Республикадағы коммуналдық қызметтерге реттелетін тарифтердің барлық өзгерістері Үкімет мақұлдаған инфляцияның жоспарланған дәлізін ескере отырып жүзеге асырылады. 2012 жылы тарифтерді өзгерту туралы шешім статистика деректері бойынша инфляцияға жиынтық салымды жоспарланған 1,9 пайыздың орнына 1,2 пайыз деңгейінде қамтамасыз етті. Осылайша реттелетін тарифтердің инфляцияға әсері тежелді.
Үкімет 2013 жылы реттелетін қызмет салымын 1,2 пайыз деңгейінде мақұлдады.
Тариф белгілеу ұстанымы және реттелетін коммуналдық қызметтерге бағаның өсу себептері
Қазақстан Республикасында электрмен, жылумен, газбен, сумен жабдықтау және суды бұруға (кәріз) коммуналдық қызмет тарифтерін бекіту табиғи монополиялар мен реттелетін нарық туралы заңнаманың талаптарына сәйкес дәлме-дәл жүзеге асырылады.
Реттелетін қызметтер тарифтерін бекіту кезінде шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібі туралы ереже қолданылады, ол кезегінде тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған және тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілетін шығындардың деңгейлері мен баптары бойынша бірқатар шектеуді қамтиды.
Сонымен тарифтің шығын бөлігіне енгізілетін материалдық шығыстар департамент бекіткен шикізат, материалдар, отын, энергия шығысының техникалық және технологиялық нормаларына және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілген тендерлік (конкурстық) сатып алудың нәтижелері бойынша айқындалған материалдық ресурстардың бағасына сүйене отырып белгіленеді. Конкурстық рәсімдерді бұзушылық анықталған жағдайда осы шығындар тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілмейді.
Еңбекақы шығыстары тарифтің шығын бөлігінде нормативтік саннан аспайтын нақты санға негізделіп қабылданады.
Сондай-ақ ерекше тәртіпте тарифті қалыптастыру кезінде ескерілмейтін шығыстардың тізбесі белгіленген. Оларға ластаушы заттарды нормативтен тыс шығарғаны үшін төлемақы шығыстары, сот шығындары, үмітсіз борыш, айыппұл, өсімпұл, тұрақсыздық айыбы, сыйлықақы беру шығыстары мен өндіріске және реттелетін қызметтерді көрсетуге тікелей қатысы жоқ, сонымен қатар тарифтердің өсуіне алып келетін шығыстардың басқа да түрлері жатады. Бұдан басқа тарифке енгізілетін пайда белгіленген тәртіппен шектеледі.
Тарифтерді өзгерту – активтерді қолдау мен жаңартуға, қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге және экономиканы дамытуға қажетті болып отырған еріксіз шара екендігін атап өту керек.
Сонымен бірге коммуналдық қызметтердің тарифтері әлемдік нарықта да, ішкі нарықта да қалыптасатын көптеген факторларға тәуелді.
Тарифтердің деңгейі отын (газ, көмір, мазут), жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, жөндеу жұмыстары құнына байланысты.
Электр энергиясы бағасының өзгеруінің басты себебі, электр энергиясын өндіруге тарифтердің ұлғаюы болып табылады.
Үкімет 2009 жылдан бастап энергия өндіруші ұйымдарға қатысты “тарифтерді инвестицияға айырбастау” ұзақмерзімді саясатын жүзеге асырып келеді.
Станциялар үшін электр энергиясының шекті тарифтері белгіленеді. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі электр энергетикасы туралы заңға сәйкес станциялармен тарифтің шекті деңгейіне және инвестициялық құрамдастарға арналған келісімдерге жыл сайын қол қояды.
Сонымен үстіміздегі жылдың 14 қаңтарынан бастап “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің жеке тұлғаларға электр қуатын орташа босату тарифі 9,27 теңге/кВт.сағ.-ты құрап, бұрынғы тарифке қарағанда 83 тиынға өсті. Оның басты себебі электр қуатын өндіру тарифінің 5,45 теңге/кВт.сағ.-тан 6,25 теңге/кВт.сағ.-қа дейін немесе 80 тиынға өсуінде болып отыр.
Сумен жабдықтау және кәріз қызметтеріне тарифтердің көтерілуіне өзіндік құны 30%-дан асатын электр қуаты, химиялық реагенттер құнының өсуі, жөндеу жұмыстарын жүргізуге кететін шығындардың ұлғаюы, негізгі құралдарды қайта бағалау нәтижелерін енгізу және т.б. себеп болды.
Биыл тұрғындарды суық сумен жабдықтау қызметіне тариф шамалы өсті, мысалы, “Еңбек” МКК-де (Новоишимка ауылы) 1000 литр үшін – 3,3 теңгеге, “Тайынша” МКК-де (Тайынша қ.) – 3,12 теңгеге.
Бұдан басқа тарифке сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру мен жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды іске асыру әсер етеді.
Жылумен жабдықтауға тарифтердің өсуінің негізгі себебі отын құнының өсуі болып табылады. Жылу энергиясын өндіруге арналған тарифтің құрылымында шығындардың негізгі үлесін осы отын құны құрайды, ол 50-70%-дай.
Жылумен жабдықтау тарифтеріне сондай-ақ жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектер мен жөндеу жұмыстарының құны өз әсерін тигізеді.
Петропавл қаласында жылу үшін төлемақы 2012 жылғы 1 қазаннан бастап 1 шаршы метр үшін 8,71 теңгеге көтерілді. Жылумен жабдықтау тарифінің көтерілуіне 2010 жылдан бері қайта қаралмаған көмір бағасының 40%-ға дейін өсуі басты себеп болды.
Газбен жабдықтау қызметтеріне бағаның өсуіне сатып алынатын газ құнының өзгеруі, сонымен қатар газды таратушы желілер арқылы тасымалдау тарифінің өзгеруі әсер етті. 2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысында газды таратушы желілер арқылы тасымалдау тарифі өзгерген жоқ.
Тарифтердің өсуін тежеу шаралары
1. 2012 жылы 36 табиғи монополия субъектісінің тарифтерге өтінімдерін қарау кезінде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде департамент монополистердің сұратылған табысын 2939,987 млн.-нан астам теңгеге қысқартты.
2. Жыл сайын монополистердің инвестициялық міндеттемелерді орындауына талдау жүргізіледі, орындалмаған немесе мақсатсыз орындалған жағдайда тұтынушыларға залалдарды қайтару туралы шешім қабылданады (2012 жылы 7 ТМС-ға уақытша өтемдік тарифтер енгізілді, тұтынушыларға қайтарылатын жалпы сома шамамен 15,452 млн. теңгені, 2011 жылы – 9 ТМС-ға 15,956 млн. теңгені құрады).
3. 2012 жылы 9 тексеру жүргізілді, заңнаманы бұзушылықты жою туралы 26 ұйғарым шығарылды, 9 рет сот талқылауларына қатысты, айыппұл санкциялары түрінде 2 588 800 теңгеден астам айыппұл өндіріп алынды.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 2 тексеру жүргізілді, 7 сот отырысына қатысты, 10 ұйғарым мен 1 қаулы шығарылды, нәтижесінде салынған айыппұлдың мөлшері 692 400 теңгені құрады.
4. Коммуналдық қызметтердің тарифтерін көтеру кезінде тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қорғау мақсатында департамент заңнамада көзделген қажетті шаралар қолданады. Олардың ішінде электр қуатына, суға және жылу энергиясына сараланған тарифтерді енгізу, сондай-ақ “Тұрғын үй қатынастары туралы” ҚР Заңында көзделген коммуналдық қызметтерге төлем жасауға арналған тұрғын үй жәрдемақыларын төлеу.
Осылайша, сараланатын тарифтерді және бөлінетін тұрғын үй жәрдемақысын ескере отырып, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтары үшін тарифтер едәуір көтерілмейді.
Табиғи монополияларды реттеу департаментінің баспасөз қызметі.