«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОЛЯК ДЕПУТАТТАРЫ – ТАЙЫНША АУДАНЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сталиндік қуғын-сүргіннің қасіретін көп тартқан халықтардың бірі – поляктар. “Сенімсіздер” тізіміне іліккен олардың үлкен легі 1936 жылы Батыс Украинадан еріксіз көшіріліп, Қазақстанға жер аударылған. Табиғаты қатал өңірдің таңдап алынуында “өлмесе өрем қапсын” саясаты жатса керек. Тұтас ұлттың өміріне өшпес қаяу салған нәубет кезеңді аға ұрпақ өкілдері көкіректі қарс айыратын күңіреніспен, ал жергілікті тұрғындардың қамқорлығын үлкен жылылықпен еске алады. Міне, содан бері екі халық “бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай” бауырға айналып, түсіністік тіні үзілген емес. Бүгінде Тайынша ауданы тұрғындарының 22,3 пайызын поляктар құрайды. Қатал саясаттың мәжбүрлеуімен қасиетті қазақ жеріне орнығып қалса да, оған еш өкінбейді. Қай-қайсысымен тілдессең де, Қазақстанды ардақ тұтады.

 

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Достықпен нұрланған жол даңғыл” демекші, Қазақстан мен Польша арасындағы өзара сенімге, құрметке құрылған ізгі қарым-қатынас та қос халықты тонның ішкі бауындай одан әрі жақындастыра түскенін байқау қиын емес. Польша Республикасы Парламент сеймінің вице-спикері, “Қазақстан-Польша” ынтымақтастығы жөніндегі парламентаралық топтың жетекшісі Ежи Вендерлих бастап келген делегация мүшелері Тайынша ауданына арнайы ат басын тіреді. Делегация құрамында сейм депутаттары Томаш Лятос, Томаш Ленц, Польшаның Қазақстандағы елшісі Яцек Ключковски, тағы басқа танымал тұлғалар болды. Олар алдымен Зеленый Гай елді мекенінде болып, жұртшылықпен кездесті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов ашып, делегация сапары “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр” күн тәртібімен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясымен орайлас келуін, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы ұлттық саясатының арқасында этносаралық, конфессияаралық төзімділік пен тұрақтылық ахуалының орныққанын, қоғамның көптүрлілігі ішкі бірлігімізді нығайтуға жұмыс істеуге бағытталғанын атап өтті. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы мен Польша Республикасы арасында жалпы тауар айналымының көлемі 5 есе артқан. 13 мектепте поляк тілін үйрену курстары жұмыс істейді. 30-ға тарта солтүстікқазақстандық жастар Польшаның жоғары оқу орындарында тегін оқиды. Денсаулық, мәдени салалар аясында да іскерлік байланыстар жолға қойылған.

 

Ежи Вендерлих өз сөзінде қалыптасқан дәстүр ізімен Қазақстандағы жерлестерімен қауышқанына қуанышты екенін айта келіп, осындай қолайлы мүмкіндік тудырған Елбасыға алғыс сезімін жеткізді. “Осыдан 80 жылдай бұрын қандастарымыз ежелгі қонысынан қуылып, ұшарын жел, қонарын сай білмейтін, алды қараңғы, арты жар тұңғиық тығырыққа, тылсым меңіреуге тірелген сәтте мінезі кеңпейіл, жаны жомарт қазақ халқына жолығып, жаны да, басы да аман қалды. Отбасылы, ошақ қасылы, үйлі-күйлі болып, түтіні түзу шықты. Сол үшін мәңгі қарыздармыз, бас иеміз! Адамдардың жүздері шат, көңілдері тоқ. Ешқандай абыржушылық, ертеңгі күнге алаңдаушылық жоқ. Діни сенім мен сыйласымдылыққа да ешқандай қылау түспегені бірден байқалады. Қазір әлемдік экономика оңалып кете қойған жоқ, әлі шатқаяқтап тұр. Аман-саулықтан бұрын дағдарыстың жайын сұрайтын болдық. Соған қарамастан, Қазақстанның жаңа стратегиялық бағдарламаларды батыл белгілеп, жүзеге асыруы, оның түпкі мәні халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қолдауға тұрарлық. Осындағы отандастарымның бақуатты тұрмысын, жоғары көңіл күйін, өмірге құштарлығын көріп, қазақ жері бірлік-ынтымақтың асыл мекеніне, тал бесігіне айналғаны қандай жақсы болған. Әлемдік деңгейде үйренетін үрдіс-ау деген ой түйдім”, – деді ол.

Вице-спикердің сөзінен кейін марапаттау рәсімі басталды. “Поляк картасы” 5 адамға салтанатты түрде табыс етілді. Оның біріне ие болған үй шаруасындағы әйел Галина Платт ақ алғысын арнады. Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы мұндай құрмет 30-ға жуық солтүстікқазақстандыққа көрсетіліпті. Польшаға сапарлай қалса, бірқатар төлемдік жеңілдіктер жасалатын көрінеді. 10 жылға дейін пайдалана алады. “Астық-Тайынша” ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальский жерлестері атынан сөз алып, келелі кездесуден жақсы тағылым алғандарын, оны ұйымдастырған “Қазақстан-Польша” парламентаралық топ өкілдігіне, сейм депутаттарына, жергілікті билік орындарына алғыс айтты.

Зеленый Гай және Ясная Поляна ауылдық округтерінде ондаған ұлт өкілдері тату-тәтті тұрады. Бәрі жұмыспен қамтылған. Салыстыру үшін бір мысал келтірейін. Жер ауып келген поляктар “Звезда Коммуны” ұжымшарына біріккенде 300 гектар егіндік, 1 шөп тайлағыш, 5 жатка, 14 соқа ғана болған. Жеркепеде тұруды бақыт санаған. Қазір біздің иелігімізде ғана 30 мың гектар дәнді дақылдар жері бар. Шетелдік қуатты егіс кешендер ондап саналады. Мұның өзі еліміздің қарыштап дамып, адамдар тұрмысының әлдеқайда жақсарғанын көрсетсе керек, деп түйіндеді сөзін.

Мәртебелі меймандар ауыл тұрғындарының сауалдарына жан-жақты жауап берді. Мектепті, ғибадатхананы аралады. Ясная Поляна елді мекенінде қоныс аударушылардың мұражайына аялдап, құнды жәдігерлермен танысты.

Тайынша ауданы.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp