«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮМЕНДІК КӘСІПКЕРЛЕР қызылжарлық әріптестерімен қауышты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Кеше С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың баспасөз орталығында байланыс биржасы аясында Ресейдің көрші Түмен облысынан келген іскерлік делегациясымен әріптестік кездесу өтті. Оған Қызылжар өңірінің бірқатар кәсіпкерлері қатысып, бірлесе жұмыс істеуге келісім жасады.

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Кездесуді ашқан Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Тотыкамал Құлжанова екі өңір арасындағы әріптестік қатынас тұрақты да орнықты сипатқа ие болып, өзара сауда-экономикалық байланысты дамытуға мүдделілік танытылып отырғандығын атап айтты. Оны іскер делегациясының екіжақты қарым-қатынасынан да байқауға болады.  

 

Қазір бизнес Кеден одағы аясында 170 млн. адамды қамтитын бірыңғай нарықты пайдаланады. Кәсіпкерлер бәсекеге қабілетті болу үшін оны белсенді түрде игеріп, өз өндірісін дамытуға тиіс. Мемлекет “Өнімділік – 2020”, “Экспорттаушы – 2020”, ”Бизнестің жол картасы – 2020” сияқты бағдарламалар аясында отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдау бойынша тұтас кешенді шаралар қарастырған. Өткен жылы облыста инвесторларды қолдау және олардың жобаларын алға жылжыту мақсатында инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылды. Өңірдегі Бизнестің жол картасын жүзеге асыру үшін өткен жылы 928 млн. теңге бөлінсе, биыл ол 1 млрд. теңгеден асып отыр. Сөйтіп, бизнес өкілдеріне жәрдем-қаржыландыру, кредиттерге кепілдік беру және өндірістік инфрақұрылымдарды дамыту түрінде қолдау көрсетіледі.

Солтүстік Қазақстан облысы дүниежүзінің 70 елімен сыртқы экономикалық байланыс жасайды. Өткен жылы олармен тауар айналымы 1,2 млрд. АҚШ долларын құрады, оның төрттен бірі – экспорт. Тауар айналымының 60 пайызы көршіміз Ресей Федерациясына тиесілі. Оған біздің облыс, негізінен, бидай, қиыршықтас, электроқшаулағыш материалдар экспорттайды. Ресейден бірінші кезекте мұнай өнімдері, құрал-саймандар мен көлік құралдары әкелінеді.

Түмен облысының экспорт пен инвестицияны дамыту орталығының басшысы Андрей Ермаков пен “Түмен-Қазақстан (Батыс Сібір-Қазақстан) іскерлік достастығын дамытуға қолдау көрсету орталығы” қоғамдық ұйымының төрағасы Есенғали Ыбыраев көрші облыстар арасындағы байланыс жылдан-жылға нығайып келе жатқандығына тоқталып, өздері бастап келген делегация мүшелерімен таныстырды.

“Дом и Ко” өндірістік-құрылыс компаниясының бас директоры Николай Ковальдің айтуынша, өзі басқаратын ұжым ағаштан тез тұрғызылатын үйлер жасаумен және жабдықтаумен айналысады. Бір және екі қабатты ғимаратқа негізінен жұмыр және төрт қырлы бөренелер пайдаланылады. Николай Николаевич өз өнімдерін өткізу үшін облыста компанияның өкілдігін ашуды мақсат етіп отырғандықтарын атап айтты.

Олег Лисовец басқаратын “ГорВодСтрой” компаниясы жерасты коммуникация құрылысымен айналысады. Осызаманғы шетелдік озық техникалармен қаруланған бұл компания да облыс орталығында қосалқы-мердігерлік жұмыс жүргізуге мүдделі екендігін байқатты.

Осы күні “Ялуторовск механика зауыты”, “Эра – 98”, “Дорстрой-Инвест” сияқты компаниялардың 14 өкілі солтүстікқазақстандық әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға әзір екендіктерін танытты.

Кездесудің екінші бөлімі тікелей екіжақты келісім жасауға, өз кәсіпорындарының мүмкіндіктерімен таныстыруға арналды.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp