Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өңірдегі мал шаруашылығы саласын дамытудың бірінші тоқсандағы қорытындысын шығарған кеңес өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров төрағалық еткен бұл жиынға өңірлік және аумақтық ведомстволардың басшылары, аудан әкімдерінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасарлары, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшылары, ветеринарлық станциялардың директорлары қатысты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Димаш Таласбаев жиналғандарды мал шаруашылығы саласының бірінші тоқсандағы даму қорытындыларымен таныстырды, шешімін күткен өзекті мәселелерге назар аударды. Мал шаруашылығы саласындағы қазіргі жағдай мал басының өсуімен және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің артуымен сипатталады. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарында ірі қара басы – 39 пайызға, шошқа – 13,6 пайызға, қой мен ешкі – 14,6 пайызға, жылқы – 17,3 пайызға және құс 12,9 пайызға өсті. Осы кезеңде тірі салмақта 18,5 мың тонна ет, 49 мың тоннадан астам сүт, 85 миллион дананың үстінде жұмыртқа өндірілді.
“Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс биылғы жылы да жалғасатын болады. Жыл басынан бері 2,8 мың басқа тарта ірі қара сатып алынды. 2013 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-ның қаржылық институттарына 1,8 мың бас мал сатып алу үшін 30 агроқұрылым сомасы 836,7 миллиард теңгенің өтініштерін берді, бүгінде 11 шаруашылық 77,3 миллион теңгеге қаржыландырылды.
Димаш Таласбаев өңірдегі эпизоотиялық жағдайға тоқталып, оған тұрақты деген сипаттама берді. Сол сияқты осы мәселе төңірегінде сөз сөйлеген Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Владимир Карабельников өңірдегі ветеринарлық-санитарлық қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету жөнінде қолданылып отырған шаралар туралы айтып берді. Одан белгілі болғанындай, облысқа жеткілікті дәрежеде ветеринарлық дәрі-дәрмек және қаржы түскен. Қазіргі уақытта көктемгі иммундау және диагностикалық зерттеу қалыпты режімде жүргізілуде.
Сонымен бірге Владимир Карабельников ауыл шаруашылығы малын сәйкестендірудің қалай жүргізіліп жатқаны жайында ақпарат берді. Бүгінде ірі қара мен ұсақ малды сәйкестендіру – 70 пайыздан астам, ал шошқаларды сәйкестендіру 60 пайызға орындалған. Сондай-ақ ол шетелден жеткізілетін малға қойылатын талаптарға, облыс аумағына ауру малды енгізуге жол бермеу жөніндегі қолданылып отырған шараларға, өңірде өндірілетін және өткізілетін мал шаруашылығы өнімдерінің ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саланың проблемалық мәселелеріне тоқталды.
Кеңесте асылтұқымды мал шаруашылығы аясындағы жүргізіліп жатқан жұмыс туралы облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Айбек Көшенов баяндады. Облыстық Статистика департаменті басшысының орынбасары Гүлзиян Ізбасова осы саладағы есеп және есеп беру жағдайы туралы айтты.
Мал шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесі соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жиынға қатысушылардың айтқан мәселелерін назарға ала отырып, аудандардың әкімдері мен ведомстволардың басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.