«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚШ-та ОҚЫП ЖҮРГЕН АЛТЫНБЕК — ауыл мектебінің түлегі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жерлесіміз Алтынбек Малибаев – АҚШ елінің Колорадо университетінде телекоммуникация мамандығы бойынша білім алып жатқан жастарымыздың бірі. Ол Есіл ауданындағы Тауағаш орта мектебін үздік аяқтаған болатын. Талапты бала мектепте оқып жүріп, талай аудандық және облыстық олимпиадаларға қатысып, топ жарып, жеңімпаз атанған.
Алтынбектен Американың оқу жүйесі туралы сұрап білдік.

 

– Алтынбек, туған жеріңнен жырақта, дүниенің арғы шетінде өмір сүріп, білім алу оңай ма?

– Менің ойымша, өмірде жеңіл ештеңе жоқ. Дүниежүзіндегі ең мықты деген ғалымдардан дәріс алуым маңдайыма жазылған үлкен бақыт деп білемін.

– Сіздің оқушы кезіңізден-ақ ойын қуып жүрмей, көп уақытыңызды білімге арнағаныңызды білеміз. Балалық шаққа деген сағыныш, өкініш жоқ па?

 

– Жоқ. Біреуді – оқу, біреуді – спорт, біреуді өнер қызықтырады. Жалпы мектеп қабырғасында үздік оқыдым, барлық пән қызықтыратын. Ұстаздарымның, ата-анамның үмітін ақтап, оқуымды жақсы аяқтап, тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосқым келеді. Бұл әрбір жастың көкейінде бар үлкен мақсат деп ойлаймын. Оқуымды бітірген соң ғылыммен айналыссам, елге пайда әкелетін тамаша бір ғылыми жаңалық ашсам деп армандаймын.

– Сіз “Болашақ” бағдарламасы аясында сырт елде білім алып жүрсіз. АҚШ-тың Колорадо университетін таңдауыңызға не себеп болды?

– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де бакалавриатта оқып жүрген кезімде өзімнің мүмкіндіктерімді саралай келіп, білімі сапасына сай Америкадағы ең беделді университеттердің біріне оқуға түссем деп армандадым. Ғаламтордан қараған ақпаратым бойынша Колорадо университеті әлемдегі телекоммункациялық мамандарды даярлаудан алдыңғы қатарлы университет екендігін түсіндім. Ол әлемдегі үздік 30 оқу орнының қатарына кіреді. Сонымен қатар менің Колорадо университетін бірден таңдауыма осы жердің климаты, қаланың аса қымбат еместігі ықпал етті. Бұл жерде телекоммуникация мамандығын таңдаған студенттерге саясат және экономиканы тереңдете оқытады. Өйткені, үлкен жобалар маманның осы үш жақты қамти отыра шешім қабылдауын талап етеді. Сонымен қатар елімізде үлкен ауқымда сымсыз желі қызметін көрсете алатын мамандар тапшы. Сол себепті де мен аталмыш мамандықты таңдадым.

– “Көз – таразы, көңіл – қазы” демекші, шетелдегі студенттік өмір ұнай ма?

– Ұнайды немесе ұнамайды деп кесіп айту қиын. Шынымды айтсам, оны ойлауға да уақыт жоқ. Таңертеңнен кешке дейін тек оқу, дәріс, семинар, тапсырмаларды орындап, бәріне үлгеру үшін жанталасасың. Оқыту жүйесі де басқаша. Мысалы, біздегідей дәріске, семинарға кімнің келген-келмегенін ешкім тексермейді. Профессор “Online” жүйесі арқылы әр студентіне лекцияларын жібереді. Оқып, зерттеп, түсінуің керек. Талап қатаң, ештеңеге мойын бұра алмайсың. Университетте тәртіпсіздік, ұрлық, бос жүру деген атымен жоқ. Өйткені, барлық адам өзіне тиісті дүниемен жақсы қамтамасыз етілген. Компьютеріңді, заттарыңды кез келген жерге қойып кете бересің. Қанша тұрса да ешкім оған назар аудармайды, яғни ұрламайды. Кампустың (университет қалашығы) маңайында арақ ішпек түгілі, шылым шексең, кешірмейді, тіпті, оқудан шығаруға дейін барады.

– Тұрғын үй мәселесі қалай шешілген?

– АКШ-та студенттердің басым бөлігі үй жалдап тұрғанды ұнатады. Мен де екі досыммен үй жалдаймын. Америкада оқитын қазақстандық студенттерді пәтерақы мен оқу бағасы қатты алаңдатады. Себебі, мұнда жылжымайтын мүлік пен оқу бағасы қымбат. Орташа есеппен алғанда тоғыз ай оқуға және үй жалдауға үшеуімізден 45 мың доллар кетеді.

– Ол жақта студенттерге қандай жеңілдік қарастырылған?

– Студенттерге арналған жеңiлдiк баршылық. Қоғамдық көлiкте студенттер жыл бойы тегін жүреді. Университет жаңадан оқуға түскен студентке қала және оқу жайында мағлұматқа толы мұқаба бередi. Сол мұқабаның ішінде кейбір кино және театрларға бір рет кіруге тегін билет таратылады. Студенттің жақсы білім алуына университет тарапынан бар жағдай жасалған. Тiптi, балалы студенттерге арнайы балабақша да бар.

– Шетелдік достарыңызбен қай тілде сөйлесесіздер?

– АҚШ-қа алғаш келгенімде өзіміздің қазақ студенттері жақсы қарсы алып, жол көрсетті. Ең басты қиындықты тілден көрдім. Ақ нәсілділерді түсіну оңай болғанымен, афроамерикалықтарды және басқа ұлттар өкілдерінің акценттеріне үйрену көп уақытты талап етеді. Сондықтан шашымды тек афроамерикалық шаштаразшыларға алғызып, олардың әңгімесін тыңдап жаттықтым. Таныстарыммен ағылшын тілінде еркін сөйлесеміз. Жақсы араласатын балалардан Олжас Баянов пен Самат Беков деген азаматтарды атап кетуге болады. Самат мұнай және газ мамандығы бойынша Колорадо штатының Colorado School of Mines деген университетінде оқиды. Олжас Pennsylvania State University-да тәлім алады. Самат – Атыраудікі, Олжас – Ақтөбенікі. Үшеуміз Пенсильвания университетінде (University of Pennsylvania) тілдік курстан өткенбіз.

– Шетелдік университет біздікінен несімен ерекшеленеді?

– Бастысы – еркiндiгiмен ерекшеленеді. Өзiңе қажет нәрсенi өз еркiңмен оқисың. Сессияда эссе жазатын болсаңыз не реферат дайындасаңыз, тақырыпты семинарға байланысты таңдауға құқығыңыз бар. Тiптi, емтихан түрiн, уақытын да өзiңiз белгiлей аласыз. Сессияны семестрдiң алғашқы апталарында жауып тастауға болады. Кейбiр профессорлар алдын ала қанша кiтап қолдану керек екенiн айтады. Және де мұндағы университеттiң жабдықтары ұнайды. Мысалы, кiтапханадағы кітап қорының байлығы, ондағы ғаламтор арқылы дүниежүзiндегi үздiк ғылыми дерекқорларға еркiн кiру мүмкiндiктерi, магистратуралық диссертация жазуға арналған кiшкентай, бiр адамдық бөлмелер, өзiңмен алып жүретiн кiлттi кiшкентай жеке шкафтар бар, cпорттың түр-түрiнен секциялар ұйымдастырылған.

– Сіз оқып жатқан университетте елімізден барған студенттер қай мамандықты жиі таңдайды?

– Колорадо университетіне Қазақстаннан барған студенттер көбіне компьютерлік ғылым, электрикалық инжиниринг және мұнай-газ ісі мамандықтары сияқты техникалық мамандықтар бойынша білім алуда.

– Ал біздің студенттер мен шетелдік студенттер арасында қандай айырмашылық бар?

– Мұндағы студенттерден жан-жақты iзденiс байқалады. Профессорлармен пiкiрталасып, тiптi қатесiн түзеп, сын айтып, ойын еркiн жеткiзе бiледi. Колорадода кiтап оқу ерекшелiкке жатпайды, мұнда студент болсын, болмасын кiтап оқитын адамдар көп. Кейбiр студенттердiң жасы менiң әкемнен әлдеқайда үлкен. Бiрақ олардың бойынан бiлiмге құштарлықты байқауға болады.

– Университеттегі оқытушыларыңыз туралы айтсаңыз?

– Жалпы университетімізде осал профессор жоқ. Бірақ та индустрия саласында тәжірибесі бар профессорлардың сабағы анағұрлым сапалы болады. Ұстаздарым – өте қарапайым кiсiлер. Көбi бiрiншi семинарда өзiмен “сiз” емес, “сен” деп сөйлесуге рұқсат бередi. Сабақ өткiзу тәсiлдерi де әртүрлi. Бiреуi таныстырылым дайындап келсе, екiншiсi жазда семинарды аулада жасыл желекте, малдас құрып отырып өткiзеді. Сабаққа кеш келіп, тамақ жеп, шай iшiп, “iPad” арқылы ғаламторда отырсаң да, профессор оған аса мән бермейдi. Тек семестр соңында тақырыпты түсiнiп, емтиханнан өтсең болды. Өзiн зорлап сыйлатпайды және де сабақты зейiн салып тыңдау сыйластықтың кепiлi деп санамайды. Ең басты ерекшілік – профессорлар “плагиаризм” мәселесіне өте қатты көңіл бөледі. Басқаша айтқанда, бұл жерде көшіріп тапсыру дегенді ұмыту керек. Сондай-ақ мұндағы кредиттік жүйе студентке оқуын күзде немесе көктемде бастауына мүмкіншілік береді.

– Қазір шетелдерде білім алған қазақстандық жастардың арасында туған жерге оралмай, сол жақта қалғандары бар. Тіпті шетелдің қыз-жігіттерімен тұрмыс құрып жатады. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Қазақта “Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген сөз бар. Меніңше, шетелде білім алып, ол жақта қалған жастар түптің-түбінде елге оралады. Оларды мемлекет оқытты, қаншама қаражат жұмсалды. Енді олар елге келіп, қызмет көрсетулері тиіс қой.

– Өзіңіз ше?

– Жоқ, мен ол жақта қаламын деп айта алмаймын. Әрине, кейбір жағдайларда ол жердің бірқатар артықшылықтары бар. Дегенмен, мен үшін өз елім қымбат. Өйткені, Қазақстан – менің атамекенім. Атамекеннің бір уыс топырағын дүниенің қандай да бір кереметіне айырбастай алмаймын. АҚШ-тағы артықшылық дегенім – бұл жерде бәсекелестік басым. Жұмыста да, оқуда да жанталасқан, алға ұмтылған жұрт. Сосын Америкада тамыр-таныс арқылы оқуға түсіп, көңілің қалаған жұмысқа орналасу деген атымен жоқ. Еңбек, тек еңбек арқылы ғана бағаланады. Сосын бойыңда талант пен талап болу керек. Тәжірибелі маман болсын, оқуды жаңа бітірген жас болсын – бәріне бірдей талап қойылады. “Мынау жас екен, әлі үйренеді” немесе “жұмысқа жаңа орналасты, үйреніп кетеді” деген пікір жоқ.

– Америкада сабақтан бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Қазақстандағы сияқты көп мереке жоқ. Бос уақыт тек семестр араларында ғана болады. Ол кезде басқа студенттермен АҚШ-ты аралап немесе басқа штаттарда оқитын студенттермен кездесеміз. Әсіресе, Америкада Наурыз мейрамы өте жақсы тойланады. Ол кезде АҚШ-тың барлық штаттарынан қазақстандық студенттер жиналып, ұлттық мейрамды бір жерде атап өтеді.

– Қазір Қазақстанда білім алып жатқан жастарға, замандастарыңызға не айтар едіңіз?

– Қиындықтан қорықпау керек. Алдыңа мақсат қойдың ба, соның биігіне шығуға бар күш-қайратты жұмсау керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың терең білім алуы үшін көп мүмкіндік жасап отыр. Сондықтан жас кезде өнер мен білімге ұмтылған дұрыс.

– “Талаптыға нұр жауар” демекші, арманыңызға жетіңіз, Алтынбек!

Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp