«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗДА АҚША ТАПҚЫҢЫЗ КЕЛСЕ, студенттердің еңбек биржасы көмектеседі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұңғыш рет біздің өңірде ашылған қанатқақты “Студенттік еңбек биржасы” өз жұмысына қайта кірісті. Жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға бағытталған жобаны дамытуға облыстық бюджеттен 5 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұнда биыл 2 мыңға жуық қыз-жігітті жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.

Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

– Қазір биржаның дерекқорында екі мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген. Біз 85 мемлекеттік және жекеменшік жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатудың жан-жақты жолдарын қарастырып жатырмыз. Жаз – нағыз еңбек айы. Соған орай, қысқамерзімді және маусымдық жұмыстарға сұраныстың еселеп артары сөзсіз. Осы кезеңде үш мыңға тарта жасты еңбекке тартатын боламыз. Биржада тіркеу рәсімінен өткен әр жасқа арнайы есеп карточкасы толтырылып, жеке бақылауға алынады. Бұдан тысқары түрлі құқықтық кеңестер де береміз, – деді жастардың ресурстық орталығының жетекшісі Сергей Белов.
Оның айтуынша, қазір еңбек нарығында жас мамандарға 200 бос орын ұсынылған. Ал үстіміздегі жылы 2056 жас жұмыспен қамтылған екен. Жасы 18 бен 29 арасындағы азамат кәсіп таба алмай жүрсе, облыс орталығының М. Жұмабаев көшесіндегі 109-шы үйдегі, 505-ші кабинетке келіп, мамандармен жолыға алады. Мұнда құрылыс топтары мен “Жасыл ел” қатарында еңбектенгісі келетіндер де тіркеліп, жаз уақытында жұмысқа кіре алады. Жұмысқа орналасқан әрбір жас 20-30 мың теңге аралығында жалақы алмақ.
Бүгінде “Студенттік еңбек биржасының” кеңсесі талапқа сай жабдықталған. Компьютерлер орнатылып, 5 штаттық бірлік беріліпті. Мұндағылар жобаны жүзеге асыруға белсене кірісіп кетіпті.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp