«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫРНАЙ САЗЫ ӘЛІ ДЕ СҮЙІКТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Балалар мен жасөспірімдердің музыкалық шығармашылығын шыңдауға арналған “Әуендет, менің сырнайым!” атты фестиваль облыс орталығындағы Достық үйіне жиналған қауымның көңілін бір сергітіп тастады. Өңірімізде алғаш рет өткізіліп отырған бұл шараны Петропавлдағы өнер колледжінің дарынды балаларға арналған мектебі ұйымдастырды. Халықтық өнер туындылары мен ұлттық аспаптарды насихаттауды көздеген аталмыш фестивальға қатысушылар қатары қалың болды. Оған Қызылжар және Мамлют аудандарындағы өнер мектептерінің, петропавлдық “Жас дарын” өнер мектебінің, эстетикалық тәрбие бағытындағы жалпы орта білім беретін №8 мектептің шәкірттері және шараны ұйымдастырушы мекеменің оқушылары мен студенттері қатысты. Жас көрсеткіштеріне қарай топталған қатысушылар жекелей және ансамбльдің сүйемелдеуімен өнерлерін көрсетті.

Кіші топта А.Ракова, А.Самыкин, Д.Данильченко, Л.Обухов, Д.Тілейхан, В.Асташев, И.Латфулин, Амина мен Тахмина Сахатовалар сахнаға шықты. Қолдарына сырнай алғандарына әлі көп бола қоймаған жас бүлдіршіндер балғын саусақтарымен аспаптың түймелерін әрең басып, көрермендердің көзайымына айналды. Ал екінші топта 11-13 жас аралығындағы балалардың өнерлері тамашаланды. Онда Владислав пен Анастасия Первушиндер, Н. Лысенко, Н. Тарасенко, А. Пахомов, П. Лопуцкий сынды жас таланттар өнерлерін ортаға салды. Жастары үлкенірек бұл қауымның аспапта ойнау қабілеттері жоғары екендігі танылып, әуендері асқақтай жөнелді. Үшінші кезек 14-15 жас аралығындағы балаларға беріліп, онда А. Арсланова, Н.Ситников, М.Стародубцев өнерлерін ортаға салды. Ал үлкен топтағы Э.Негрило, К.Кудрявцева мен П.Грачевтің сырнайда ойнау шеберліктері кімді болсын тамсандырмай қоймады. Аспапты еркін меңгеріп алған жастар бірнеше әуенді әуелетті. Сондай-ақ фестивальда топтасып орындаған бірнеше композиция тамашаланды.

Ұлттық аспаптың қолданысын дамыту бастамасы сәтті аяқталып, шара соңында өнерпаздарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp