«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН КЕЛЛЕРОВКА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ементай АМАНЖОЛОВ,

Келлеровка орта мектебінің мұғалімі.

Келлеровка – ынтымағы жарасқан көпэтносты ауыл. Мұнда жергілікті ұлтпен қатар поляк, орыс, украин, белорус, шешен, ингуш, армян және тағы басқа этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді.  

Ауылымыз 1905 жылдары Поволжье, Украинаның Одесса облысынан қоныс аударған немістердің арқасында құрылған. Сол себепті де ауылдың атауы ауқатты неміс көпесі Келлердің есімімен аталады. Тоғыз жолдың торабы – Петропавл мен Көкшетау қалаларының арасында, бір географиялық ендікте орналасуы және жерасты суының жақындығы, орман-тоғайдың мол болуы неміс қоныстанушыларын қызықтырса керек. Келлеровканың бұрынғы аты – Мезгіл. Қарт адамдардың айтуына қарағанда, бұрын бұл ауылдың орнында Мезгіл елді мекені болған. Келлеровка ауылының алғашқы қоныстанушыларының ұрпағы – еңбек ардагері Иван Бржец қарттың айтуынша, бала кезінде Мезгіл ауылының жұртын көрген екен. Әрі бұл жерде Мезгіл ауылы болғанын әке-шешесі де айтқан көрінеді. Бржецтің отбасылары Столыпиннің аграрлық реформа саясатына байланысты 1905 жылы Украинаның Одесса облысынан қоныс аударған. Ал неміс қоныстанушылары теміржолмен, ат-арбамен жаяулап-жалпылап жеткен. Қазіргі Келлеровка ауылының жеріне қоныстанған алғашқы немістер – Эккерт, Вагнер, Ашенбергери отбасылары. 1929 жылы Келлеровкада “Роте Фане” колхоз артелі құрылған екен. 1936 жылы Сталиннің жарлығымен Батыс Украинаның Винница, Хмельницкий, Житомир облыстарынан сенімсіз ретінде поляк ұлтының өкілдері Солтүстік Қазақстанға жаппай күштеп қоныстандырылды. Сол жылдары көптеген поляк отбасылары біздің ауылға келген. 1940 жылы Поволжьедегі неміс автономиялық республикасы таратылып, неміс ұлтының өкілдері де жаппай күштеп жер аударылғанда олар да Келлеровка ауылына қоныстанады. Қазір сол кезді көзі көрген қариялар жергілікті ұлттың соңғы нанымен бөлісіп, құшақ жая қарсы алғанын, жатсынбай, бауыр басқаны туралы айтып отырады. Сонымен қатар елімізге депортация жылдары Солтүстік Кавказдан шешен, ингуш, балкар-қарашайлар, Қиыр Шығыстан корейлер де қоныстандырылды. Бұл лек мұнымен толастамай, 1954 жылы тың игеру кезінде Келлеровкаға тағы да бірқатар өзге ұлт өкілдері қоныстанды. Ал Кеңес Одағы ыдырап, еліміз Тәуелсіздік алған жылдары ауылымыздағы бірқатар этнос өкілдері тарихи Отандарына қоныс аударды.

 

Ал бұл жерді жатсынбай, жалғыз Отаны санағандар Келлеровка ауылында осы күнге дейін өмір сүріп жатыр. Мәселен, ауылда қалған поляк ұлтының өкілдері 1993 жылы өздерінің этнобірлестігін ұйымдастырып, “Подолянка” атты вокалдық топ құрды. Биыл аталмыш топтың құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл топ репертуарындағы поляк, украин, орыс халық әндерін шырқап, жұртшылықтың көңілінен шығып жүр. Ауылдағы Наурыз мейрамы, Масленица және тағы басқа мәдени шараларға бұл топ белсене қатысады. “Подолянка” аудандық, облыстық көркемөнерпаздар және республикалық поляк әндері байқауларына да қатысып, өз өнерлерін көрсетіп жүр. Вокалдық топ құрамында ауылымыздың мұғалімдері, дәрігерлері, үй шаруашылығындағы тұрғындар – Г. Рыбицкая, Г. Андрущишина, И. Марчук, Т. Дворецкая, Н.Большова, В.Грамм, Т. Зелинская, Е.Романова бар.

Келлеровка Мәдениет үйінде басқа көркем-өнерпаздар топтары да жұмыс істейді. Зейнеткерлерден құралған “Ветеран” тобында Л. Ситдикова, Л.Заболотная, В.Нефедова, Р.Малиновская, Е.Демиденко өнер көрсетеді. Мектеп оқушыларының “Грация”, “Ромашка” би топтарына Е.Антохина жетекшілік етеді.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Келлеровка ауылына Моңғолиядан, Өзбекстаннан келген ағайындарымыз да қоныстанды. Осының арқасында ауылдағы жергілікті ұлттың саны артып, 1995 жылы сол кезде аудандық оқу бөлімінің басшысы болған Қайыркен Нұрымжанов және тағы басқа азаматтардың атсалысуымен Келлеровка орта мектебінде қазақ сыныптары ашылды. Бүгінгі Келлеровка орта мектебінің ұстаздар ұжымы ауылдың мәдени іс-шараларына белсенді атсалысады. Көп-этносты Келлеровканың гүлденуіне, ішкі бірлігінің сақталуына осы мектептің ұстаздарының қосып жүрген үлесі зор. Ынтымағы жарасқан Келлеровка ауылының тұрғындары “Бір ел – бір тағдыр” дегенді естен шығармай, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp