«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Сәуірдің 24-і күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Қазақстан –2050” Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр” тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті.

Сессия жұмысына еліміздің барлық аймақтарынан Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Қымбатты отандастар!
Қадірлі қауым!
Қасиетті қазақ жерін тату­лық­тың тал­бесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қа­зақстан халқы Ассам­блеясы биыл кәмелетке толды.
Ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезе­ңін­де бірлігіміздің бастауы болсын деп қолымызбен құрған Ассамблеяның дүние­ге келгеніне 18 жыл.
Осы аралықта ол өзінің өмір­шең­­дігін көрсетіп, біздің бейбіт қо­ғамның ажырамас бөлігіне айналды.
Елдіктің өлшемі, тұрақтылық­тың тұт­қасы болды.
Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның мерейтойлық 20 сессиясын “Бір халық – бір ел – бір тағдыр” деп атауымыздың астарында үлкен мән бар.



Кезінде тағдырдың жазуымен қасиет­ті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді.
Бүгінде олар тегі басқа болған­мен тең­дігі бір, қаны бөлек бол­ғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.
Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шеш­кен азаматтарды бір тағдыр күтеді.
Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақ­тың үш тағаны сияқты “бір ха­лық – бір ел – бір тағдыр” деген үш сөзге сыйып тұр.

Бірлігі берекелі, тірлігі мере­ке­лі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ.

Осыны халқымыз бек түсініп, бір­лі­гіне бекем болды.

Ел иесі – қазақ халқы да ешкім­ге шет­қақпайлық көрсеткен жоқ.

Ұлтына, тілі мен діліне қарамай барша этнос өкілдерінің теңдігін Ата Заңымызда айқындап алдық.

Табысқа тоқмейілсіп, тоқырап қалмай, алыс болашағымыздың темірқазығы – “Қазақстан – 2050” Стратегиясын қа­былдадық.

Онда ең басты 7 басымдықтың бірі – Жаңа қазақстандық патрио­тизм­нің түп қазығы ретінде ел бір­лігін басты назарға алдық.

Менің тапсырмаммен да­йын­далған Қазақстан халқы Ассам­блеясын да­мы­тудың 2020 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасы да айрықша маңызды құжат.

Бүгінгі сессияда салиқалы ой­лар­ айтылып, тағдырлы шешімдер қабылданары­на сенемін.

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгін біз Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сы­ның XX сессиясын өткізіп отырмыз.

Бұл біздің үлкен жолды жүріп өтке­німізді білдіреді.

Осы жылдар ішінде Ассам­блея кә­ме­лет жасына жетіп, ұлты­мыздың аса маңызды жалпы­азаматтық институтына айналды.

Қазақстан – этностық жанжалдардан азат аумақ.

Экономикалық және әлеумет­тік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқа­сында табысты жүргізілді.

Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды.

Біздер мен сіздер атқарған жұ­мыстың, Ассамблея жұмысының басты нәтижесі міне, осы!

Бүгін біз Ассамблея – тұтастай Қа­зақ­стан халқы деп толық негіз­бен айта аламыз!

Барлық он жеті миллион!

Бүгін Ассамблея – тұрақтылық пен қо­ғамдық келісімнің сенімді, берік ір­ге­тасы.

Ассамблея тарихы – ел тарихы, халық тарихы.

Құрметті отандастар!

Біздің сессиямыздың күн тәртібіне маңызды мәселе енгізіліп отыр. Ол: “Қазақстан – 2050” Стра­те­гиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр”.

Неге біз бұлай айта аламыз?

Өйткені, “бір халық” – бұл бар­лы­ғы­мыз үшін ортақ ұлттық мүдделер.

“Бір ел” – бұл барлығымыз үшін ор­тақ Отан.

“Бір тағдыр” – бұл біз бірге жү­ріп өткен қиындықтар мен же­ңістер!

Бұл біздің ортақ келешегіміз – игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан!

Осының барлығын қоса ал­ған­да, Стратегияны табысты жүзеге асыру үшін қоғамның бірлігі қажет дегенді білдіреді.

Бүгінде әлемдік экономикада “белгі­сіз­дік белесі” келе жатыр.

Дамыған елдердің рейтингтері төмен­деуде, рецессияның жаңа толқынын күту күшейе түсуде.

Кипрде болған жақындағы оқиғалар адамдардың игілігіне тікелей ықпал ететін қаржы тәуе­келдері қаншалықты күрделі болатынын көрсетіп берді.

Бұл – алаңдатарлық дабыл.

Әлемдегі экономикалық жағдай біз мұқият бақылап отырған эт­но­мә­дени ахуал трендтеріне ықпал етеді.

Қазіргі дәуірдің шешуші пара­доксі әлемде бір мезгілде екі үрдіс: унифика­ция жағына және үлкен әртүрлілік жа­ғына іс-қимыл танытатынына барып тіреледі.

Әлем қарапайымданып емес, күрде­лі­леніп барады.

Тек Еуропаға ғана мил­­лион-мил­лион­даған мигранттар келіп жатыр.

Біреулер үшін бұл құбылыс табиғи, ал екіншілері үшін апатты көрінеді.

Барған сайын шетін ритори­ка­ның дауысы қатты естілуде.

Мультикультурализмнің бұ­рын­ғы прак­тикасы өзін тауыс­қа­ны айқындала түсуде.

Тіпті, болашақта Еуропа мем­ле­кет­тері­нің “өзін-өзі жоятыны” туралы кітаптар пайда болуда.

Мен ашық мемлекеттік стратегия мен ізгі ниет бар жағдайда бірлік пен көп­қырлылық трендтері бір-біріне қайшы келмейтініне, керісінше, бірін-бірі толық­тыратынына сенімдімін.

Біз Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның барлық жиырма сессиясы бойына нақ осындай саясат жүр­гізіп келеміз.

Және бұл саясат өзін толық ақтады!

Тәуелсіздік жылдарында біз этнос­ара­лық бірліктің өз моделін жасадық.

Іс жүзінде азаматтарымыздың тең құқығы мен мүмкіндігін, өмір сапасы мен қауіпсіздігін қам­тамасыз еттік.

Зураб Бобохидзе Атыраудан былай деп жазады:

“Менің үйім, менің отбасым, бауырларым, үш балам, бес немерем осында.

Тәуелсіздік жағдайында мен грузин болғаным үшін бірде-бір рет өз елімнің өмірінен шет қалу сезімін басымнан өткерген емеспін”.

Бүгінде біздің көптеген азаматтарымыз осылай дей алады.

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде әлем өзгеріп жатыр.

Онда көптеген оқшаулағыш сызық­тар: өңірлік және конфес­сия­лық, әлеу­меттік және мәдени, тілдік және этностық сызықтар пайда болуда.

Жаңа жағдайларда, біз 2050 жылға дейінгі Стратегияға аяқ­ басқан кезде қо­ғамның көп­қыр­лылығын өзіміздің пайдамызға жарата білуге тиіспіз.

Жаңа жағдайларда Ассамблея нағыз жалпыазаматтық, саяса­түс­тілік және жалпыхалықтық институт болуы тиіс.

Мен мынаны атап көрсетемін: Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келеді!

Өкінішке қарай, мұны барлығы бір­дей, тіпті, шенеуніктер де түсіне бер­мейді.

Кейбіреулер ҚХА-ға қарап, “ескіше” – бұл этностық азшы­лық­тың өкілдігі деп ойлайды.

Мен түсінбейтіндерге немесе түсінгісі келмейтіндерге бүгінде Ассамблеяның не екенін айтқым келеді.

Оны БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-да, АӨСШК-де таныды.

Ассамблея – бүкілхалықтық өкіл­дік!

Нақ сондықтан Ассамблеяға өзім жетекшілік етемін!

Нақ сондықтан мен бүгінде Ас­сам­блея – бұл барлық 17 миллион­дық қазақстандық дедім!

Ардақты ағайын!

Ассамблеяның ең басты міндеті – еліміздегі қоғамдық келісім.

Ал ұлтаралық татулық мәсе­ле­сі Ассамблеяның сан қырлы қыз­метінің бір парасы ғана.

Қазақстандағы қоғамдық ке­лі­сім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал.

Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек.

Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес.

Халқымыз “Тар жерде табыс­қан кең жерде келіседі” демейтін бе еді?!

Ең тар замандарда қазақ құша­ғына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды.

Құрметті отандастар!

Біз “Қазақстан – 2050” Страте­гия­сын жүзеге асыруға кірісудеміз.

Бүгінде біздің 2050 жылға дейінгі этносаралық саладағы стра­тегиялық болжамымызды қа­лыптастыруға толықтай негіз бар.

Қазақстан 2050 жылы қандай ел болады?

2050 жылы Қазақстанның жұдырық­тай жұмылған біртұтас халық, үлгілі ұлт­тық мемлекет болатынына мен сенімдімін.

Қоғамдық келісім біртұтас полиэтнос­тық халық, мемлекет пен азаматтық қо­ғам институттары, саяси партиялар, діни конфессиялар өмірінің басты ерекшелігі болуы тиіс.

Қоғамдық келісім Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының ереже тұтар қалыбы болуы тиіс.

Менің өз тәжірибемде талай мәрте көз жеткізген нәрсем – кез келген еңбек ұжымында өзара тү­сіністік пен келісім болғанда ғана табысты.

Сессиялардың бірінде мен Парахат Хаджиметоваға “Бірлік” медалін тапсырдым.

Ол 67 жаста, 10 гектар жерге бау-бақша салып, осының есебінен балалар үйіне 156 баланы өсіруге көмектесіп жүр!

Бұл – нағыз патриот! Біз осын­дайларға көмектесуге тиіспіз! Бұл – барша үшін үлгі!

Жаңа жағдайларда Қазақстан халқы Ассамблеясының жауап­кер­шілігі тек арта түсетін болады.

Қоғамдық келісім тиімді ин­нова­ция­лық экономикаға не­гізделеді.

Орта тап қоғамдық келісімнің дің­ге­гіне айналады.

Қазақстанның әрбір азаматы айқын перспективалар, бола­шағына сенімділік, кәсіби өсу үшін барлық мүмкіндіктерге ие болады.

Мен мерейтойлы XX сессия­ қар­саңында қол қойған ҚХА-ны­ дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасында нақ осы мәселелер көрініс тапқан.

Бұл – жаңа стратегиялық құжат.

Оның жібек желісі – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік.

Тұжырымдаманы табысты жү­зе­ге асыру үшін бізге мыналар қажет:

Бірінші. Облыс әкімдеріне жер­гілікті ерекшеліктер мен этнодемо­гра­фиялық құрылымарды есепке ала отырып, өңірлік ҚХА-ны дамытудың тұжырымдамасын жасау тапсырылады.

Екінші. Қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалардың ор­та­лығы ре­тінде Достық үйлері жұ­мысының тиім­ділігін арттыру қажет.

Мұндай үйлер барлық өңірлер­де болуы тиіс.

Бұл – жай нәрсе емес.

Бірақ мен мынаны баршаңыз нақты ұғы­нып алғандарыңызды қалаймын – Қазақстандағы бей­біт­шілік пен келісім үшін қандай баға да көптік етпейді.

Ассамблея жанынан Достық үйлері директорларының респуб­ликалық әдістемелік кеңесін құ­рып, жұмыстың ең озық және тиімді тәсілдерін табуды және ортақтандыруды тапсырамын.

Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Ассамблея Хатшылы­ғы­­мен бірлесіп, Достық үйлері жұ­мыс­тарының тұжырым­дамасын жасасын.

Олардың бейбітшілік пен келі­сімнің өңірлік орталықтары ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындаған жөн.

Үшінші. Ассамблеяның “тігі” мен “көлбеуі” әр қазақстандыққа, әсіресе, әр жас қазақстандыққа жетуі міндет.

Жастарды Ассамблеяның қоғам­дық келісім қалыптастыру жө­ніндегі бар­лық деңгейдегі шарала­рына тартуды қамтамасыз ету маңызды.

Төртінші. Қоғамдық келісім бүкіл ха­лық өмірінің басты қа­ғидаты болуы тиіс.

Ассамблеяның туы астында барлық өңірлерде Қоғамдық келісім кеңестерін жасақтауды тапсырамын.

Сессия қарсаңында біздің өңір­ле­ріміздің этномәдени байлығын көрсеткен, халықтың бірлігін нығайтқан мен бас­тамашылық танытқан “Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы” мега-жобасы мәресіне жетті.

Бесінші. Қоғамдық келісім халық­ара­лық аспектілерге ие.

Қазақстанның этносаралық толерант­ты­лық пен қоғамдық келісім моделі оның таяу және алыс шетелдердегі брендіне айналды.

Ассамблеяның саяси қу­ғын-сүргін құр­бандарын еске алуға арналған “Бола­шақ жо­лын­дағы естелік” жобасы мен Толеранттылық мәселелері жө­ніндегі аза­маттық форумы халық­аралық резонанс алды.

Жақында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Атқарушы хатшылығы Ассамблеямен ын­тымақтастық туралы Хаттамаға қол қою бастамасын көтерді.

Сол бастаманы қолдауға ша­қырамын.

Тағы бір мысал. Украинада қазақстан­дық­тардың “Бірлік” Харьков қоғамдық бірлестігі бар.

Соның арқасында жүздеген қазақ отбасылары осыдан 70 жыл бұрын бауырлас Украина хал­қының бостандығы үшін Харьковті азат ету ұрыстарында қаза тапқан өздерінің ұлдарының, әкелерінің, бауырларының зираттарын біліп, басына барды.

Мен оларға қазақ халқының риза­шы­лық сөзін жеткіземін.

Мен Харьков бастамашы то­бының мүшелері Макка Сағын­ғалиқызы Қа­ра­жанованы, Татьяна Николаевна Крупа­ны, Леонид Михайлович Карцевті “Қа­зақстан халқы Ассамблеясының қоғам­дық “Бірлік” алтын медалімен” марапаттау туралы шешім қабылдадым.

Алтыншы. Ассамблеяны да­мытуға “ЭКСПО – 2017”-ге дайындық қуатты серпін беруі тиіс.

Көрмеге әлемнің ондаған ел­дерінен, оның ішінде қазақстандық этностар шыққан елдерден делегациялар қатысады және олар өздерінің үлкен мәдени бағ­дарламасын әкеледі.

Ассамблея, этномәдени бір­лестіктер, халық диплома­тия­сының жанды көпірі ретінде, көрменің этностық топтар жетіс­тік­терінің жарқын көрінісіне айналуы үшін жағдай жасаулары керек.

Қазақстан халқы біздің мей­ман­дары­мыздың қонақжай қожайы­нына айналуы тиіс.

* * *

Жаңа кезеңде ұлттық бірлесу үдері­сіндегі қазақ халқының рөлін нығайту міндеті бірінші кезекке шығады.

Біріншіден, қазақ халқы Қа­зақстандағы барлық этностық, әлеуметтік топтар үшін ұлт­тық мемлекеттік қауымдастықтың қуат­ты тарихи діңі ретінде көрініс табады.

Біз қазақ әлемінің тарихи тұрғыда ешқашан тар моноэтнос­ты және моно­мә­дениетті болмағанын білеміз.

Біз ешқашан да әлемдік өркениет үдерісінен бөлек дамыған емеспіз.

Одан да бетер – біздің ата-бабаларымыз осынау әлемдік үдерісті өздері қалыптастырды!

Біздің Қазақстанда тұратын бар­лық этностық топтармен – Еуразия ауқы­мында – талай ғасырлар бір­лесе өмір сүріп жатқанымызды атап көрсету қажет.

Біздің ата-бабаларымыз әлемге мә­дениет пен руханилықтың қуат­­тан­дырушы үлгілерін көр­сет­ті – біздер олардың істерін жалғастыруымыз керек!

Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс.

Екіншіден, бізге ұлттар үшін ортақ тарихи сана-сезім қажет.

Біздің тарихты тануымыз тұтас, оң сипатта болуға, қоғамды бөлініске салмай, біріктіруге тиіс.

Ұлттық рухты қажетті биіктікке көтеру үшін біздің шынайы тарихымыздың, мәдениетіміздің, дініміздің қандай екенін айқын сезінуіміз қажет.

Қазақтардың ұлттық тарихы, олардың этногенезі мыңдаған жылдарға созылған бірегей ажы­рамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс.

Осы тұрғыда қазіргі заманғы Қазақ­стан ұлы дала өркениетінің ежелден келе жатқан шешуші мұрагерлерінің бірі ретінде заңды түрде көрініс табады.

Мен жоғарыда атап өткендей, Қазақстан ешқашан оқшауланған емес.

Сондықтан да тарихта, оқу пә­нін­дегідей, қазақтар мен өзге халықтардың мәдени және эконо­микалық қарым-қатынастар үдерісі, түрлі этностардың ел тарихына үлесі лайықты танылуы тиіс.

Нәтижесінде қазақстандықтар­дың тарихи сана-сезімі топтасуға, өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалып­тас­тыруға жұмыс істеуі тиіс.

Үшіншіден, біз бүкіл күш-жі­гері­міз­бен қазақтардың ішкі бірлігін ны­ғай­туымыз қажет. Бүгінде ХХІ ғасыр, ин­новациялар уақыты, сондықтан қазақ қоғамы да бұрынғы ғасырлардағыдай бола алмайды.

Қазақтың зиялы қауымы менің сөзімді естуі тиіс.

Қазақстан – біздің жеріміз, біз өз жеріміздің перзентіміз.

Ақиқат қарапайым: қазақтар­дың белсенді араласуынсыз Қа­зақстанда ешқандай ұзақ мерзімді қоғамдық келісімнің болуы мүмкін емес.

Бұл жер әрқашанда біздің ата-бабаларымыздың жері болған.

Ол енді біздің ұрпақтары­мыз­дың жері болмақ.

Біз өз жеріміздегі бейбіт өмір үшін тікелей жауаптымыз.

Толеранттылық ұлттық құн­дылық және Қазақстан халқының игілігі болып табылады.

Ол қазақ халқының көп ғасыр­лық дәстүрлері мен мәдени үлгі-қалыптары негізінде қалыптасты.

“Ел-жұрт”, “жеті ата”, “қо­нақ­­жай­лы­лық”, “асар”, “сый­ластық”, “са­быр­лылық” –­ бұл­ ұғымдар қазақтардың дү­ние­та­ны­мы және өмір салттарының негізінде жатыр.

Осындай құндылықтардың арқасында біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштық сақталып отыр.

Сондықтан қазақтардың то­лерантты­лық­ты қалыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мәдени ере­же­лерін, салттары мен дәстүрлерін жалпыадамзаттық мақ­саттағы материалдық емес мәдени мұ­ралардың белгі-нышаны ретінде қарастыру қажет.

Осы тәжірибені Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігі жұмысы бағыт­та­рының бірі ретінде тану тиімді болар еді.

Төртіншіден, Тәуелсіздік жыл­дары ішінде Қазақстандағы тілдердің, мә­дениеттер мен салт-дәстүрлердің этнос­тық көптүрлілігі сенімді үндестікке, өзі­не тән реңктер мен әсемдіктер молшы­лығына ие болды.

Бүгінде, әлемде түрлі бағалау­лар бойынша, күн сайын 10-25-ке дейін жазба тілдер жойылып, этностық мәдениеттердің бүтіндей бір қатпарлары келмеске кетуде!

Чамикуро тілінде сөйлейтіндер­дің ең соңғыларының бірі Наталия Сангама былай деген болатын:

“Мен чамикуро тілінде армандаймын, бірақ өз армандарымды ешкімге айтып бере алмаймын, өйткені, ендігі жерде чамикуро тілінде ешкім сөйлемейді. Сенің ең соңғы болуың жалғыздыққа ұрындырады”.

Эяк тілінде ең соңғы болып сөйлеген, 2008 жылғы қаңтарда дүниеден өткен Мэри Смит мынадай үндеу жасаған болатын:

“Сенің тіліңде сөйлейтін соң­ғы адам болу өкінішті. Мен сияқты жалғыз қал­мау үшін өз бастауларыңа қайта оралып, өз тілдеріңді үйренулеріңді өтінемін”.

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ.

Біз тіпті ең шағын этностық топтар­ – ассириялықтардың, рутулдардың, лак­тардың және басқа да топтардың мәдениеттерін ұқыптылықпен сақтаймыз және оларды дамыту үшін барлық мүм­кіндіктер жасаудамыз.

Қазақ жері 100-ден астам этнос­ты біріктірді.

Әрине, осы этностық әралуан­дықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қажет.

Бүгінде ұлтты біріктіруші бас­ты фактор қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып отыр.

Бесіншіден, бізге менталитет моде­лін, “Қазақстан – 2050” жаңа саяси бағытының негізінде елдің болашақ бейнесін қалыптастыру қажет.

Бұл бейне шынайы, тартымды және рухтандырушы болуы тиіс.

Жаһандық сын-қатерлер жағ­дайын­да өзіміздің мәдени кодымыз: тілді, салт-дәстүрлерді, құн­дылықтарды сақтай отырып қана оған баламалы жауап қайтара аламыз.

Отанға, туған жерге, өзіміздің ата-бабаларымызға, өзіміздің бір­тұтас және бөлінбейтін тарихы­мызға деген сүйіс­пеншілік бүкіл қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие.

Біздің асыл мұраттарымыз – Тәуел­сіз­дік, бірлік, келісім және өркендеу.

Оны Қазақстанның халқы өзі қалып­тас­тырды.

Ұлт бірлігін нығайтуда интел­лигенция қызметі айрықша ма­ңызға ие.

Тек интеллигенция ғана қо­ғамды топ­тастырудың рухани үдерісіне басшылық жасай алады.

Біздің елордамыз осы жұмыс­тың орталығына айналуы тиіс.

Сондықтан да біз Астанада әлемдік деңгейдегі Опера және балет театрын – “Астана-опера­ны” салдық, Қазақстан тарихының жаңа мұражайын құрудамыз.

Алтыншыдан, біздің бірлік фор­муламыз нақты істер төңіре­гін­де қалыптасады.

Ол біздің бірлігіміздің ең берік, материал­дық негізі.

Мен әркім меншік иесі бол­ған­да қоғамдық келісімнің іс жүзінде жүзеге асатынына берік сенімдімін.

Сондықтан да мен Үкіметке “Халық­тық ІРО” бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырдым.

Ассамблея бұл бағдарламаны түсін­діруге белсенді атсалысуда.

Бұл – өте маңызды, бүкілха­лықтық іс. Оны жалғастыру қажет.

Бүгінде біз бірлік пен толерант­тылық біздің активіміз, елді жаң­ғыртуға салған экономикадан тыс инвестицияларымыз деп сеніммен айта аламыз!

Бүгінде бейбітшілік пен келісім сая­сатының тікелей экономикалық тиімділікке ие екені баршаға мәлім.

Ішкі тұрақтылық инвесторлар сені­мін нығайтуға, экономикалық ын­ты­мақтастықты дамытуға жағдай жасайды.

Жетіншіден, жаһандық тренд­­терді ескере отырып, біз мем­лекеттің, қоғам мен діннің өзара қарымқатынастарының тиімді моделін табуға тиіспіз.

Біздің тарихи таңдауымыз – зайырлы мемлекет пен қоғам.

Бірақ зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді.

Зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбіт-сүйгіш, толерантты, ашық қоғам.

Біз дәстүрлі діндерді қолдай­мыз, бірақ кез келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз.

Жастарды біздер үшін бөгде радикалды діни ағымдардан қорғау қажеттігіне менің сенімім мол.

Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды.

Сонымен бірге, мен то­ле­рант­тылық­тың, кейбіреулер ой­лайтындай, ойыңа кел­генді іс­теу емес екенін де атап көр­сеткім келеді.

Толеранттылық – өзіміз ны­ғайтып, сақтайтын және бүкіл ұр­пақты тәр­бие­лейтін біздің қо­ғамымыздың парасаттылық қалыбы.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Екі онжылдықта Қазақстан Жолы жаңа тәуелсіз елдер үшін ұлттық табыстың үлгілі моделіне айналды.

Бұл – бүкіл қазақстандық­тар­­дың еңбек-сүйгіштігі мен топ­тас­қандығының нәтижесі!

Бұл – ұлттың нағыз пассионар­лық бұлқынысы!

Бұл – тек күшті халықтарға ғана тән ұлы қабілет.

Біз осындай халыққа айналдық және осы биіктікте қалуға тиіспіз!

Қазақстан – бұл біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ.

Біздің мерейтойлық сессиямыз – бүкіл қазақстандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұмыстар үшін жақсы бастау.

Алдымызда үлкен жоспарлар тұр.

Оларды жүзеге асыру жаһан­дық құбылулардың күрделі жағ­дайларында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін бүкіл күш-жігермен бекемдеу қажет.

Сондықтан да біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз!

Мен бүкіл қазақстандықтарды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Барлық сессияға қатысушы­лар­­ға, бүкіл халыққа және жа­һан­дық әлемдегі біздің барлық дос­та­ры­мызға зор табыс­тар тілеймін!

(“Егемен Қазақстан”,

2013 жылғы 25 сәуір).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp