Роман Жолудев Петропавлдағы №20 орта мектептің бірінші сыныбында оқиды. Ол осы мектепті өзінің қалауы бойынша таңдаған. Қазақ мектебіне бір ауыз сөз білмей келген Роман бүгінде өзінің сыныптастарынан еш кем емес.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Баласының болашағын ойлаған әр ата-ананың алдында оны қай мектепте оқыту туралы мәселе тұрады. Ата-ананың көпшілігі мектепті таңдаған уақытта бірінші кезекте білім ошағы мен ондағы мұғалімдердің беделі мен білім сапасына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне назар аударады. Роман Жолудев болса таңдауды өзі жасапты.
– Баламызды мектепке берерде көп ойландық. Оның өзінің пікірін сұрағанымызда, ол қазақша оқығысы келетінін айтты. Романның шешімін алғаш естіген кезде одан гөрі өзіміз көп қобалжыдық. Өйткені, үйде біреуіміз де қазақша білмейміз. Қиын болатынын айтып көріп едік, ол өзінің ойынан қайтпады. Сосын қаладағы барлық мектептерді аралап шықтық, Романның таңдауы осы №20 мектепке түсті. Сонымен өзі таңдап алған мектепте оқып жатыр. Басында бала “қазақша оқимын” дегенмен, қиналған кезде “орысшаға ауысам” деп айтатын шығар деп жүргенде оқу жылының қалай өтіп кеткенін сезбей де қалдық. Оның аузынан “Мектепке барғым келмейді” деген сөз шыққан емес, – дейді Романның анасы Елена Владимировна.
Оның айтуынша, Романда ұлтқа бөліну деген жоқ. Бірінші сыныпқа алғаш барған кезде өз тілінде сөйлейтін балалардың барлығын орыс деп ойлаған Роман: “У нас в классе трое русских, это Абай, Асхат и я” деген көрінеді. Қазір ол сыныптағы балалардың қайсысымен болса да жақсы қарым-қатынаста. Романға мектебі де, сыныптастары да, мұғалімдері де ұнайды, ол мұнда өзін жайлы сезінеді. Жалпы мектептегі ахуал жақсы. Ата-аналар, мұғалімдер, оқушылардың қарым-қатынасы жақсы жолға қойылған.
Романның күні бойғы уақыты мектепте өтеді. Түске дейін сабақ оқиды, одан кейін ұзартылған күн тобына барып, үй тапсырмаларын орындайды.
– Бірінші сыныпқа келген балалардың арасында қазақша мүлдем түсінбейтіндері болады. Сондықтан алғашқы кезде сабақты қазақ-орыс тілдерінде қатар өткіземін. Жеке жұмыстар жүргіземін. Қазір айтқанның бәрін түсінеді, бірақ әлі сөйлеуге қиналады. Сабақ айтқанда тілі жетпей қалған жерлерін орысша айтып жібереді. Әйтеуір, “білмеймін” деп қарап отырмайды. Қазір сабақ үлгерімі жақсы. Есеп те шығарады, диктант та жазады. Сыныптағы қазақ балаларымен бірдей үлгереді. Білуге деген ықыласы зор. Тапсырмаларды үнемі мұқият дайындап келеді. Сабақ босату дегенді білмейді. Сенбі күндері қосымша сабаққа келеді. Ой-өрісі кең, үлкендерше ойлайды, – дейді сынып жетекшісі Айсұлу Құсайынова.
Айсұлу Елікбайқызының сөзіне қарағанда, Роман жан-жақты болып өсіп келеді. Мектепте өтетін кез келген шарадан қалмайды. Есте сақтау қабілеті де жақсы. Тақпақ жаттап, өлең айтады, би билейді. Домбыраға да әуестеніп жүр. Сонымен қатар, сурет салғанды, ермексазбен жұмыс істегенді ұнатады. Қиялынан шығарып салған суретін, жасаған мүсінін өзі түсіндіріп айтып береді.
Романның өзі кішкентай болса да, алдына қойған мақсаты зор. Ол: “Мен 6-сыныпты бітіргенше осы мектепте оқып, қазақша үйренемін, сосын қазақ-түрік лицейіне оқуға барамын. Өскенде журналист боламын”, – деп болашағын болжап та қойыпты.
Петропавл қаласы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.