Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Үш құрсақ көтердім. Тұңғышымызды кішкентай кезінде ата-әжесі бауырына салған, біз оған аға-жеңгедейміз. Моңғолиядан ата-жұртқа көшіп келген соң, ұлды болдым. Тарихи Отанға қоныс аударарда біраз қиындықтар көрсек те, бүгінде бұл шешіміміздің дұрыс болғанына күмәніміз жоқ. Біз Моңғол мемлекетінің заңына бағындық, халқымен сыйласып өмір сүрдік. Олар да бізді ешқашан шеттеткен емес. Қазақстанға көшіп келгенімізге 12 жыл болса да, кіндік қанымыз тамған ол елдің түтіні мен ауасы әлі күнге дейін ыстық. Біздің ата-анамыздың мақсаты – ұрпағын ата-жұртқа жеткізу болса, біздің мақсатымыз – ұл-қызымыздың осы елдің абыройы үшін адал еңбек еткені, – деген отанасы Гүлсараның әңгімесі ұрпақ тәрбиесі туралы өрбіді.
Орта жастағы ерлі-зайыптылар Тілейхан Мәңкейұлы мен Гүлсара Рамазанқызы ұл-қызынан өздерінің өнерлі де өрелі ізбасарларының шыққанын қалайды. Бүгінде Бескөл ауылындағы “Мерей” өнер мектебінде оқып жүрген Мөлдір мен Досымжанның музыкаға және қолөнерге қызығушылық танытуы ата-анасын қуантады. Олар ұл-қызының бойында тұтанып келе жатқан ұлттық өнерге деген оң көзқарасты аңғарып, былтыр аудандық, одан әрі облыстық деңгейдегі “Отбасы – алтын діңгек” байқауына қатысты. Ондағы ата-ананың көздегені – балаларға сахна әдебі мен мәдениетін үйрету, оларды жұртшылықтың алдында өздерін еркін ұстай білуге баулу болатын. Аяқастынан құрылған отбасылық топтың алғашқы қадамы жеңісті де болды. Олар аудандық байқауда екінші орын иеленіп, облыстық деңгейде де топ жарып, екінші орынды қанжығаларына байлап қайтты.
“Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар” дегендей, Тілейхан мен Гүлсара өздерінің өнерге деген сүйіспеншіліктерін ата-аналарынан қалған мұра деп есептейді.
– Анам шебер тігінші әрі тоқымашы болды. Ол іспен айналысқан кезде мен оның қасынан шықпайтынмын. Тоқыма тартылған кергіштің астына жатып аламын да, анам сүйір саусақтарымен бізді қалай қимылдатып жатқанын ұзақ бақылаймын. Біраз уақыттан соң бәрін біліп қалған адамдай анамнан тоқымасын беруді сұраймын. Бірақ ол: “Әбден үйренген соң беремін, әйтпесе, бұйымды бүлдіресің”, – деп келіспейді. Одан әлгі тоқыманы тоқуға аңсарым тіпті ауады. Анам басқа жұмысына кеткен кезде мен оның ісін жалғастыра бастаймын. Әрине, ондай кезде баланың ісі шала болып жатары анық. Бірақ, анам ол үшін мені сөкпейді. Үйренуге деген талпынысымды құптайтынын жанарынан аңғарушы едім, – дейді Гүлсара өз балалық балдәуренін сағынышпен еске алып.
Ол Моңғолияда кілем тоқитын фабрикада талай жыл еңбек етіпті. Алайда, бүгінгі айналысып отырған ісін, яғни қазақтың ұлттық бұйымдары мен киімдерін кәсіби тігуді ата-жұртқа келген соң үйренгенін айтады.
– Ою-өрнектің қыр-сырын мен Сақып Рақымжанқызынан үйрендім. 2001 жылы Бескөл ауылына көшіп келгеннен кейін, жергілікті тұрғындармен араласа бастадым. Қонаққа шақырушылар көбейді. Сондай бір отырыста көп жұрттың арасынан аппақ киім киген кейуана көзіме ерекше көрінді. Ол кісімен танысқым келді. Онымен бетпе-бет келген сәтте өз ойымды жеткіздім. Сақып апай табиғатынан ерекше жан ғой. Жылы, қоңыр даусымен “танысайық” деп тұратын үйінің мекенжайын берді. Бірақ онымен сөйлескен кезде сасқалақтап тұрдым ба, әлде ауылды дұрыс білмегендіктен бе – айтқан мекенжайы есімде сақталмапты. Өкінішпен жүрген күндердің бірінде үйіме Сақып апайдың өзі келді. Содан бері ол – менің ұлттық қолөнерді үйретуші тәлімгерім. Сондай-ақ көңілім жабырқаған сәттерде қолдау көрсететін ақылшым да. Оны мен өзімнің туған анамдай жақсы көремін, – дейді Гүлсара.
Отанасы балаларына кішкентай кезде барлық киімдерді өзі тігіп, тоқып бергенін, бірақ олар ержеткен сайын қолдан тігілген заттарды кигілері келмейтіндерін айтады. Сондықтан бүгінде қолөнершінің жасайтын бұйымдары – үй тіршілігіне қажетті заттар. Гүлсараның қолымен тігілген төр көрпелер, жастықтар, тұскиіздер, қалташалар әртүрлі ою-өрнекпен көмкеріліп, қараған кезде көздің жауын алады. Жалпы, заттардың түр-түсін қиыстырудан асқан шеберлікті танисың.
– Мен балаларға ұлттық тәрбие бергім келеді. Сондықтан ою-өрнекті ермек қылып отырған кезде қызым оған қызығушылық танытса, жаным жадырайды. Тіпті, тоғыз жасар ұл да сырт көзден тығылып, ине-жіп ұстап қояды. Мейлі деймін, білгенінің артықтығы болмас, үйренсін. “Жігітке жеті өнер де аз” деген ғой. Балам музыка мектебінің 2-ші сыныбының сырнай тобында оқиды. Ер баланың әкесін айналшықтағаны дұрыс қой. Сондықтан ол екеуі бір-бірін жақсы түсініп жатады. Жолдасым әуенге жаны жақын адам. Сондай-ақ баласына ағаш жонуды да үйретіп қояды, – дейді Гүлсара.
Тілейхан Мәңкейұлы түрлі аспаптарда, дәлірек айтсақ, домбырада, баянда, пианинода, примада, балалайкада ойнайды. Ол өзінің бала күнінде атасы кішкентай домбыра сатып әперіп, содан әуенге деген әуестігі ұласып кеткендігін айтады. Ол өз бетінше түрлі аспаптарда ойнауды үйренген. Өз әңгімесінде отағасы музыка өнерінің кәсіби жолына түспегеніне өкініші бар екендігін байқатты. Алайда, ол өзінің орындалмаған арманын балаларының бойынан көруді мақсат етеді. Сондықтан қолы босаса отыра қалып, ұлымен көңіл көтергенді ұнатады. Іңір батып, мал қораға кіріп, үй шаруасы бір жағына ыңғайланған кезде бұл отбасының тіршілігін мен көз алдыма былай елестеттім: отанасы қасына қызын отырғызып, тігін машинасының құлағын бұрап отыр, ал отағасы ұлымен бірге аспаптарда ойнап, шаңыраққа шаттық сыйлайды.
– Соңғы жылдары қоғамымызда ұлттық өнерге деген оң көзқарас қалыптасып келеді. Бүгінгі қыз бала – ертеңгі шаңырақтың отанасы. Ендеше оның қолы әр нәрсеге епті болғаны дұрыс. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүр мен мәдениетті әрі қарай дамытатын осы балалар. Әсіресе, әйел адамдар. Өйткені, ана сәбиі ес білгенінен бастап тілге, өнерге, дәстүрге деген қызығушылығын оятуға тиіс. Бұл – парыз. Біздің балалық шағымыз ата-жұрттан шалғайда өтсе де, ұлттық құндылықтарымызды аға буын ұмыттырған жоқ. Үлкен адамдар отырған жерде тілімізді шұбарлап сөйлесек, сөгіс еститінбіз. Домбыра тартып, ән айтсақ, олардың көңілі масайрайтын. Сондықтан да біздің ұлттық өнерге деген сезіміміз қанмен сіңген деп айтар едім, – дейді ол ағынан жарыла.
Қолөнермен Гүлсара өз көңіл күйін де сездіреді екен. Ол күн ұзаққа жұмысбасты болып, бірнеше күн қолына ине мен жіп алмауы немесе керісінше, тігін машинасының құлағынан алшақтай алмай қалуы да мүмкін. Жалпы, қолөнер ол үшін көтеріңкі көңіл күйінің айнасы екендігін 26 жыл бірге отасқан жұбайы айтады:
– Мен жұмыста немесе шаруамен сыртта жүрген кезде үйге телефон шалғанда зайыбым тігіншілікпен айналысып жатырмын десе, оның көңіл күйінің жақсы екендігін байқағандай боламын, – дейді отағасы.
Ал осындай еңбекпен келген заттардың басым бөлігі жұртқа сый-сияпат ретінде таратылып берілетіндігі бүгінгі нарық заманына үйренген адамды таңғалдыруы ықтимал. Гүлсара туыс-тума, дос-жаран, көрші-қолаңның табалдырығын аттай қалса, қолына өзі тіккен бір бұйымды ала барады. Арнайы шақырғандарға төр көрпелер немесе жастықтар, тұскиіз сияқты бұйымдар сыйланады. Әрине, қолөнердің бағасын білген адам оны үлкен сый ретінде қабылдайды.
– Қолөнер күнделікті тұрмыс-тіршілікте көп пайдаланылмайды. Адамдар қолдан жасалған бұйымдарға сүйсіне қарайды, сыйға тартсаң, қуана қабыл алады, бірақ, оған тиісті бағасын қойып сатсаң, алатындар жоқтың қасы. Сондай-ақ үлкен төзімділікпен, еңбекпен жасалған бұйымдарды арзан бағаға сатып, одан пайда көруге дәтім бармайды. Оның үстіне өзімнің сүйсіне іс-тейтін әуесқойлығым үшін ақы сұрағанды да ыңғайсыз көремін. Әзірге нарық сұранысында қолөнерді тұтынушылар шамалы. Сондықтан, барлық бұйым сый-сияпатқа кетеді, – дейді Гүлсара.
Ал отағасы қолөнер кәсіпкерлігін дамытуға кет әрі емес екендігін білдірді. Ол да ағаштан бұйымдар жасауға қолы епті екендігін айта отырып, алдағы күндері өз шеберханасын ашу мақсаты бар екендігін жасырмады. Сол кезде зайыбының да бұйымдары табыс көзі болар дейді. Әрине, балалар өскен сайын олардың сұранысы да ұлғаюда. Оның үстіне олардың жоғары білім алуына да көмектесу керек.
– Ата-жұртқа келгеніміз жөн болды. Бүгінде екі елдің арасындағы жақсы қарым-қатынастың арқасында туған жерімізге де жиі барып тұрамыз. Ал мұндағы ортаға сіңісіп кеттік. Енді Бескөл бізге аяулы Отанымыздың ең ыстық бөлшегі іспеттес, – деген ойларын Тілейхан мен Гүлсара қосарлана жеткізді.