«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНДІРІСТЕГІ ӨЛІМ-ЖІТІМ 5 жылдан бері кемімей тұр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлем бойынша жыл сайын өндірісте 2 млн.-нан астам адам қаза табады екен. Бұл – Халықаралық еңбек ұйымының келтірген мәліметі. Жылдан-жылға бұл жағдай белең алып барды. Бүкілдүниежүзілік еңбекті қорғау күні бұл мәселе баса айтылады.

 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СҚО бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті осыған орай семинар-кеңес өткізді. Облыстық қуыршақ театрының залында өткен іс-шараға кәсіпорындардың жетекшілері, еңбекті қорғау қызметінің мамандары, еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторлар мен кәсіподақ өкілдері жиналды.  

– Облысымызда өндірістік жарақаттану 5 жылдан бері бірдеңгейде сақталып келеді. Өткен жылы өндірісте 55 жазатайым оқиға тіркелген. Солардың ішіндегі 12 оқиғаның соңы адам өлімімен аяқталған. Екі қызметкерде кәсіби сырқат белгілері анықталып, 63-і өндірісте зардап шекті, – деді Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Жанахмет Тасшығұлов. Жазатайым жағдайлардың себебі бұрынғысынша өндірістегі жұмысты ұйымдастырудың қанағаттанғысыз болуында, деген департамент директоры зардап шеккендердің жұмысқа ысылмағандығы, істен шыққан қондырғылар мен механизмдерді пайдалану, жұмыс беруші тарапынан өндірістік жұмыстың қауіпсіздігін жеткілікті қамтамасыз етпеуі сияқты өзге себептерді де тізіп шықты. 2012 жылы “Тимирязев элеваторы” ЖШС-нің қызметкерлері мен жұмыс берушінің арасында болған кикілжіңде жұмысшылар еңбекақыны көтеруді әрі еңбек ету жағдайын жақсартуды талап еткен.

 

2012 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 777 кәсіпорынды тексеріп, еңбек туралы заңнаманы бұзудың 2055 фактісін анықтаған. 1034 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 5 өндірістік нысанның жұмысы тоқтатылды. Қылмыс құрамын анықтау үшін ішкі істер органына 30 материал жіберіліп, нәтижесінде 2-і қылмыстық іс қозғалды.

Қызметкерлердің жүйелі түрде медициналық тексерістерден өтіп тұруы жұмыс берушіге тікелей қатысты. Өткен жылы зиянды жұмыс жағдайында қызмет ететін адамның тек 42 мыңнан астамы медициналық тексерістерден өткен. Ал медициналық тексерістерден өтуге тиіс адамдардың толық тізімі анағұрлым көп болып шықты. Бекітілген заңнаманың талабын шағын бизнес саласының жұмыс берушілері тиісті дәрежеде орындамайтыны жалған емес, деді семинар барысында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаменті директорының орынбасары Татьяна Горлова. Облыстың санитарлық қызметі өткен жылы осы мәселеге орай әкімшілік ықпал ету шараларын жүргізіп, нәтижесінде 51 айыппұл толтырылып, 88 қызметкер жұмыстан шығарылды.

Әрине, қарамағындағы қызметкерлерінің денсаулығын қадағалайтын кәсіпорындар да баршылық. Жиын соңында олар Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша “Сенім” байқауына қатысқан “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының президенті Еділ Қапенов пен “Молсервис” ЖШС директоры Сергей Чепуркоға да Алғыс хат табысталды. Сондай-ақ еңбекті қорғау бойынша үздік инженерлер де марапатқа ие болды. СҚО бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті “Жылдың үздік қауіпсіз кәсіпорны” аталымына “Петропавл – Кондитер”, “Стройкомпания”, “Агрофирма Майбалық” (М.Жұмабаев ауданы) серіктестіктері лайық деп танылды. Сонымен қатар еңбекті қорғау қызметі мен инженерлері және еңбекті қорғау жөніндегі үздік бөлмелер марапатқа ие болды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp