«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛШЫҚТЫҢ ЮЛИЯСЫ талайдың таңдайын қақтырып жүр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Юлия Матвеева – облыс орталығындағы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 2-курс оқушысы. Әкесі – татар, анасы – орыс. Қазақша майын тамызып сөйлейтін ол – қазір өзі қатарлы жастарға үлгі болып жүрген ару.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Юлия – өзі оқитын колледждің мақтанышы. Ол соңғы рет облыстық Абай оқуы байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Қазақ тілінде мүдірмей сөйлегеніне риза болған қазылар алқасы 14 өзге ұлт өкілі арасынан Юлияны үздік деп таныды. Енді ол қыркүйек айында Қостанай қаласында өтетін республикалық Абай оқуы байқауында облыс намысын қорғайтын болады.

“Таңдауымыз дұрыс болған екен, оқушымыз сайысқа қатысқан 14 үміткер арасында бірден көзге түсті. Қазақ тілінде мүдірмей сөйледі. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” өлеңін нақышына келтіріп, жатқа айтып берді. “Абай жолы” романындағы Абай мен Әйгерімнің сұхбатын оқыған кезде баршамыз оны ұйып тыңдадық”, – дейді кәсіптік-педагогикалық колледждің мұғалімі Бота Балғарина. Белсенді бойжеткен бұдан бұрын да өзге ұлт өкілдері арасында өткен тіл байқауларына қатысып, марапат иемденіп жүрген болатын. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері жастарының арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін көтеру және оны оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілетін шаралардан тыс қалмауға тырысады. Мәселен, “Тіл – халық жанын тыңдаудың кілті”, “Тіл – достық бірлігі” , “Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ” атты қалалық байқауларда топ жарған. Қазылар алқасы Юлияның сөйлеу және сахналық мәнерін жоғары бағалайды.  

Юлия Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында туып-өскен. Орыс мектебінде оқыса да, қазақ балаларымен достасып, кішкентай кезінен екі тілге машықтанған. Көршілері мен мектептегі ұстаздары да бұл бойжеткеннің қазақ тілінде мүдірмей сөйлеуіне себепкер болса керек. Бос уақытында Мұқағали Мақатаев пен Жұбан Молдағалиевтің өлеңдерін оқып, олардың мағынасын ұғынуға тырысады.

Юлия қазір “Педагог-ұйымдастырушы” мамандығын игеруде, болашақта М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Тіл және әдебиет институтына оқуға түсуді жоспарлауда. “Ел болашағын ойлайтын азамат қана мемлекеттік тілінің кемелденуіне өз үлесін қосады деп есептеймін. Орысша сөйлейтін, қазақша сөйлеуге ұялатын замандастарымды өз ана тілін қадірлеуге, мақтан етуге шақырамын. Кеудемізде намыс болса, мемлекеттік тілімізді өзіміз үйреніп, өзгелерді қазақ тілін білуге үгіттеуіміз қажет. Қазақстан – бірлігі жарасқан ел ғой. Ал қазақ тілін білу – бірліктің мәңгілікке сақталуының басты кепілі”, – дейді ол.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp