«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘУІРДІҢ СОҢЫНДАҒЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жұма күні Петропавл қалалық классикалық гимназияның ұжымы және ата-аналар Наурыз мейрамын тойлады. 

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Гимназияның спорт алаңына жартылай киіз үй пішінінде сахна құрылып, оқушылар жиналғандарға концерт берді. Сахнаның оң қанатында балалар алтыбақан тепті. Сыныптар арасында әртүрлі сайыстар ұйымдастырылды. Солардың бірі – ең дәмді әрі тартымды дастарқан байқауы. Қазанда бауырсақ пісіріліп, самаурындар қойылды. Концерт тамашалап болғаннан кейін жиналғандар оқушылар мен олардың ата-аналары үйлерінен дайындап әкелген көже мен сүрдің етінен дәм ауыз татты. Қымыз сапырылды. Ақ жаулықты әжелер Ұлыстың ұлы күніне тілектерін айтып, шашу шашты.

 

Ұлттық киім киіп келген оқушылардың да іші пысқан жоқ. Жоғары сыныптарда оқитындар арқан тартып, асық ойнап, қол күрестен мықтыларды анықтаса, бастауыш сыныптың тәрбиеленушілері сурет салып, ағаш атпен жарысты.

Бір ай кешіксе де, бұл мереке көңілді өтті. Наурызды кеш тойлаудың себебін аталмыш оқу орны директорының міндетін атқарушы Данияр Уәлиев былай түсіндіреді:

– Біздің аймақтың қысы ұзақ. Дәл наурыз айында бұл жерде алтыбақан теуіп, асық ойнап, көкпар тартып, арқаңызды күнге тосып, маужырап отыра алмайсыз. Сондықтан Наурызды 2 ай тойлау дәстүрі, әсіресе, еліміздің солтүстік өңіріне керек. 22 наурыз, өздеріңіз білесіздер, күн суық болып, қар жатты. Далада тойлауға мүмкіндік болмады. Негізінен Ұлыстың ұлы күнін мектеп ғимаратының ішінде де атап өтуге болушы еді. Алайда, ол жүрегі қазақ деп соққан балалар үшін әсерлі болмас еді. Сондықтан жер көктегенін тосуға тура келді. “Ештен кеш жақсы” демекші, мерекеміз сәтті өтті деп ойлаймын.

Қала мектептерінің ішінде Наурыз алғаш рет осындай деңгейде атап өтіліп отыр. Төл мерекемізді тойлауға мұғалімдермен қатар, оқушылар және олардың ата-аналары да жауапкершілікпен дайындалғаны байқалып тұрды.

Суретті түсірген автор.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp