Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық
филиалының төрағасы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде: “Ассамблеяның ең басты міндеті – еліміздегі қоғамдық келісім. Ал ұлтаралық татулық мәселесі – Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес.
Халқымыз “Тар жерде табысқан кең жерде келіседі” демейтін бе еді?! Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды”, – деп атап көрсетті. Саналы азамат үшін сүйектен өтетіндей салмақты да салиқалы сөз емес пе?! Соны айғақтайтын сандаған мысалдарды күнделікті өмірде өз көзімізбен көріп жүрген жоқпыз ба?! Күні кешегі сессия мінбесінен айтылған атақты спортшымыз Геннадий Головкиннің “Мен – қазақпын!” деген сөзі кімді сендірмейді?! Былтырғы Лондон Олимпиадасында Қазақстанның Мемлекеттік туын алты мәрте аспанға көтеріп, алты мәрте Мемлекеттік Гимнімізді асқақтата шырқатқандар да өзге этностардың өкілдері болғандығы, тіпті, жетінші алтын медальді қанжығамызға байлаған қаһарман боксшымыз Серік Сәпиевтің әкесі қазақ болғанымен, анасы басқа ұлт өкілі екендігі де Елбасымыз айтқан “өз бауырларымыз” деген ғажап ұғымның құдіретін аңғартпай ма?! Әлбетте, бұл сонау Кеңес Одағы құлап-қирап, ата-бабаларымыз арман еткен Тәуелсіздік қолымызға тиген қиын-қыстау заманда тәуекелге бел буып, егемен еліміздің билік тізгінін өз қолына алып, Қазақстанды жиырма жыл ішінде дүнижүзіне кеңінен танытып, барыс бейнелі, қуатты мемлекетке айналдыра білген кемел Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлік саясатының досты сүйіндіретін, дұшпанды күйіндіретін мәуелі жемісі екендігі күмәнсіз.
Елбасымыздың “ел иесі” деген сөзіне де, біз, қазақтар, жете мән беруіміз керек. Өйткені, әсіресе, басқа ұлт өкілдері әлі де көпшілік болып отырған біздің Қызылжар өңіріндегі кейбір қандас ағайындарымыз заман өзгергендігін, өздерінің енді ел иесі екендіктерін, мемлекет құраушы ұлт өкілдері болып табылатындықтарын жете ескермей, ескі психология жетегіне еріп, кейде жөнсіз ұлттық қызбалық пен кіжінушілікке ұрынып жүргендігі жасырын емес. “Бақай есеппен” саяси ұпай жинап жүрген неше түрлі саясаткерсымақтардың “айтақтарына” еріп, сабырмен, ақылмен, асықпай шешетін, нәзік мәселелерді қолданыстағы заңнаманы белден басып, “көзсіз батырлықпен” шешуді қолдап, күңкілдеп те, күжілдеп те шыға келетіндер үлкендеріміздің де, жастарымыздың да арасында андасанда бой көрсетіп қалады. Тіпті, ертеңгі қоғамдық ой көшін бастайтын “үкілі үмітіміз” деп, сахна төріне шығарып жүрген жас талап айтыскер ақындарымыздың қайсыбіреулері де қыза келе, жұрт алдында басқа ұлт өкілдерінің көңілдеріне келетіндей оғаш сөздер, орынсыз пікірлер айтып, өздерінің саяси өрелерінің төмендігін көрсетіп алып жүргендігі ойландырмай қоймайды.
Біз ел иесі ретінде басқа ұлт өкілдерін ешқашан кеуделерінен итермей, дана халқымызға ежелден тән кеңдігімізбен бауырымызға тартып, кез келген көкейкесті мәселені “кең жерде келісіп” шешсек қана ұтамыз. Аллаға шүкір, Тәуелсіздік жылдарында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болып, бәрі де біртіндеп шешіліп, өз орнына келіп жатқандығын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар көріп, біліп отыр. Мәселен, кеңес өкіметі тұсында Қызылжар өңіріндегі қазақ ауылдарында жабылып қалған қазақ мектептерінің барлығы қалпына келтірілді. Қазір облыстағы қазақ балаларының 65 пайызы өз ана тілінде білім алып жүр. Бұл көрсеткіш 1990-1991 оқу жылында 25-ақ пайыз болатын. Петропавл қаласында бұрын жалғыз-ақ қазақ мектеп-интернаты болса, қазір 6 таза қазақ мектебі, 15 аралас мектеп бар. Бұған қоса, бұрын бірде-бір қазақ тіліндегі мектепке дейінгі білім мекемесі болмаған облыс орталығында бүгінде 2 қазақ балабақшасы жұмыс істейді. Былтырғы жылы ашылған “Алтын бесік” қазақ балабақшасындағы 320 бүлдіршіннің 75-і басқа ұлт өкілдерінің балалары екендігін де айта кеткен жөн. Бұл – олардың ата-аналарының Елбасының: “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!” – деген ұранына үн қосқандығының және өз тағдырларын Қазақстанмен мәңгілікке байланыстырғандығының белгісі. Міне, біздің облысымыз бен Петропавл қаласында тіл саясатын жүзеге асыру ісі алдағы уақытта да осылай жалғастырыла берсе, нұр үстіне нұр.
Елбасы: “Қоғамдық келісім бүкіл халық өмірінің басты қағидаты болуы тиіс. Ассамблеяның туы астында барлық өңірлерде Қоғамдық келісім кеңестерін жасақтауды тапсырамын”, – деп нақты тапсырма берді. Біздің облыста да құрылатын Қоғамдық келісім кеңесінің құрамына әртүрлі этностардың ішіндегі беделді де, білімді, бүгінгі таңда халқымызды біріктіруші басты фактор болып табылатын қазақ тіліне шынайы құрметпен қарайтын, ортақ шаңырақты сыйлай білетін, нағыз зиялы азаматтар кіргізіледі деп сенеміз.
Елбасымыз айтқандай, қоғамдық келісім ұғымының ауқымы кең. Бұл орайда біздің өңірде ойланып-толғанарлық мәселе де жоқ емес. Айталық, “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?” демекші, соңғы он жылда облысымыздың тұрғындарының саны 120 мыңға кемігендігі нені аңғартады? Жыл сайын дәнді дақылдардан рекордтық өнім алып, тіпті, ең астықты өңір саналатын Қостанай облысынан да озып кеттік деп кеуде қаққанымызбен, орташа еңбекақы жөнінен елдің ең соңында қалып қойғанымыз қалай? Бұл, шындығын айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысы ең кедей өңір дегенді білдірмей ме? Осы тұрғыдан қарағанда, облысымыздың жаңа әкімінің орташа еңбекақыны көтеру жөніндегі бастамасын біздің облыс үшін ең көкейкесті бастама ретінде қарастырып, оған жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Осы жөнінде 2008 жылы облыстық мәслихат сессиясында қолдау тапқан Есіл аудандық мәслихаттың депутаты, “Азия-Тораңғұл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Петр Гольцердің жақсы бастамасы ұмыт қалғаны өкінішті-ақ. Жергілікті халық қалаулылары сол бастаманы еске түсірсе және осынау игілікті істен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері де шет қалмаса, құба-құп.
Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде: “Қазіргі заманғы қазақтар ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс”, – деп осынау тарихи кезеңде қазақ азаматтарының мойнына жүктелетін айрықша міндетті айқындап берді. Ендеше, қай мәселеде болсын, өзгелерге өнеге көрсету – ұлттық парызымыз екендігін есімізде ұстайық, ардақты ағайын!