Гүлбақша МҰСАБАЕВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті:
– Президент Ассамблеяның өсуі мен өзгеруі – Қазақстанның өзгеріс өлшемі, деді. Сондықтан да Ассамблеяның Қазақстан дамуындағы маңызы зор. Ұлтаралық қатынастар мәселесін шешу ісінде БҰҰ деңгейінде Ассамблеямыз ең үздік тәжірибелердің бірі екендігін мойындап отыр. Осының өзі Ассамблея мүшесі ретінде біз үшін үлкен мақтаныш.
Елбасы өзінің сөзінде Ассамблеяның ең алдымен қазақ халқына қажетті екенін атап өтті. Әрине, көпэтносты халықтың арасында өзара түсіністікті, татулықты орнату оңай емес. Оның қалыптасуына көптеген сыртқы факторлар кері әсер етпей қоймайды. Соның ішінде діни экстремизм де бар. Шын мәнінде адамдардың арасын жақсылыққа үндейтін, Құдай алдында барлық адамдардың тең екеніне шақыратын дінді біреулер түрлі ағымдардың зиянды ықпалымен экстремизм құралына айналдырып отыр. Бұған жаһанданудың да әсері мол.
Біз өзіміздің шаңырақта тыныштық пен татулықты сақтауымыз үшін жаһандық ауқымда ойлай білуіміз керек. Ал тар шеңберде ойлайтын болсақ, өзіміздің жеке бастық мүддемізді ғана көздейтін болсақ, онда біз ең басты құндылығымыз – ынтымағымыздан айрылып қаламыз.
Қасымхан АБДОЛЛАҰЛЫ,
Солтүстік Қазақстандағы “Қызылжар” орталық мешітінің наиб-имамы:
– Аллаға шүкір, деп айтамыз, қазақстандықтар ынтымақта, татулық пен бірлікте өмір сүріп жатыр. Еліміздің ішкі саясаты бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп, үнемі ұлттар арасындағы ынтымақтың жолдарын іздеп отыратынына куәміз. Қазақстанда тұратын барлық этностың өз мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға барлық жағдай жасалған. Еліміздегі ынтымақтың іргесі сөгілмеуіне әрбір азамат өзінің үлесін қосулары керек.
Мұсылмандарға, соның ішінде қазақтарға өзіміздің Әбу Ханифа мазһабын тереңірек таныту, білгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, бұл жұмыстар мектеп оқушыларына, студент жастар арасында жіті жүргізілуде. Өйткені, адасушылық осы жастар арасынан шығып жатыр. Өз дінінің тұғырын білмеген жастар түрлі мақсатты көздеген ағымдардың ықпалында кетіп қалады. Сондықтан біз халқымыздың өз дінін тереңірек білгенін қалаймыз. Сонда адасушылыққа жол берілмейді.