«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛУ ТАРИФІН 51,4 ПАЙЫЗ ӨСІРУДІ тұтынушылардың қалтасы көтере ме?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің облыстық департаментінің директоры Марат Мұстафиннің төрағалық етуімен “СевКазЭнерго” АҚ-ның 2013 жылғы 1 шілдеден бастап жылу тарифін өсіруді көздеген қоғамдық тыңдау өтті. Жиында “СевКазЭнерго” АҚ-ның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алла Язовская талқыға салынған тариф жобасы бойынша хабарлама жасады.

Кәсіпорынның ТМРА департаментіне ұсынып отырған тариф жобасы ҚҚС-сыз 2087,15 теңге/Гкал немесе қосымша құн салығымен бірге 2337,6 теңге/Гкал құрайды. Бұл – қуат өндіруші қазіргі қолданыстағы тарифтің үстіне 51,4 пайыз өсім сұрап отыр деген сөз. Жұртшылыққа түсініктірек болуы үшін осыған дейінгі қолданыста болған тарифтер мөлшерін де айта кеткен дұрыс. ТМРА облыстық департаментінің 2012 жылғы 23 мамырдағы №27-ОД бұйрығымен жылу қуатын өндіру тарифі 2012 жылдың 1 шілдесінен 1378,3 теңге/Гкал мөлшерінде бекітіліп, сол жылғы 1 тамыздан бастап уақытша өтемақылық тариф енгізіліп, ол 1377,344 теңге/Гкал мөлшерінде күні бүгінге дейін қолданылып келеді. Енді оның бірден 710 теңге/Гкал көтерілуін көпшілік тұрғындардың қалтасы көтере қояр ма екен?

 

 

Тариф көтеруді сөз еткен Алла Язовскаяның негізгі уәжі мынадай: тариф құрылымындағы отын шығындарының өсімі 45 пайызды құрайды. Ал оның көмір мен оны тасымалдау құнынан тұратыны белгілі. Сол сияқты оны одан әрі таратып айтар болсақ, тариф жобасындағы таза отын шығыны 17 пайызға есептеліп отыр, онда көмірдің тоннасы биылғы 1 қаңтардан бері 1261 теңгеден 1361 теңгеге дейін өскені ескерілген. Ал оны тасымалдау құны осы уақыт ішінде 25 пайызға артып отырған көрінеді. Сол сияқты тасымал құнының қымбаттауына байланысты мазут отыны шығынында 5 пайыздық өсім бар.

Қалай десек те, өндірістік шығындардың өсімін түсінуге болады. Отынның және оны тасымал құнының қымбаттап жатқаны рас. Қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяковтың осыны айта отырып, сонда қалған 55 пайыз өсімнің қандай негізгі себептері барын білгісі келетін сұрағына тұшымды жауап алды деп айта алмаймыз. Кәсіпорын басшылығы өздерінің жылу өндірісін жылда шығынмен аяқтап жүргендерін айтып, өндірістен пайда тапқысы келетін ниеттерін білдірді. Бірақ ол тұтынушылар есебінен жүргізілмеуі тиіс. Бұл орайда облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының мүшесі Геннадий Егоров орынды мәселе қозғап, кәсіпорынның өзінің еншілес буындарымен оңтайландыру жұмыстарын жүргізуі және астатөк шығын шығарып, жаңа ғимараттар құрылысын жүргізуді азайтуы қажеттігін айтты.

Әрине, тарифті талдайтын сарапшылар да жағдайды жақсы түсінеді. Мысалы, өндірістегі еңбеккерлердің жалақысын көтеруге қарсы емес. Қазіргі қолданылып отырған тариф жағдайында кәсіпорындағы орташа айлық еңбекақы 48 387 теңгені құрайды, соның ішінде өндірістік жұмысшылардың табысы – 38 908 теңге ғана. Оны 73 476 теңгеге дейін көтеруді көздеп, бұл мақсатқа тариф жобасында 51 миллион теңге қаржы қарастырылатыны еш талас тудырмайды. Бірақ бәрін жалпы алып қарағанда, тариф жобасы әлі терең талдап, сараптауды қажет етеді. Тарифке енгізілетін шығындардың әрбір тармағы бойынша зерттеу жүргізіп, қос тарапқа да тиімді ортақ мәмілеге келуді қоғамдық тыңдауға қатысушылар мамыр айына қалдыруды жөн көрді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp