Таза әрі сапалы өнім шығарады. Сұраныс та бар. Ең бастысы “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алып, оның шарапатын көріп отыр. Шаруашылықтарыңызды одан әрі ұлғайтамын десеңіздер, тағы қаражат алуларыңызға болады, – деді Нұрлан Қаппаров.

 

Серіктестік заманауи қондырғыларымен жабдықталу үшін өз қаражатын да жұмсаған.  

– Мемлекеттен алған несиені тиімді пайдаланудамыз. Оның үстіне өз қаражатымыздан 50 миллион теңге шығардық. Бұл қызметкерлердің жалақысының өсуіне, сапалы өнім шығаруға мүмкіндік берді, – деген “Молсервис” ЖШС директоры Сергей Чепурконың бұл сөзіне министр:

– Кәсіпорынның бүгінгі жағдайын Индустрия және жаңа технологиялар министріне жеткіземін. Бәрі ойдағыдай болып жатса, кәсіпорынды ұлғайта аласыздар. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау болады, – деді.

Жиын барысында министрге газ мәселесі жөнінде біршама сұрақтар қойылды. Бескөл елді мекеніндегі тұрғындар отын ретінде көмірді пайдалануда. Бұл экологияға зиян екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда бас эколог көгілдір отынды пайдалану үшін газ құбырын тартуға қомақты қаражат қажет екендігін айтып, бұл мәселенің қарастырылып жатқандығын жеткізді.

– Осы мәселе бойынша бізге жоба жасаушылар келді. Қазір газ құбыры өтетін учаскені анықтап жатырмыз. Көгілдір отын Қостанайдан Астанаға тартылады. Яғни, Бескөл ауылына міндетті түрде беріледі деген сөз, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

Серіктестік қоқысты Петропавл қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апарып төгеді. Арадағы қашықтық 20 километрден астам.

– Қалдықты қайта өңдейтін кәсіпорынның болғаны дұрыс. Бескөлдегі қоқыс полигоны осы кәсіпорынның сыртында. Басқа орын жоқ. Осы мәселемен айналысу үшін облысқа бірнеше инвесторлар келген болатын. Жоспар жүзеге асса, біз шикізатты саудалай аламыз. Осы проблеманы шешуде инвестиция жөнінен қолдау танытып, бізге бағыттау жолдарын қарастырсаңыздар, – деген ұсынысын білдірді Самат Ескендіров. Бұл орайда Нұрлан Қаппаров аталмыш мәселе алдағы уақытта қарастырылатындығын жеткізді.

Бұдан кейін Петропавл қаласына келген министр облыс активімен кездесіп, қоғамда қызу талқыланып жатқан зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесіне тоқталды.

Облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында Нұрлан Қаппаров Парламент Мәжілісі қабылдап, Сенатқа жіберген Зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы заңның тиімді тұстарын түсіндіруге тырысты. Әсіресе, әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғаюы нәзік жандарға қосымша бес жылда зейнетақы жинақтау қорын 15 пайызға өсіруге мүмкіндік беретінін, сонымен қатар жұмыс істеу жағдайларына байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктер бар екендігін айтып, аталмыш заңды жан-жақты түсіндірді. Ал Ұлттық банктің ішкі аудит департаментінің директоры Жанат Бадырленова алдағы уақытта құрылатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесінің жұмысымен таныстырды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында да жеке жинақтаушы шоттар жүйесі сақталады, міндетті зейнетақы салымдарының барлық түрлері бойынша олардың біртұтастығына мемлекеттік кепілдік болады. Азаматтардың зейнетақылық жинағын аудару толық түрде жүзеге асырылады. Зейнетақылық жинақ Ұлттық банкте сақталады. Ал осы күнге дейін жұмыс істеп келген зейнетақы қорлары басқарушы компания болып құрыла алады және өз активтерін сату арқылы қаржысын кері қайтарып, нарықтан ерікті түрде кетуіне болады. Ал бұл қорлардың мамандарын жұмыспен қамту мәселесі қазірдің өзінде қолға алынуда. Жанат Бадырленованың айтуынша, зейнетақы қорларының кейбір мамандары ұсынылған қызметтен өз еріктерімен бас тартқан.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов өңірімізде зейнетақы жүйесін жетілдіруге қатысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары үш кезеңге бөлінгендігін хабарлады. Бүгінде әр түрлі саланың белгілі өкілдері жергілікті БАҚ арқылы облыс тұрғындарына әйелдердің зейнет жасының ұлғаюына, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құруға қатысты ойларын жеткізуде. Облыс орталығы мен аудандарда түрлі кездесулер өткізіліп, тұрғындармен ашық әңгіме жүргізілуде. Осы орайда облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Жамал Ахметова өздері атқарып жатқан жұмысты баяндады.

Кездесу барысында меймандарға жаңа заңда көрсетілген қолдау мен жеңілдік, экологиялық тазалыққа қатысты сұрақтар қойылды. Солардың бірі – тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу. Бұл орайда Қоршаған ортаны қорғау министрі елімізде 10 жыл ішінде 41 қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін заманауи зауыттар салынатындығын жеткізді. Бүгінде оның сегізін жүзеге асыру қолға алынса, үстіміздегі жылы да тағы осынша жоба өз жұмысын бастайтын болады. Оның бірі Петропавл қаласында салынбақшы.

Жұмыс сапары барысында Нұрлан Қаппаров пен Самат Ескендіров Петропавл балық питомнигіне ат басын тіреп, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Республикалық бюджеттен қыржыландырылатын аталмыш кәсіпорынның өзекті мәселелері министрге құлаққағыс етілді.

“Петропавл балық питомнигі” РМҚК – 1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қазыналық кәсіпорын. Мұнда бүгінгі таңда 50-ге жуық адам еңбек етеді. Мекеме соңғы жылдары балықтың төрт түрінен 100 миллион дана балаңқұрт өсіріп, өңіріміздің су айдындарындағы балықтардың ресурсын толықтырып отырады. Ал егер елімізде одан басқа сиг балық түрін тарататын питомник жоқ екендігін, сондай-ақ жалпы су жәндіктерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орнын ескерсек, бұл мекеменің орны ерекше. Бірақ питомниктің бүгінгі жағдайы қуан-тарлық деп айту қиын.

Осыған орай шаруашылық басшысы Юрий Поворознюк питомниктің жұмысын одан әрі жандандыру үшін бірінші кезекте кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігін, сондай-ақ балықтың түрлерін жаңарту үшін жұмысты жаңаша ұйымдастыру керектігін айтты. Мұның барлығы, әрине, қаржы мәселесіне тіреледі. Жарты ғасырлық тарихы бар питомниктің ғимараты тозып, балықтарды ұрықтандырып, балаң құрттарды өсіретін орындар мен құрал-жабдықтардың ескіріп тұрғандығы көзге оғаш көрінеді. Осының барлығына куәгер болған Нұрлан Қаппаров қаржы төңірегінде шешілетін мәселелерге қолғабыс жасайтынына сендірді. Сондай-ақ Самат Ескендіров те іргелі кәсіпорынға республикалық бюджеттен қаржылай қолдау көрсетілсе, олар жұмыстарын жаңаша жүргізіп, төңірегінде туындаған түрлі мәселелерді жеңіл шеше алады, деді.

Сондай-ақ қонақтар шаруашылықтың еңбеккерлерімен де тілдесті. Кәсіпорында еңбек ететін адамдардың тең жартысы әйелдер екен. Олар министрмен болған шағын диалогта өздерінің еңбекақыларының төмендігін айтты. Кәсіпорында үш жыл бойы жалақының көлемі көтерілмеген, яғни ондағы орташа еңбекақы 40-45 мың теңгені құрап отыр. Тіпті, олардың жалақысына жыл сайын көтеріліп жатқан АЕК-нің де айырмасы қосылмаған. Балықтар мен балаңқұрттар салқын жерде жақсы өсетіндіктен, мұндағы өндіріс орны да аса суық екен. “Бұл жерде еңбек ету ауыр. Сондықтан біздің еңбегіміз тиісті бағаланса екен”, – деді еңбеккерлер.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp