«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРЗАННАН БАСТАП, ҚЫМБАТҚА КӨШКЕН кәсіпкер іс өрісін кеңейте түсті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Бір кездері Ақжар ауданындағы мектептердің бірінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған Сергей Байдала – қазір тасы өрге домалаған кәсіпкерлердің бірі.

 

Ата-анасы 1960 жылы Қазақстанға Украинадан көшіп келгенде Сергей Байдала небәрі 4 жаста болған. Сол себепті де Қазақстанды өзінің Отаны санайтын ол өсіп-өнген елінен кеткісі жоқ. Кәсібін ашты, еңбегінің жемісін көрді.

– Сауда-саттықпен айналысуды осыдан 15 жылдай бұрын бастадық. Ол кезде мен мектепте жұмыс істеймін, ал зайыбым Галина жұмыссыз болатын. Зайыбым екеуміз ойлана келе қаржылық жағдайымызды оңалту үшін саудамен айналысуға бел будық. Себебі, Галинаға бұл сала мамандығы бойынша таныс еді, – дейді Сергей Иванович.

Қоғамның қалтасы көтеретін арзан дүниеліктерді сатудан бастаған олар аз-мұз қаржы жиналған тұста шағын азық-түлік дүкенін ашады. Сауда-саттықпен түбегейлі айналысудың іргетасы қаланғаннан кейін ерлі-зайыптының ісі ұршықша иіріледі. Дүкендер мен сауда орындарында тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ, кеңсе тауарлары, мата, ойыншық, косметика сататын бөлімдері ашыла бастайды. Бүгінде ауданда кәсіпкердің 5 дүкені және олардың бірнеше бөлімдері жұмыс істейді. Сауда нысандарының тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуін жоғарылату үшін дүкендерді заманауи құрылғылармен жабдықтап, еуропалық үлгідегі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген.  

– Бұл тұтынушыларымызды сыйлағандығымыздың белгісі. Біз саудамен айналысқан кезде арзан тауарларды сатсақ, қазір бағасы орта және жоғарысын сатуға көштік. Қазіргі таңда тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жоғары. Олар қымбат болсадағы сапалы дүниелер алғылары келеді. Бұрын қарапайым теледидарларды әкелсек, қазір елдің сұранысына сай оның плазмалық түрін саудалаудамыз, – дейді Сергей Байдала.

Егер тұтынушының қаржысы жетпей жатса, кәсіпкердің “БаГиС” микрокредиттік ұйымының қызметіне жүгіне алады. Осыдан бірер жыл бұрын кәсіпкер тұрғындарға қымбат бұйымдарды қарызға беру арқылы сата бастайды. Алайда, заңдық күші бар құжаттарсыз қарызды қайтару қиын болған соң микрокредиттік ұйым ашқан. Бүгінде аудан тұрғындары сатып алу үшін ғана емес, басқа да қажеттіліктеріне де 300 мың теңгеге дейін қаржы алады.

– Аталмыш ұйымды өзіміз қаржыландырып отырамыз. Ашылған кезде мемлекеттің қаржыландыруына да ие бола алатындығымызды айтқан. Алайда, бұл іс күрделеніп кетті. Ал банктер біздей бәсекелестерін қаржыландырмайтыны сөзсіз. Әзірге аудандағы жалғыз микрокредиттік ұйым, – деген кәсіпкердің екі цехы бар.

Тұрғындардың сұранысын ескере отырып, жартылай қираған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, кулинарлық өнімдер шығаратын цехы бар дүкен ашқан. Қазір бұл цехта 30 түрлі кулинарлық өнім пісіріледі. Ал онымен қатар ашылған жиһаз цехы да тапсырыс берушілерді бірден тапқан.

– Қазіргі таңда біз сауда-саттықтан қызмет көрсету саласына ауысуды жоспарлап отырмыз. Егер бірер жыл бұрын тұрғындардың сұранысы компьютер, теледидар, спутниктік телевизия қабылдау құралдары болса, қазір оларға бұларды жөндейтін қызмет қажет. Осы орайда аудан орталығында компьютер жөндейтін қызмет аштық. Ұялы телефон сатумен қатар, байланысқа ақша аударумен де айналысамыз. Аудан орталығында екі жерге өз-өзіне қызмет көрсету терминалдарын орнаттық, – деді Сергей Байдала.

Уақытпен бірге алға жылжуды, ісінің өрісін кеңейтуді жоспарлап отырған кәсіпкер жаңа технологияларды игеруді мақсат етіп отыр. Себебі, бүгін табысты болған кәсіп түрі ертең өз маңыздылығын жояды. Мұны жақсы білетін Сергей Байдала алдағы уақытта жүзеге асырғалы отырған бір жобасы жайында: “Әзірге құпия. Бәсекелестер біліп қалады”, – деді. Ал біз үшін кәсіпкердің әр “құпиясының” арқасында жаңа жұмыс орындары ашылғаны маңызды. Бүгінде оның сауда нысандарында 22 адам жұмыс істейді. Еңбекақыларының орташа көлемі 30 мың теңге төңірегінде.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp