Бүгінгі таңда өзге этнос өкілдерінің қазақ тілінде сөйлейтіндігіне таңданбайтын болдық. Бірі – тілші, екіншісі – спортшы, үшіншісі – мұғалім, әйтеуір, түрлі салада еңбектеніп жүрген олар қазақ тілін меңгергендіктен, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге зор үлестерін қосып жүр. Осы орайда облыстық Тілдерді дамыту басқармасының тілдерді дамыту және жұмысты үйлестіру бөлімінің басшысы Әсем Сүлейменовамен кездескен едік.
– Әсем Нұрланқызы, елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмысы қолға алынғалы бері түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осындай іс-шаралар өңірімізде қай жылдан бастап ұйымдастырыла бастады?
– 2007 жылдан бастап бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, жыл сайын түрлі шаралар өткізудеміз. Байқаулардың түрлері көп. Оның ішінде дәстүрлі республикалық Абай оқулары, Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу шеберлері, “Қазақ тілінің үздік оқытушысы”, “Тілдарын”, “Тіл шебері” байқауларының облыстық кезеңдері бар. Сондай-ақ еліміздегі елеулі оқиғаларға орайластырылған байқаулар да ұйымдастырылуда. Мұның барлығы қазақ тілін білу деңгейін тексеруге емес, оның құнарлылығын, байлығын көрсетуге, насихаттауға бағытталған. Биыл осындай шараларды өткізуге облыстық бюджеттен 5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Қаржыландыру көлемінің жыл сайын өсуінен-ақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және елімізде тұрып жатқан этностардың тілдерін дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп отырғандығын аңғаруға болады.
– Бұл іс-шаралардың қатарында Қазақстанда тұрып жатқан өзге этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін білу деңгейін тексеру бойынша өткізілетін байқаулар да бар емес пе?
– Иә, өңіріміздегі қазақ тілін меңгерген өзге этнос өкілдері арасында Абай оқулары, “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте”, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернат мекемелерінің ұстаздары мен тәрбиешілері арасында “Қазақ тілі – болашағым, ертеңім” атты облыстық байқаулар өткізіледі. Соңғысы үстіміздегі жылы алғаш рет ұйымдастырылды. Ол – Балалар құқығын қорғау департаментімен бірлесіп өткізілген шара. Өзге этнос өкілдері арасында өтетін байқаулардың талаптары әртүрлі. Балабақшада, жастар арасында да өтуі мүмкін. Көбіне өзге этнос өкілдері арасында жастар акциясын өткізуді дәстүрге айналдырдық. Бұл – жастардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын оятады, құлшынысын арттырады.
– Осындай байқауларға қатысушылардың ықыласы қандай?
– Тәуелсіздік алғаннан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғамның түсінігі де, көзқарасы да өзгерді. Осының арқасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде бірқатар жетістіктерге жеттік. Қазіргі таңда облыстық байқауларға қатысушылардың дені – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің қазақ филологиясы кафедрасында “Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімі” мамандығы бойынша білім алып жүрген өзге этнос өкілдері. Алғашқы жылдары мұндай шараларды өткізу кезінде өзге этнос өкілдері қазақ тілін меңгерудің алғашқы сатысында жүрсе, ал қазір олардан мемлекеттік тілдің шұрайлылығын көрсетуді талап етеміз. Біздің мұндай талап қоюымыздан-ақ өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін жетік меңгеріп жүргендігін түсінуге болады.
– Жергілікті жерде жеңімпаз атанып, республикадан құр қол қайтпаған жерлестеріміз қазір қайда жүр?
– Олар бізбен үнемі байланыста. Қазақ тілін жетік меңгерулерінің арқасында қоғамдық шараларға жиі қатысып, елге кеңінен танылды. СҚМУ-дің қазақ филологиясы кафедрасында оқыған Зоя Золоторева, Людмила Милютина облыс орталығындағы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып қызмет етуде. 2010 жылы республикалық Абай оқулары байқауының бас жүлдесін алған Ксения Аплеснинаның және осындай байқауларға қатысқан Юлия Маркованың, Алена Герасимованың және басқаларының қазіргі таңда қай салада жүргенінен хабардармыз. Мысалы, бір жылдары Людмила Милютина облыстық Тілдерді дамыту басқармасының ұсынуымен “Тіл жанашыры” атағына ие болған еді. Себебі, қазақ тілінде білім алып, оны жетік меңгергендер мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестерін қосып жүргені сөзсіз.
– Мемлекеттік тілдің мәртебесін асыру бағытында тағы қандай шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырсыздар?
– Қазіргі таңда біздің басты жоспарымыз – республикалық деңгейде өтетін байқауларда өңір намысын қорғайтын ұл-қыздарымызды тәрбиелеу. Сонымен қатар жергілікті жерде қазақ тілінің және де өзге тілдерді дамытуға қатысты шараларды жиі ұйымдастырып, жастардың белсенділігін арттыру.
Биылғы жыл өңіріміз үшін атаулы мерейтойлармен ерекшеленуде. Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай өңір басшысының қолдауымен мамыр айында “Мағжан көктемі” ІІ республикалық Мағжан өнері фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Бұл – ұлы ақынымыздың мерейтойына арналған үлкен шаралардың бірі.
Елімізде тілдерді дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп отырғандықтан, біз жыл сайын өткізілетін шаралардың қатары көбеймесе, азаймайтынына сенімдіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.