Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткізілді. Осы алқалы жиыннан алған әсерін білмек болып Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Елена Мезевамен кездескен едік.
– Елена Николаевна, мерейтойлық сессияға қатысып қайттыңыздар. Алған әсеріңізбен бөліссеңіз…
– Ассамблеяның мерейтойлық сессиясына республикамыздың барлық өңірінен қатысқан 1300-ге жуық адамның барлығы шабыттанып шыққаны анық. Сессия барысында болған атмосфераны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Елбасының әр сөзін ықылас қоя тыңдап, кезекті тапсырмалар мен міндеттерді орындауға асық болдық. Сыртқа шыққаннан кейін Ассамблея мүшелері бір-бірімен қызу талқылап, алған әсерлерін әріптестеріне айтуға асық болды.
– Бұл жиында Ассамблея мүшелеріне ғана емес, жалпы қазақстандықтарға ішкі тұрақтылық пен бірлікті сақтау жолында зор жауапкершілік артылды. Осы жайлы айтсаңыз.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының әр сессиясында Елбасы бізге ортақ Отанымызда орнаған бейбітшілікті, келісімді, бірлікті, тұрақтылықты баянды ету жолында бағыт сілтеп, алдымызға зор міндеттер қоятын. Бұл жолы да бұл дәстүрден тайған жоқ. Әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасының қабылдануы көп жайды аңғартады. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі бұрынғы қалыбынан шығып, алдағы 7 жылда жанданып, жетіледі деген сөз. Маған Елбасының: “Қазақстандағы қоғамдық келісім ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес”, – деген сөзі көңілімнен шықты. Бұл жерде Президент қазақ ұлтының біріктіруші рөлін ашық әрі қадай айтты.
– Бүгінгі таңда өңірімізде жергілікті ұлт пен өзге этностар өкілдерінің саны қанша?
– 2012 жылғы мәлімет бойынша өңір тұрғындарының 32,7 пайызын – қазақтар, 49,2 пайызын – орыстар, 6 пайызын – украиндықтар, 4 пайызын – немістер, 2,5 пайызын – поляктар, 2,6 пайызын – татарлар, 1,3 пайызын беларустар және тағы да басқа ұлттар өкілдері құрайды. Мұндай құраммен елдегі тыныштықты тек өзара сыйластық, төзімділік, түсіністік сақтайды. Менің ойымша, біз осы күнге дейін қоғамға бұл сөздердің мәнін түсіндірдік, оның қаншалықты маңызды екендігін тұрғындар санасына жеткіздік. Осы жерде өмір сүріп жатқан әр адам таңының арайлап атқанын қалайды. Мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі емес, қарапайым әйел ретінде әр таңымды тыныш қарсы алып, балаларымның алаңсыз өмір сүргенін қалаймын. Бұл – әр адамның көкейіндегі тілек. Сол себепті Қазақстанымыздағы татулық пен тыныштықты сақтауға жалғыз Ассамблея мүшелері ғана емес, бүкіл қоғам атсалысуда.
– Елбасының Ассамблея жанынан Достық үйлері директорларының республикалық әдістемелік кеңесін құрып, жұмыстың ең озық және тиімді тәсілдерін табуды және ортақтандыруды тапсыруы өзіңіз айтқан жандануға жасалған қадам емес пе?
– Иә, бұл Достық үйлерінің бір-бірімен өзара тәжірибе алмасуына жол ашпақ. Басқа өңірлердегі әріптестерімізбен семинарларда, конференцияларда кездескеніміз болмаса, қоян-қолтық жұмыс істеген жоқпыз. Ара-тұра болатын кездесулердің өзінде бір-бірімізден атқарып жатқан жұмыстарымыз жайлы сұрап, біраз мағлұмат алушы едік. Өткен жылы Астанаға барып, біздің жақтан сайланған депутаттармен кездестік. Бізден барған делегацияға ел қалаулылары атқарып жатқан жұмыстарын айтып, таныстырды. Бұл сапардан оралғаннан кейін облыстық мәслихаттағы татулық, қоғамдық және этносаралық мәселелер жөніндегі депутаттар тобымен жергілікті жерлерде тұрғындармен кездесу өткізу керек деген ой туындады. Бұл ойымызды жүзеге асыруда Есіл ауданы қолдау танытты. Бұл ауданға облыстық мәслихаттың татулық, қоғамдық және этносаралық мәселелер жөніндегі депутаттық тобы барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Ассамблея жанынан Достық үйлері директорларының республикалық әдістемелік кеңесі құрылуы біздің жұмысымызға жаңа серпін берері сөзсіз.
– Сондай-ақ өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың тұжырымдамасын жасау және Қоғамдық келісім кеңестерін құру да жүктелді. Бұл міндеттерді орындауда жоспарларыңыз бар ма?
– Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл тапсырмаларды жүзеге асырудың жоспарын әзірлеп, бізге жібергеннен кейін соның негізінде өңірлік тұжырымдама жасалып, Қоғамдық келісім кеңесінің құрамы анықталады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істеп жатқан 18 жылдың ішінде әр этнос өкілдері өздерінің тілін, ділін, мәдениетін жаңғыртты. Қазіргі таңда Ассамблеяға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту міндеті де жүктеліп отыр. Осы орайда Елбасы: “Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып отыр”, – деп қадай айтты. Бұл жөніндегі пікіріңіз қандай?
– Мен, әсіресе, қазіргі жастарға ризамын. Олар балабақшадан бастап қазақ тілін үйренуге аса көңіл бөлуде. Бұған ата-аналары да түрткі болуда. Жастар өз заманының көшінен қалмауға тырысады. Себебі, олар мемлекеттік тілді білу арқылы оқуда да, жұмыста да зор мүмкіндіктер ашылатынын жақсы біледі. Қазақ тілін жетік меңгерген ұл-қыздарымыз елдің назарына ілініп, халықтың ықыласына бөленіп жүр. Бұл өсуді ойлайтын жастарға бірден әсер етеді. Біз Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, мемлекеттік тілді білуіміз қажет. Бұл – біздің асыл парызымыз. Бізде жастар облыстық ассамблея жанындағы қазақ тілі үйірмесіне барып, мемлекеттік тілді үйреніп жүр. Сондай-ақ бірқатар этномәдени бірлестіктер де қазақ тілін дамыту үшін түрлі шаралар ұйымдастыруда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.