«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сенбі күні облыстық Ішкі істер департаменті әкімшілік полиция қызметкерлерінің семинар-кеңесін өткізді. Бұл жиын учаскелік инспекторлардың жұмыс сапасын арттыру және кәмелеттік жасқа толмағандар қылмысының алдын алу тақырыптарына арналды. Жиынға облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш органның атқарған жұмыстары жайлы хабарлама жасаған департамент басшысының орынбасары Серік Идирисов атап көрсеткендей, соңғы жылдары учаскелік инспекторлардың жұмыс сапасын жақсартуға мемлекетіміз баса назар аударуда. Құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсара түсуде. Алдын алу шараларының тиімділігінің арқасында кейбір қылмыс түрлері азайған. Мәселен, ауыр қылмыс жасау фактісі – 32 пайызға, ауыр дене жарақаттарын жасау қылмысы – 10 пайызға, ұрлық-қарлық – 21 пайызға, бұзақылық фактілері 31 пайызға төмендеген. Ішімдіктің салдарынан қоғамдық ортада әдепсіздік көрсеткен 5217 адам тәртіп сақшыларының назарына ілігіп, оларға тиісті шаралар қолданылған. Алайда, кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер қылмысы азаймай отыр. Жыл басынан бергі үш айдың ішінде-ақ олардың 25 қылмыстық әрекеті тіркелген. Жоғары, орта және орта арнаулы оқу орындарының бірқатары алдын алу шаралары үшін учаскелік инспекторлармен жұмыс істемейтіндігі, қаладағы оқыту ғимараттарының көбінде ішкі және сыртқы бейне бақылау қойылмағандығы айтылды. Түнгі ойын-сауық орталықтарында тіркелген кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысы көбейіп кеткен.

 

 

2011 жылғы дерекпен салыстырғанда, былтыр кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысы 28 пайыздан 40 пайызға дейін көтерілген. Бүгінде 718 жеткіншек тәртіп қорғаушылардың қара тізімінде тұр, деді хабарламашы.

Сондай-ақ жиында қылмыстың алдын алу шараларын нәтижелі ету үшін жергілікті биліктің бірқатар қолдауының қажет екендігі сөз болып, онда тұрғылықты баспанасы жоқ адамдарға арналған мекеменің керек екендігі, кейбір аудандарда тірек қосындарын орналастыратын ғимараттың табылмай отырғандығы, сондай-ақ учаскелік инспекторлар қызметіне білікті мамандарды тарту үшін полицейлерді жалгерлік үй кезегіне тұрғызу туралы айтылды.

Облыс әкімі Самат Ескендіров өз сөзінде құқық қорғау органдары азаматтардың конституциялық құқығын сақтай отырып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қылмыс пен тәртіп бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізе отырып, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтатын және өңірдің экономикалық- әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосатын сала деп атап көрсетті. Сондықтан департамент жергілікті билік және басқа атқарушы органдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, ел тыныштығын баянды ету үшін ішкі істер органдарына қолдан келгенше мүмкіндік жасалатынын айтты.

Одан әрі өңір басшысы ішкі істер органында абыройлы еңбек етіп жүрген бірнеше қызметкерді салтанатты түрде марапаттады. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы учаскелік инспекторлар Денис Схабиковскийге (Тайынша ауданы), Қанат Төлендиновке (Айыртау ауданы), Талғат Дайыровқа (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан) және Петропавлдағы қоғамдық қор кеңесінің төрағасы Иван Бурбахқа табыс етілді. Сондай-ақ бірнеше қызметкер Алғыс хатқа ие болды.

Жиынды әрі қарай жалғастырған департаменттің басшысы, Мұрат Ұрұмханов учаскелік инспекторлардың жұмысына егжей-тегжейлі тоқталды. Жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қараған қызметкерлерге жоғары еңбекақы тағайындап, атақ беруге қашанда дайын екендігін айтты. Жиын соңында басшы соңғы бір жыл ішінде өзінің жақсы жұмыстарымен көзге түскен полицейлерге бағалы сыйлықтар табыс етті.

 

Суреттерді түсірген Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp