Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Стамбул процесіне қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері конференциясының ашылуына қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі кездесуде Ауғанстанның одан арғы дамуына байланысты мәселелердің талқылауға шығарылғанын атап өтті.
– Ел аумағының көп бөлігі қазір Ауғанстан Үкіметінің жауапкершілігінде. Біз бұл үрдісті нығайта түсу жөніндегі ел басшылығы мен халықаралық қоғамдастықтың күш салуына қолдау білдіреміз. Алайда, халықаралық коалиция күштерінің шығарылуы, менің пікірімше, Ауғанстанға әлемнің назарының бәсеңдеуінің белгісі ретінде қарастырылуға тиіс емес. Ол елдің барлық толыққанды күштері үшін жаңа, бейбіт даму кезеңіне өтудің белгісі болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев басты міндет ішкіұлттық келісімнің жетістігі мен ұзақмерзімді бейбітшіліктің негізін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Қазақстан Президенті халықаралық көмек көрсету бағдарламаларының негізін құраушы элемент – Ауғанстанды экономикалық тұрғыдан оңалту екенін атап көрсетті. Ол бұл үшін өңірлік интеграцияның маңызды шарт болып табылатынына тоқталды, Қазақстан өңірлік көлік инфрақұрылымын құруға белсенді түрде инвестиция салуда, сондай-ақ әлі пысықталып жатқан өңірлік ірі жобаларға қолдау көрсетуде. Мемлекет басшысы Ауғанстанды дамытуға байланысты міндеттерді шешу үшін қуатты көлік торабы ретінде Алматы қаласының мүмкіндіктерін іске қосқан жөн екені туралы пікірін білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанды қалпына келтіру жөнінде халықаралық қоғамдастықтың гуманитарлық күш-жігер жұмсау ісіне еліміздің белсене қатысып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы 2007 жылдан бері еліміздің арнайы Ауғанстанға көмек жоспарын жүзеге асырып келе жатқанына тоқталды.
– Оның аясында жас ауған азаматтары үшін 1000 бейбіт мамандық иелерін даярлау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл сайын Қазақстан Ауғанстанға қайтарымсыз техникалық және гуманитарлық көмек көрсетеді. Қазақстанның қаражатына Талукан – Құндыз – Ширхан – Бандар автожолы қайта салынды. Қазақстанның көмегі есебінен мектеп пен аурухана тұрғызылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда “КаzAID”-тың дамуына ресми және техникалық тұрғыдан көмек көрсету жөніндегі Ұлттық агенттік құрылу үстінде. Оның қызметінің басым бағытының бірі Ауғанстандағы жобаларды жүзеге асыру болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұдан әрі де Қазақстанның Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалпына келтіруге әлеуметтік және білім беру бағдарламалары мен жобаларына, азық-түлік пен жанар-жағармай жеткізу түріндегі гуманитарлық көмекке ден қою арқылы жәрдемдесе беретінін атап өтті. Сонымен қатар, ол өңірлік дамудың есірткі өндірісімен және есірткі тасымалымен күрес мәселесі сияқты сын-қатеріне назар аударды. Қазақстан Президенті өңірлік тағы бір маңызды мәселе халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің қатері болып қала беретінін атап өтті. Ауғанстан террорлық және экстремистік әрекеттің көзі және оны соның ішінде, көршілес елдерге де таратушы болуды жалғастырып отыр. Мемлекет басшысы бұл конференция Ауғанстан үшін маңызды осы кезеңде “шешуші сәтке” айналуға тиіс екендігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев конференцияға қатысушыларға форумды қуаттап-қолдағандары, саяси диалогқа қосқан үлестері үшін алғыс айтып, жұмыстарына жеміс тіледі.